Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 06 Тамыз 2024

Маңғыстауда әжетханаға бару кестесі өзгермейді...

су
Фото: inbusiness.kz

Еліміздегі жалғыз теңіз жағасын жайлаған Маңғыстау өңірінің халқы жаз шығысымен ауыз суды кесте бойынша алады, жылдан жылға жағдай күрделеніп жатыр. Өткен апта өңірге іссапармен барған «Жас Алаш» тілшісі жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Біз барған аптада өңірдегі күн райы аптап ыстық болмаса да, өзі кестемен там-тұмдап кеп тұрған тіршілік нәрінің лай екенін көріп таң-тамаша болдық. Шындығында, Каспидің іргесіндегі көрікті қала имиджіне көлеңке, тұрғындар көңіліне кірбің түсіретін келеңсіз жайт – кестемен келетін су дегенге кім сенер дейсің?! Қалада да, қала маңындағы елді мекендерде де ауыз су облыс әкімі бекіткен кестеге қарай беріледі, тұрғындарда соған сай қонақ шақырып, кірін жуып, баласын шомылдырады. Жергілікті тұрғындар мәселенің өткірленуін жылы жағажай аумағындағы – Rixos Water World туристік кешенінің ашылуымен байланыстырып отыр.

«Халыққа беретін тұщытылған судың басым бөлігі сол Rixos-ке жөнелтіліп, Ақтау қаласының халқына су жетіспейді. Өзіміз суға жарымай отырғанда, кілең бай-бағландар мен шетелдік туристер демалатын кешен не үшін қажет?! Кешеннің қасында өзеннің су тұщытатын шағын қондырғысы бар дейді, бірақ біз оған аса сеніңкіремейміз. МАЭК 90% тозған, сол жөнделеді, жөнделіп жатыр деп келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болды. Жыл сайын сапасыз құбырларды жөндеу жұмыстары жаз маусымында басталады, дайындықты әдетте көктемде бастамай ма?! Биліктің уәдесінен шаршап, жолдарды жауып, наразылық көрсеттік. Әкім келіп жағдайды түсіндіріп, басу айтып қайтады. Жылда ескірген құбырларды жөндеп, бюджеттің ақшасын желге шаша бергенше, неге әкімдік мәселені түбірімен шешпейді?! Шыдамның да шегі бар, кейде ми қайнатар аптап ыстықта өз үйіңде не салқын душқа түсе алмайсың, не кір-қоңыңды жуа алмай дүкеннен су тасып жүру шаршатады. Бәрін қойғанда, біз сияқты көпқабатты үйде көп баламен тұратын отбасылар әжетханаға отыруға қиналамыз. Балаларға су кестесіне қарай үлкен дәретке отыр деп айта алмайсың, онсыз да бос ыдыстың бәрін уақытымыз келгенде суға толтырамыз. Судан тапшылық көрген кей жастар Астана, Алматы сынды мегаполистерге көшіп кетті. Біз сияқты жағдайы жоқ халық биліктен бір қайыр болар деп күтіп отыр», – деді қала тұрғыны Мейіргүл Бейсекқызы.

Ақтаудағы Rixos Water World қонақ үйі 2020 жылдың шілдесінде ашылды. Ол түрік кәсіпкері Феттах Таминджеге тиесілі. Ресми деректер бойынша, құны 67 миллиард теңге болатын нысанның ашылуына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.

МАЭК-тің тозу көрсеткіші 90% жеткен

Қаладағы ойын-сауықтық орталықтары мен кафе, мейрамханалардың да әжетханаларынан «мәдени шок» алғанымыз рас. Жергілікті мейрамханалардың біріндегі тазалықшы апай журналист екенімді естігенде, ауыз су мәселесін айтып, жыларман болды.

«Қарағым, мен осы мейрамхананың едені мен әжетханасын жуамын. Су болса бұл жерді тазалау түк те қиын емес, көріп тұрғаныңдай, әжетханадағы жағдай оңды емес. Су келгенде осының бәрін ағызып, жуып-тазалайтын мына мен. Жаз шыққалы бірнеше рет ұшынып ауырдым. Зейнет жасында болған соң, басқа жерге жұмысқа тұра алмаймын. Жылда келесі жылы мәселе шешіледі деген құрғақ уәдеден құлағымыз жауыр болды. Теңіздің түбінде отырып, суға жарымай келеміз. Жұмыс арасында кесте уақытына сай үлгергеніміз үйге кіріп су толтырып кетеміз. Әсіресе жаңадан салынған шағынаудандарда сусыздық қатты», – деді Халима апа.

