Маңғыстауда жеті адам газдан уланып қаза тапты

Маңғыстауда газға уланған жеті адам қаза тапты.
Маңғыстау облысында жеті адамнан тұратын отбасы газдан уланып көз жұмды.
Қайғылы оқиға 2 наурызда Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылындағы жеке үйде болған. Құтқарушылар мен дәрігерлер жеткен соң оқиға орнынан жеті адамның, оның ішінде бес баланың мәйіті табылды.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала болжамы бойынша, улануға газ жабдықтарын пайдалану ережесін бұзу себеп болған. Марқұмдардың Қазақстанда уақытша тұратын Өзбекстан азаматтары екені анықталды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов бастаған арнайы комиссия құрылды.
«Қаза болған отбасының туыстарына жерлеуді қоса алғанда, жан-жақты көмек көрсетіледі. Жағдай Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 24 ақпанда Маңғыстаудағы Мұнайлы ауданындағы төрт адам газдан уланып, оның үшеуі көз жұмған еді. Жыл басында да Маңғыстауда бір отбасының бес адамы газдан уланған болатын.