Маңғыстаудағы Оймаш көлі қоқыс алаңына айналды — тұрғындар дабыл қағып жатыр

Маңғыстау облысы, Оймаш ауылы (бұрынғы атауы — Приозерный) тұрғындары жергілікті көлдің қазіргі санитарлық ахуалына алаңдаулы. Соңғы айларда көлдің жағалауы құрылыс қалдықтарына толып, табиғи орта үлкен қауіпке тап болып отыр.
Бұл туралы жергілікті Lada басылымы жазды.
«Бұрын таза әрі тыныш табиғат аясында демалатын едік. Қазір көл маңын тану мүмкін емес: бетон, плитка, кірпіштің қалдықтары үйіліп жатыр. Құдды бір құрылыс компаниялары бұл жерді тегін қоқыс төгетін орынға айналдырғандай. Түнгі уақытта жүк көліктері келіп, қалдықтарын төгіп кетіп жүргенін бірнеше мәрте көрдік. Жергілікті билікке бірнеше рет шағымдандық, бірақ нәтиже жоқ. Табиғат көз алдымызда қоқыс алаңына айналып бара жатыр», — дейді ауыл тұрғыны Айдар Сәрсенбаев.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мәселе біртіндеп ушығып барады. Көл маңы демалыс орнына айналуы мүмкін еді — абаттандырылған аллеялар, орындықтар, балалар алаңдары салынар еді. Бірақ өкінішке қарай, ешкім бұл жерді көркейтуге асығар емес.
Жергілікті халықтың талаптары:
-
Құрылыс қалдықтарын заңсыз төгуді дереу тоқтату;
-
Заң бұзған компанияларды жауапқа тарту;
-
Көл айналасында тұрақты тазалық жұмыстарын ұйымдастыру;
-
Аймақты экологиялық бақылауға алу.
Қазіргі таңда Оймаштың жалғыз көлі қоқыс төгетін орынға айналып, тұрғындар үшін табиғи тыныс алатын ортадан айырылып қалу қаупі төніп тұр. Ауыл халқы билік пен жауапты мекемелерден нақты әрекет күтіп жүр.
Айта кетейік, бұған дейін редакциямызға Маңғыстаудың Жетібай аулының тұрғындары арызын айтып хабарласқан еді. Оған себеп Маңғыстау облысында "Түркі әлемінің мәдени астанасы" шарасы өтіп жатқан шақта Жетібай, Құрық және Мұнайшы ауылдарының тұрғындары жұмыссыздық мәселесіне байланысты наразылыққа шыққан болатын. Жергілікті жұртшылық бос жұмыс орындарының әділетсіз бөлініп жатқанын айтып, Қарақия ауданының әкімі мен басқа да жауапты тұлғалардың қызметтен кетуін талап етті.
3 сәуірде Жетібай мәдениет үйінде өткен жиналыс барысында халық пен билік арасында шиеленіс туындап, бір тұрғын ашынып, өзін жарақаттамақ болды. Кездесуге аудан әкімі Сымбат Төретаев пен орынбасары қатысқанымен, нақты шешім ұсынылмаған.
Жергілікті тұрғын Айнұр Өтегенованың айтуынша, жұмысқа орналасу мәселесі соңғы жылдары күрделене түскен. Оның айтуынша, бос орындар кей жағдайда сатылып, шенеуніктер өздеріне тиімді адамдарға жұмыс ұсынып отыр.
Ауыл тұрғындары бірнеше рет облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбаймен кездесуге талпынған, алайда полиция тарапынан кедергі болғанын айтады. Олар әкімнің Жетібайдағы жағдайды біле тұра шара қолданбай отырғанына ашулы.