Маңғыстау облысында тағы бір сарбаз кенеттен көз жұмды

Маңғыстау өңірінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаза тапты.
Hronika.kz мәліметінше, сарбаз жанармай буынан уланған.
Оқиға 2025 жылдың 6 қазанында «Үстірт» шекара бекетінде орын алған. Ресми деректерге сәйкес, кешкі сағат 21:10 шамасында бөлімше бастығы, капитан Асу К. сарбаз Еркебұлан Сағындықты жанар-жағармай сақтайтын орынға жіберген. Ол жерден сарбаз дизель генераторының радиаторын жуу үшін бензин әкелуі тиіс болған.
Сарбаз қоймада бензин буына уланып, есінен танып қалған. Сағат 21:20 шамасында оны электр-механик тапқан. Капитан алғашқы көмек көрсеткенімен, жағдайы ауыр болған.
Медицина қызметкерлерінің барлық әрекетіне қарамастан, дәрігерлер сарбаздың қайтыс болғанын растап, өлім себебі ретінде газбен улануды көрсеткен.
Қайғылы жағдай бойынша Ақтау гарнизонының әскери полициясы тергеу амалдарын бастады. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы («Қызметтік салғырттық») бойынша қозғалған.
Еркебұлан Сағындық — 2005 жылы туған, Қызылорда қаласының тумасы. Ол 2025 жылдың көктемінде әскери борышын өтеуге шақырылған.