Қаладағы халық саны су жүктемесіне сай емес

Аталған мәселеге қатысты облыстық әкімдікке сұрау салып, ауыз су мәселесін шешу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білдік. Ақтау қаласы бойынша 430 шақырымды құрайтын инженерлік су желілерінің тозу көрсеткіші 88 пайызға жеткен. Ресми статистикаға сәйкес Ақтау халқының саны 284 мың адамды құрайды, ал медициналық ұйымдарға тіркелгендер есебіндегі көрсеткіш 350 мың адамға дейін жетіп отыр. Бұдан бөлек, қала аумағына жаз маусымында 400 мыңға жуық турист тұрақтайды. Сөзсіз, бұл қаланың сумен жабдықтау жүйесіне ауыр жүктеме.

«Соңғы жылдары облыста өндірістік орындар мен халық санының көбеюіне орай салынып жатқан тұрғын үйлер мен нысандар тіршілік нәріне деген сұранысты арттырды. Оның үстіне биыл жаз айларындағы аптап ыстық теңіз суының ысуына, ал ол су өндірісі көлемінің азаюына әсерін тигізді. Өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету, су тапшылығын жою мәселесі облыс әкімінің жіті назарында. 2023 жылдың жазғы маусымы бойынша облыс тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау тәулігіне орташа есеппен 150 000 м3 құрады. Қазіргі таңда өңірді ауыз сумен қамту тәулігіне орташа есеппен 174 000 м3 құрап отыр. Жалпы су тұтыну көлемі келесі нысандар арқылы қамтамасыз етілуде. Олар:

«Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры арқылы – 65 000 м3/тәу.

«МАЭК» ЖШС – 58 000 м3/тәу.

«Каспий» су тұщыту зауыты» ЖШС – 25 000 м3/тәу.

Жерасты сулары кен орындары – 15 000 м3/тәу.

«Алека» ЖШС – 5 000 м3/тәу.

«Ақтау су тұщыту зауыты» ЖШС – 6 000 м3/тәу.

Ауыз су тапшылығы 2023 жылдың жазғы маусымында тәулігіне шамамен 77 000 м3 болса, қазіргі таңда шамамен 40 000 м3 құрап отыр. Ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде қуаттылығы тәулігіне 140 500 м3 болатын 9 су тұщыту зауыттары мен қондырғыларының құрылысы жүргізілуде және 1 магистралдық су құбырын қайта жаңарту және кеңейту жұмыстары жүргізілді», – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Ауыз су мәселесін шешуге бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген

Облыстағы ауыз су мәселесін шешуге 2023 жылы МО әкімдігі резервінен 1,9 млрд теңге бөлінген. Оған, электр станцияларына, сорғы жабдықтарын, су тұщыландыру қондырғыларын, жылу алмасу құбырларын және т.б. сатып алған. Ал үкімет резервінен 1,6 млрд теңге бөлінген.

Әкімнің есебіне сүйенсек, өңірдегі мәселені шешуге республикалық, облыстық бюджеттен бөлек, жекелеген инвесторлар да жұмылдырылған. Тіпті субсидияда қарастырылып отыр. Облыс әкімінің жауабын тыңдасақ, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі келесі жылы ғана жемісін бермек.

Мәселен, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданына қарасты Сайын-Шапағатов және Ақшұқыр ауылының тұрғындарын сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Сайын-Шапағатов ауылында жеке инвестор тарапынан су тұщыту қондырғысы орнатылды. Қазіргі таңда жеке инвестор «Алека» ЖШС арқылы Сайын-Шапағатов ауылы тәулігіне 4000 м3 ауыз сумен қамтылып отыр және қондырғының қуатын тәулігіне 6500 м3 дейін жеткізу бойынша шаралар қабылдануда. Мерзімі – тамыз айы. Сонымен қатар жеке инвестор – «СК А Строй Монтаж» ЖШС тарапынан «Ақтау су тұщыту зауыты» жобасы іске асырылуда.

Облыс әкімі берген есепке қарасаң, қалың ел, қайран жұрттың жағдайы жаман емес сияқты. Әне-міне жұмақ орнай қалардай. Бірақ өңірден ауыз суға мейіріміз қанды деген адам көрмедік. Форт-Шевченконың өзінде әкімдік қызметкерлеріне дейін ауыз су мәселесінен шаршағандарын айтып қалды. Көктемде ғана әкім болып келген Қилыбай сүйкімді есеп беруден шаршағанша, әжетханаға бару кестесі өзгермейді.

Айжан ҚАЛИЕВА

Тегтер: