Маңғыстау полициясының басшысы "ОПГ" құрды деп айыпталды
Әлеуметтік желілерде облыстық полиция бастығы Сағындық Аяғанов пен оның орынбасарларын ұйымдасқан қылмыстық топ құруға, жалған тендерлер өткізуге және бюджет қаржысын жымқыруға айыптайтын анонимді ұжымдық хат тарады.
Құжат президентке, бас прокурорға, ҰҚК төрағасына және ішкі істер министріне жолданған.
Хатта ірі сомалар аталады: 2025 жылы департаментке бөлінген 27 млрд теңге, цифрландыруға — 768,5 млн, Жаңаөзендегі басқарманы «модернизациялауға» — 260 млн теңге. Авторлар тексеру жүргізуді сұрап, қызметкерлер «кінәлінің рөлінде қалудан қорқатынын» жазған.
Маңғыстау облыстық ПД бұл ақпаратты жалған деп жариялады.
«Жалған ақпарат таратпауды сұраймыз. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіріп, ауыр құқықтық салдарға әкеледі», - деді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстаудағы теміржолшылар «ОПГ» қысым көрсетіп отыр» деп мәлімдеме жасады.
Бейнеу жол дистанциясының жұмысшылары түсірген видеоүндеуде олар өздерінің еңбек құқығы бұзылғанын айтып бірнеше рет арызданғанын, алайда жауап ретінде қорқыту мен қысым көргенін айтады.
«Біз арнайы киім мен еңбекақы мәселесін көтергеннен кейін, басшылық жиналысқа бізге қысым көрсету үшін бөтен адамдарды – өзін “қылмыстық авторитет” деп көрсететіндерді ертіп әкелді. Солар кейін жеке сөйлесіп, “үндемесеңдер жақсы болады” деп қорқытты», — дейді теміржолшылар видеода.
Жұмысшылардың айтуынша, профсоюз төрағасы мен дистанция бастығы осы адамдарды арнайы алып келген. Олар мұны «жоғарыдан ұйымдастырылған қысым» деп бағалап отыр.