Маңғыстау облысында жұмыссыздар билікке үндеу жасап, әділ жұмыс бөлуді талап етті

Маңғыстау облысының Қарақия ауданына қарасты Жетібай, Құрық және Мұнайшы елді мекендерінің жұмыссыз тұрғындары билікке үндеу жолдап, жұмыспен қамту орталықтарынан бөлінетін жұмыс орындарының әділ және заңды түрде үлестірілуін талап етті.
Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.
Олардың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Тұрғындар жергілікті билік өкілдерін қызметтен босатуды да талап еткен.
Видеода ондаған адамның Жетібай ауылына кіреберісте жиналғаны көрінеді. Олар қолдарына «Әділетті жұмысты талап етеміз!» деген жазуы бар үлкен плакат ұстап тұр.
Тұрғындардың айтуынша, бұл үндеу 3 сәуірде Жетібай кентіндегі мәдениет үйінде жұмыссыздық мәселесіне арналған жиналыстан кейін жасалған. Кездесу барысында пікірталас шиеленісіп, жанжалға ұласқан. Ақпаратқа сәйкес, жиналыс кезінде бір адам ашуланып, өзін жарақаттауға әрекеттенген, бірақ бұл оқиғаның нақты мән-жайы белгісіз.
Жетібай тұрғыны Айнұр Өтегенованың айтуынша, 12 мың халқы бар ауылда жұмыссыздық үлкен мәселе болып отыр.
"Келген жұмыс шынайы мұқтаж адамдарға емес, жағдайы бар адамдар арасында бөлініп жатыр. Көпшілік жұмысқа қол жеткізе алмайды. Қарапайым халық аш, олардың мұңын ешкім тыңдамайды" – деді ол.
Жиналыстан кейін тұрғындар ауылдың кіреберісіне шерулетіп барып, билікке үндеу жасаған. Олардың басты талабы – жұмыс орындарын әділетті үлестіру.
Азаттық тілшісі 4 сәуірде Жетібай ауданы әкімдігіне хабарласып, жағдайды түсіндіруді сұраған. Әкімнің орынбасары Рахат Қаратаев жиналыста бір адамның өзін жарақаттағаны туралы ақпаратты растамады. Ол жұмыссыздарға 200-250 мың теңге жалақысы бар жұмыс ұсынылғанын, бірақ олардың мұнай саласында жұмыс істеуді талап етіп отырғанын айтты. Дегенмен, жұмыс орындарының әділетсіз бөлінуі туралы сұраққа нақты жауап бермеді.
Аудандық ішкі саясат басқармасының дерегінше, 2025 жылы 12,9 мың халқы бар Жетібайда 2146 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Басқарма басшысы Дина Сайытованың айтуынша, мұнай саласына жұмысқа тұру үшін басқа елді мекендердің тұрғындары Жетібайға тұрақты тіркеуге тұруға тырысқан, бұл жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр.
Маңғыстау облысында жұмыссыздық мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Өңірде жоғары жалақысы бар тұрақты жұмыс талап еткен наразылықтар жиі болады. Жергілікті билік «барлық тұрғындарды мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес» деген ұстанымын бірнеше рет қайталаған. Дегенмен, тұрғындар биліктен нақты шешімдер мен әділдікті талап етуді жалғастырудып жатыр.