Маңғыстаудағы шекара бөлімінде қаза тапқан сарбаздың туыстары күдік білдірді

Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде 20 жастағы сарбаз Еркебұлан Сағындықтың қазасы қоғам назарын аудартты.
Әскери бөлім басшылығы оның жанармай иісінен уланып көз жұмғанын айтса, отбасы бұл нұсқаға сенбей отыр.
Марқұмның анасы Гүлназ Жұмабаеваның сөзінше, ұлы соңғы күндері қатты қиналып жүргенін айтып, басқа бөлімге ауысуға өтініш білдірген. Ал сүйіктісі Ақниет Мұқан Еркебұланның жиі ақша сұрап жүргенін айтады.
ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу басталды. Ал алдын ала нұсқа бойынша, сарбаздың өлімі қауіпсіздік ережесін сақтамаудан болуы мүмкін.
Айта кетейік, Маңғыстау өңірінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаза тапқаны туралы мәлімет 8 қазан күні таралды.
Оқиға 2025 жылдың 6 қазанында «Үстірт» шекара бекетінде орын алған. Ресми деректерге сәйкес, кешкі сағат 21:10 шамасында бөлімше бастығы, капитан Асу К. сарбаз Еркебұлан Сағындықты жанар-жағармай сақтайтын орынға жіберген. Ол жерден сарбаз дизель генераторының радиаторын жуу үшін бензин әкелуі тиіс болған.
Сарбаз қоймадабензин буына уланып, есінен танып қалған. Сағат 21:20 шамасында оны электр-механик тапқан. Капитан алғашқы көмек көрсеткенімен, жағдайы ауыр болған.
Медицина қызметкерлерінің барлық әрекетіне қарамастан, дәрігерлер сарбаздың қайтыс болғанын растап, өлім себебі ретінде газбен улануды көрсеткен.
Қайғылы жағдай бойынша Ақтау гарнизонының әскери полициясы тергеу амалдарын бастады. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы («Қызметтік салғырттық») бойынша қозғалған.
Еркебұлан Сағындық — 2005 жылы туған, Қызылорда қаласының тумасы. Ол 2025 жылдың көктемінде әскери борышын өтеуге шақырылған.