Маңғыстау әкімі Нұрдәулет Қилыбай жеке өміріне қатысты дауға пікір білдірді
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өзіне қатысты резонансты жағдайға алғаш рет ашық пікір білдірді.
Бұған дейін экс-депутат Ынташ Наурызова әлеуметтік желілерде Н. Қилыбайдан 2022 жылы туған ұлы бар екенін мәлімдеп, баланың әкесі оны мойындамай отырғанын айтқан еді.
2024 жылдың тамыз айында сот Нұрдәулет Қилыбайды баланың биологиялық әкесі деп танып, алимент төлеуге міндеттеді. Алайда аймақ басшысы журналистерге берген жауабында бұл жағдай бұқаралық ақпарат құралдарында бұрмаланып берілгенін алға тартты.
«Кейбір әріптестеріңіз сот мені ДНҚ-тест арқылы мәжбүрлеп баланы мойындатқандай жазды. Бұл шындыққа жанаспайды. Дұрысы – мен өзім сотқа жүгініп, баланы заңды түрде тану туралы өтініш білдірдім. Қазір заңға сәйкес алимент төлеп отырмын», - деді әкім.
Сонымен бірге ол баланың дүниеге келуін «жастық шақта жіберілген қателік» деп атады. Н. Қилыбайдың айтуынша, ол ұлымен араласпайды.
«Иә, ондай жағдай болды. Өкінемін. Бұл кезінде жіберілген қателік. Өткенді қайтару мүмкін емес. Қазір менің басты міндетім – өңірдің дамуына жұмыс істеу», - деп мәлімдеді ол.
Сол жиында әкім өзінің ай сайынғы жалақысын да ашық айтты. Нұрдәулет Қилыбайдың сөзінше, оның еңбекақысы 1 миллион 900 мың теңгені құрайды.
Айта кетейік, Ынташ Наурызова бұл мәселені алғаш рет 2024 жылдың мамырында Н. Қилыбай Маңғыстау облысының әкімі қызметіне кіріскен кезде көтерген. Ол баланың 2022 жылы туғанын және әкесі – қазіргі әкім екенін мәлімдеген. Алайда ол кезде Н. Қилыбай бұл ақпаратты жоққа шығарған.
Кейінірек, маусым айында Наурызова Президент атына ашық хат жариялап, әлеуметтік желілерде әкім баласын мойындаудан бас тартып қана қоймай, өзіне қысым көрсеткенін де айтқан.
Ақыры сот процесі өтіп, Қилыбайдың өзі талап еткен ДНҚ-тест нәтижесі бойынша баланың әкесі екені анықталды. Осылайша, ол ресми түрде әкелік міндетін мойындап, алимент төлеуге міндеттелді.