Мандаттың бәрі «Аманатқа» бұйырды
Кешеден бері әлеуметтік желі Оңтүстікте (Түркістан облысы мен Шымкентте деп түсініңіз) өткен сайлаудағы заңсыз әрекеттер, сорақылықтар туралы видеолардан босамай тұр.
Жәшікке бюллетеньдерді топтап тастау, оларды санау кезінде қасақана бұра тарту, үміткерлерді хаттамамен таныстырмау сияқты келеңсіздіктер… Таңғалатын ештеңе жоқ. Бұған дейін де көз үйренген көріністер ғой. Таңғалсаңыз, «бұл сайлау әділ өтеді» деген биліктің уәдесінің, халықтың сенімінің айналдырған бірнеше сағатта күл-талқаны шыққанына таңғалыңыз.
Шымкентте мәжіліс пен мәслихат сайлау басталмай жатып, шу шықты. Фейсбукте әлі өтпеген сайлаудың қорытындысы бойынша түзілген хаттама жарияланып, елді елең еткізді. Сенбіден жексенбіге қараған түні әлеуметтік желіде бас-аяғы 16 минуттан тұратын видео пайда болды. Видеода дауыс берудің қорытындысы бойынша жазылған сайлау учаскесінің хаттамасы көрсетіледі. Оның сыртында бейтаныс ер кісі мен әйел арасындағы әңгіменің аудио жазбасы берілген. Екіарадағы әңгімеде әйел хаттаманың алдын ала түзіліп қойылғанының дұрыс еместігін, мұндай жағдайдың бұрын болмағанын айтып жатады. Осыдан кейін мәжіліс сайлауына түсіп жатқан кандидаттар түн ішінде әлеуметтік желі арқылы президентке үндеу жариялап, сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз етуді сұрауға көшті.
Алайда Шымкент қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев арнайы мәлімдеме жасап, видеоның шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Оның айтуынша, видеороликте көрсетілген құжаттар мыжылған және оларға ешқандай қолтаңба мен мөр қойылмаған.
— Роликте көрсетілген мәліметтерді провокация деп есептейміз, – деді төраға.
Алайда, бізге белгілі болған ақпараттарға қарағанда, мөр басылып, қол қойылмағанымен хаттамадағы үміткерлердің, комиссия мүшелерінің аты-жөндерінде ешқандай қателік жоқ көрінеді. Сонда бұл провокацияны жасап отырған кім?
Бұл жолғы сайлаудың бір ерекшелігі – дауыс берушілердің қарасы өте аз болды. Мәселен, өзіміз Шымкенттегі Таскен шағын ауданындағы №103 мектепте орналасқан №237 сайлау учаскесіне сағат 11-лердің кезінде барып, дауыс бердік. Сайлау учаскесінің төрайымы Балжан Құртаеваның айтуынша, 2634 сайлаушының осы уақытқа дейін 200-дейі дауыс берген. Бұл дегеніңіз, жалпы, сайлаушылардың 10 пайызына да жетпейді. Ал сағат 12.10-да Орталық сайлау комиссиясы Шымкентте дауыс беру көрсеткішін 19 пайыз деп жариялады. Сайлау аяқталған соң, ол 45 пайызға жетті. Бірақ бұл да бұған дейінгі сайлаулармен салыстырғанда, өте төмен. Сайлауға 70-80 пайыз қатысатын Түркістан облысындағы көрсеткіш 53 пайыздан асқан жоқ. Мұны немен түсіндіруге болады?
Бұл жолы бірмандаттық округ бойынша мәжіліске Түркістан облысынан – 3, Шымкент қаласынан – 2 депутат сайланды. Алдын ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда, бұл жолы мәжіліс мандатының бәрі «Аманат» партиясының атынан түскен кандидаттарға бұйырды. Тоқаевтың «Әділ Қазақстанына» сенім артып, додаға қатысқан қоғам белсенділерінің, жалынды жастардың ешқайсысы өтпей қалды.
Сол баяғы сайлау, сол баяғы сценарий.