Маңғыстауда жұмысшылар ереуілге шықты
Маңғыстау облысында «МунайСпецСнаб Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары еңбек құқықтарының бұзылуына наразылық ретінде ереуілге шықты.
Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Жұмысшылардың үндеуі
Компания алдында жиналған жұмысшылар өз талаптарын жария мәлімдеме арқылы жеткізді.
«Біз, “МунайСпецСнаб Компани” жұмысшылары, еңбек құқықтарымыздың бұзылып, әлеуметтік әділетсіздікке ұшырағанымызға алаңдаймыз. 2025 жылғы 28 қазаннан бастап біздің талаптарымыз орындалмағандықтан, жұмысты уақытша тоқтаттық. Әділеттілікті, еңбек адамының құқығының қорғалуын және жұмысшылардың даусы естілуін талап етеміз. Біздің талаптарымыз орындалсын!» – деді компания ғимаратының алдында тұрған жұмысшылар.
Наразылықтың себебі
Жұмысшылардың айтуынша, жалақы бірнеше айдан бері көтерілмеген, мерекелерге орай сыйақы берілмейді, ал кейбір қызметкерлер тұрақты айлықсыз, тек келісімшарт төлемімен жұмыс істейді.
«Айлық жоқ, жалақы өспейді, Конституция күніне ешқандай төлем болмады — жалпы бұл еңбек дауы», – деп түсіндірді оқиғаны түсіріп тұрған азамат видеода.
Айта кетейік, Маңғыстауда бұған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясының Бейнеудегі жұмысшылары еңбек жағдайының нашарлығына және сапасыз арнайы киімге шағымданған соң, өздеріне қылмыстық топ өкілдері тарапынан қысым жасалып жатқанын мәлімдеген еді.
Бейнеу жол дистанциясының жұмысшылары түсірген видеоүндеуде олар өздерінің еңбек құқығы бұзылғанын айтып бірнеше рет арызданғанын, алайда жауап ретінде қорқыту мен қысым көргенін айтады.
«Біз арнайы киім мен еңбекақы мәселесін көтергеннен кейін, басшылық жиналысқа бізге қысым көрсету үшін бөтен адамдарды – өзін “қылмыстық авторитет” деп көрсететіндерді ертіп әкелді. Солар кейін жеке сөйлесіп, “үндемесеңдер жақсы болады” деп қорқытты», — дейді теміржолшылар видеода.
Жұмысшылардың айтуынша, профсоюз төрағасы мен дистанция бастығы осы адамдарды арнайы алып келген. Олар мұны «жоғарыдан ұйымдастырылған қысым» деп бағалап отыр.