Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде сарбаз қаза тапты
2026 жылғы 17 ақпанда Маңғыстау облысындағы «Бейнеу» полигонында Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сарбазы қайғылы жағдайда қаза тапты.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға жоспарлы далалық атыс жаттығулары барысында болған. Қару қолдану кезінде сарбаз жарақат алған.
Аталған факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнына арнайы комиссия жіберілді. Комиссияны Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев басқарады.
Сонымен қатар, ҚР Бас прокуратурасы тергеу барысын бақылауға алатынын хабарлады.
Бұған дейін Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметші соққыға жығылғаннан кейін ауруханаға жеткізілген еді.
Қаңтар айында бірнеше сарбаз қаза тапты
- 27 қаңтарда Жамбыл облысында тағы бір сарбаздың қаза болғаны белгілі болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, мерзімді әскери қызметкер снайперлік мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген.
- 23 қаңтар күні Өскемен қаласындағы гарнизондардың бірінде қарауыл қызметін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметші қаза тапты.
Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмған. Қаза тапқан әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.
- 14 қаңтарда Қазақстан армиясында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақтау гарнизонына қарасты Оймаша әскери полигонынан қайтып келе жатқан кезде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты қызметтік КамАЗ көлігі қағып кеткен.
- 7 қаңтарда да Қазақстанның Ұлттық ұланы Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы хабарлаған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметшінің өліміне жедел лейкоз себеп болған.