Маңғыстаудағы әскери бөлімдегі өз-өзіне қол салмақ болған сарбаздар саны үштен жетіге өсті

Маңғыстау облысындағы №99116 әскери бөлімінде сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсау деректері күрт көбейді.
Бұған дейін үш сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені хабарланған еді, алайда шын мәнінде мұндай жағдайға жеті сарбаз тап болғаны белгілі болды.
Барлық сарбаздардың қолының тамырында жарақат ізі анықталған. Қазір олардың үшеуі дәрігерлердің бақылауында қалса, қалған төртеуін ата-аналары үйлеріне алып кеткен. Оларға психикалық ауытқушылық бар деген анықтама берілген.
Ауруханада қалғандардың бірі – Алматыдан әскерге шақырылған 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров. Оның анасы Лаура Шантемірова ұлын психикалық науқас деп тануды негізсіз шешім деп санайды. Оның айтуынша, ұлы бес айдағы қызметінің ішінде екі рет өз-өзіне қол салуға тырысқан, оған себеп – бөлімдегі әлімжеттік.
— Маған «жүрегі мен бүйрегі ауырып жатыр, тексеруге апарамыз» деді. Ал шын мәнінде оны психиатриялық ауруханаға жіберіпті, — дейді анасы.
Әйелдің айтуынша, ұлы бөлімде жүйелі түрде соққыға жығылған, ақша бопсаланған және сарбаздарды цемент илеуге, жеке құрылыс жұмыстарына жеккен.
Дегенмен емхана басшылығы сарбаздардың ешқайсысында ауыр психикалық дерт жоқ екенін мәлімдеді. Оларға негізінен психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.
Жеті сарбаздың тағдырын енді Астанадағы әскери комиссия шешеді. Ал Сұлтан Шынтеміровтың анасы әскери прокуратураға шағымданып, бөлімдегі жағдайды жан-жақты тексеруді талап етті.
Айта кетейік, кейінгі 1 апта ішінде екі сарбаз қаза тапты.