Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:42, 25 Қаңтар 2025

Маңғыстауда әскерде қаза болған Барқұловтың ісі бойынша лейтенантқа үкім шықты

әскери сот
Фото: ашық дереккөз

Астананың қылмыстық істер жөніндегі әскери мамандандырылған ауданаралық соты сарбаз Марат Барқұловты өлтірген гвардия лейтенанты Дамир Досовқа үкім шығарды.

 Дамир Досовты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Лейтенантқа 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтеу жазасы тағайындалды.  Сондай-ақ сот Дамир Досовты гвардия лейтенанты әскери шенінен айырды.

Қаза болған сарбаздың анасының моральдық өтемақы ретінде 50 млн теңге төлеу туралы өтінішін сот жартылай қанағаттандырып, айыпталушыны 20 млн теңге төлеуге міндеттеді.

Айта кетейік, сарбаз Марат Барқұлов 2024 жылы 7 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Оймаша полигонында «Запад» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелерімен оқу-жаттығу кезінде оққа ұшты.

Сот ашық  өтті. Сотта куәгерлер лейтенанттың оларды мылтықпен қорқытып, балағаттағанын  айтып берді. Дамир Досов өз кінәсін мойындамады.

Бұған дейін  Қорғаныс министрі өкілі Руслан Омаров "Әскерде әлімжеттік жоқ" деп мәлім етті. Ал елімізде кейінгі үш жылда 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Былтыр қыркүйек айында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қарамағындағыларға әскердегі әлімжеттікке жол бергені үшін сөгіс жариялады. Бірақ 16 қыркүйекте Түркістан облысы Арыс гарнизонында келісімшарт сарбазы, 19 қыркүйекте Абай облысы Аягөз ауданында офицер, 28 қыркүйекте Ақтаудағы әскери қызметкер, қарашада Жаркенттегі гарнизонда офицер және 24 қарашада Ақтөбедегі гарнизонда қаза тапқан сарбаздың өліміне себеп ресми түрде өзіне қол жұмсады деп айтылды.