Маңғыстауда жас сарбазға қатысты резонансты оқи бойынша қылмыстық іс қозғалды
Қыркүйек айында Маңғыстаудың Бейнеуіндегі №99116 әскери бөлімінде бір емес, жеті жас сарбаз қолының тамырын кесіп, суицид жасап, психиатриялық ауруханаға түсті.
Әскерилер мұны «психикалық ауытқу» деп түсіндірді. Алайда ата-аналар бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Жас сарбаздың анасы Лаура Шынтемірова әскерде ұлына жыныстық зорлық көрсетпекші болғанын, сондықтан ұлы өзіне қол салғанын мәлімдеді. Кейіннен ол сотқа да жүгінген. Бірақ нәтиже болмаған. Министрлік жас сарбазды Астанада емдеп, үйіне диагнозбен қайтарып жіберген.
Жақында Маңғыстау гарнизонында қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұл туралы ақпаратты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды Lada.kz.
Әскери ведомство өкілдері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты.
Jas Alash көтерген мәселе
Айта кетейік, Лаура Шынтемірова Jas Alash Youtube арнасына берген сұхбатынан кейін, бұл мәселе қоғамда кеңінен талқылана бастады.
Бейнеу ауданындағы №99116 әскери бөлімінде алдымен үш сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені айтылып, кейін мұндай жағдайға жеті сарбаз тап болғаны әшкереленді. Бәрі де қолының тамырын кесіп, суицид жасауға тырысқан. Олардың үшеуі дәрігерлердің бақылауында қалып, өзге төртеуін ата-анасы үйіне алып кеткен.
Кейіннен Қорғаныс министрлігі осы дауға қатысты ресми тексеріс қорытындысын жариялады. Министрліктің мәлімдеуінше, бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп, куәгерлерден жауап алынған, алайда «әскери тәртіпті бұзу белгілері анықталмаған». Сарбаздардың өздері берген түсініктемелер «өзара қайшы және жиі өзгеріп отырған» деп көрсетілген. Алайда сарбаздардың ата-аналары бұған қарсы. Лаура Шынтемірованың айтуынша, ұлы әскери бөлімде сексуалдық сипаттағы зорлық көріп, психологиялық күйзеліске түскеннен кейін өзіне-өзі қол жұмсамақ болған.
«Оған, әрине, қазір дәлел жоқ. Куәгерлердің бәрі бас тартты. Имитов деген сержанттың ант беруге барған кезінде басқа да аналарға қырындап жазғаны бар. Егер біздің балаларымыз жынды болса, ант беруге дейін-ақ олардың диагноздары анықталар еді. Ондай ауру анықталған жоқ. Камераларды көрсетуді талап еткен едік, «істемейді» деп жауап берді. Енді кеше олар журналистерге сұхбат беріп отыр. Олардың айтуынша, камералар істейді екен, әскерде зорлық-зомбылық жоқ екен. Егер армияда зорлық жоқ болса, балалар өлмес еді, ауру болмайтын еді. Қазір барлық құрамды тексеру қажет, жалған ақпарат беруді тоқтату керек. Балам жыныстық зорлық жасамақшы болғаны туралы айтты. Сондықтан өзіме қол жұмсадым деді. Мойнынан ұстап, желкелеп тұрып «сор» деп, шалбарын жартылай шешіп көрсеткен. Оны әскери полиция тексеріп, жоққа шығарды. Мойындамай отыр. Әрине, адам деген сотталмауы үшін мойындамайды ғой», – дейді жас сарбаздың анасы.
«Кіші дәретке шығармай қинайды»
Л.Шынтеміровакомандирлер баланы ұрып-соққанын мойындағанын, басшы Әшірбеков кешірім сұрағанын айтады. Ол жас сарбазды әскери киімнің жағасын дұрыс тікпегені үшін ұрғанын айтқан. Баласының әскерге барған кезде небәрі 18 жасқа жаңа толғанын, ине-жіпті дұрыс ұстай алмағанын, бірақ мұның ешқандай жазаға себеп болмауы керегін айтады. Сондай-ақ әскерге жаңадан барған балалар көп нәрсені білмейтінін, сондықтан оларды үйрету қажет, сарбазды әскерге бейімдеп, командирлері сабырмен тәрбиелеуге міндетті деп санайды.
Шынтемірованың сөзінше, ата-аналар зорлық болғаны туралы мәлімдеме жасағаннан кейін сарбаздарды тағы да ұрған. «Сенің анаң неге сұхбат береді?!» деп соққыға жыққан.
«Кез келген нәрсені сылтау етіп, ұра береді екен. Әжетханаға апарып қинайды екен. Кіші дәретке шығармайды. Осындай зорлықты олар камера жоқ жерде істейді, сондықтан дәлел жоқ. Екі ортада балалар зардап шегеді. Сол кемшіліктерді қолға алса, қажет болса, әжетханаға да камера қойса екен.
Балам әскерге кетпей тұрып үнемі медициналық тексеруден өткізіп жүретінмін. Денсаулығында ақау болған жоқ. Қазір тіркеуге қойып тастаған. Баламды танымай қалдым. Ашық-жарқын, күліп жүретін, қазір тұйық, сөйлеспейді, 180 градусқа өзгеріп кеткен. Ұрып-соққан, зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл соның кесірі. Маған моральдық өтемақы төлесін, баламды емдеп берсін. Сенбесе келсін, тексерсін. Жалғызбасты анамын, ақылы емханаларға апаратын қаражатым жоқ. Балам әскерге сау кеткен, енді дені сау етіп қайтарып берсін», – дейді Сұлтанның анасы.
Толық сұхбатты Jas Alash Youtube арнасынан көре аласыздар.