Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:45

Маңғыстауда сарбаздың қазасына қатысты іс: шекара бекетінің бастығы 2 жылға сотталды

еркебұлан сағындықов
Фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара заставасында былтыр қазан айында болған сарбаздың өліміне қатысты тергеу аяқталды. 

Шекара бөлімшесінің бастығы салғырттық танытқаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралып, үкім 26 наурызда шыққан.

Тергеу материалдарына сәйкес, бөлімше бастығына дизель агрегатынан май ағып жатқаны және радиатордың бітелу қаупі туралы хабарланған. Соған қарамастан, кешкі уақытта ол екі сарбазға жабдықты тазалауды ауызша тапсырған.

Басшылықтың бұйрығымен қатардағы Еркебұлан Сағындық жанар-жағармай қоймасына барған. Цистернаға шығып, қақпағын ашып, 20 литрлік ыдысқа жанармай құя бастаған. Сол сәтте жанармай буына уланып, есінен танып қалған.

Шамамен 20 минут бойы ол цистерна үстінде ес-түссіз жатқан. Кейін оны саптастары байқап, төмен түсіріп, алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, аман алып қалу мүмкін болмаған. Еркебұлан есін жимастан, жанармай буынан уланып көз жұмған.

Тергеу барысында бөлімше бастығы дизель агрегатының ақауы бар екенін білгені, сондай-ақ жарықсыз қоймада түнгі уақытта жанар-жағармаймен жұмыс істеуге тыйым салынатынынан хабардар болғаны анықталды.

Сонымен қатар қоймада арнайы құю жабдықтары болмаған, сондықтан резервуарды қолмен ашуға тура келген. Басшы жанармайдың қауіпті екенін де түсінген.

Соған қарамастан, ол заңсыз бұйрық беріп, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеген және міндетті қауіпсіздік нұсқаулығын өткізбеген.

Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, оқиға болған күні ол дизель генераторы тұрған жерге келгенде сарбаздың жерде жатқанын көрген. Жүрегіне массаж жасап, санитарлық авиация шақырған. Қорғаныс министрлігі медициналық борт жіберіп, дәрігерлер телефон арқылы кеңес берген. Алайда оқиға орнына жеткенде дәрігерлер сарбаздың шамамен бір жарым сағат бұрын қайтыс болғанын анықтаған.

Сотта қаза тапқан сарбаздың анасы да сөз сөйледі. Ол ұлының спортпен айналысқанын, әскери қызметке дайындалғанын айтты.

«Ұлым медициналық колледжді “фельдшер” мамандығы бойынша тәмамдады, спортшы, белсенді болды. 2025 жылдың наурызында әскерге шақырылды. Алғашында үш айлық оқу курсынан жақсы өтті. Ант қабылдаған соң Маңғыстау облысындағы заставаға жіберілді. 7 қазанға қараған түні оның қайтыс болғаны туралы хабар алдым», – деді ол.

Анасы ауыр қайғысына қарамастан, соттан айыпталушыға жеңіл жаза қолдануды сұраған. Оның айтуынша, айыпталушының ата-анасы келіп, көңіл айтып, материалдық көмек көрсеткен.

Сот 26 жастағы застава бастығы Қуаныш Асуды кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сот марқұмның анасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеуді міндеттеді.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.