Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 04 Қазан 2024

Мәңгілік жыршысы

Расұл Ғамзатов
Фото: ашық дереккөз

«Ақын дүние жаратылардан жүз жыл бұрын туған» Расұл Ғамзатов

 

«Жиырмасыншы» дейтін ұлы ғасырдың кейінгіге аманат етіп қалдырған ұлы құндылықтарының бірі де, бірегейі де – теңдесі жоқ көркем әдебиет.

Ұлы әдебиетті ұлы қақтығыстар мен уақыт дейтін құдыретті әлемнің адам баласына бұйырған қайталанбас мінез-құлқы, соны жанымен, жүрегімен сезінген ұлы тұлғалар жаратады. Жиырмасыншы ғасырдың ондай қақтығыстарға, адам санасы сене бермейтін қырғын соғыстар мен оқиғаларға, сол ұлы оқиғалар шыңдаған, қалыптастырған кесек бітімді тұлғалар мен мінез-құлықтарға аса бай болғаны тарихтан белгілі.

Тұрлаулы тарихтың тұманды белдеулері мен күмәнді кезеңдерінде қалып бара жатқан қым-қуыт құбылыстар тізбегінен әдебиет дейтін шоқтығы биік көркемдік әлемді қиналмай тануға болады...

Сөз өнерінің биікке көтеріліп, талмай қанат жаюына мүмкіндік берген алып кеңістіктің бірі – адамзат санасында көлеңке, күнгейі қатар қалған, өкініші мен өксігі, қуанышы мен күйініші жады төрінде кетпестей болып бекіген, әлемді «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстаған Кеңестер Одағы.

Жасыратыны жоқ, ондаған ұлттар мен ұлыстарды жер бетінен жойып жіберген тоталитарлық жүйе өзінің құдыреті мен қуатын танытуда ештеңеден аянған жоқ. Сөйте тұра, коммунистік идеология, әлемдік тепе-теңдіктің таразысын ұстап келген империяның басты қаруы ретінде ғылымның дамуы мен әдебиеттің өркендеуіне көп күшін сарп еткені тарихтан белгілі. Соның нәтижесінде «кеңестер әдебиеті», «ұлттар әдебиеті» деген жаңа ұғым қалыптасты.

Біздер – сол ұғымдардың қазанында қайнап жетілген ұрпақпыз. Осы орайда, өткен ғасырдың екінші жартысында дүние есігін айқара ашып, ой толғау мен сөз сөйлеу әлеміне еркін енген, қоғам дамуына айрықша ықпал еткен екі буын ұрпақты «соғыстан кейінгілер» мен «алпысыншы жылғыларды» айрықша бөліп айтуға міндеттіміз.

Расұл Ғамзатов – сол күрделі ғасырдың екі буынына да қатысы бар ұлы дәуірдің ұлы ақыны. Ол – жасы жағынан майданнан жеңіспен оралып, «үстімде – сұр шинелім, ақсаңдай басып келемін, баяғы Қасым, бір Қасым, баяғы күйім, өлеңім» дейтін от пен оқтың арасынан шыққан қайсар буынның өкілі болғанымен, рухы, болмысы жағынан «идут белые снеги как по нитке скользя, жить и жить бы на свете, да наверно нельзя» дейтін Евгений Евтушенколардың тұсауын кесіп, томағасын сыпырып, тұғырға көтерген «жылымық» кезеңінің көшін бастағандардың бірі, бірегейі.

Расұл Ғамзатов есімін айтқанда, менің жадымда жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары жаңғырып, қолыма алғаш қалам ұстаған бозбала кезім елестейді.

Алпысыншы жылдардың басы...

Ауыл кітапханасының ескі сөрелерін індете қуып, кітап оқитын кезіміз. Жаңа, жақсы кітапқа кезекке тұрамыз. Біздерді сондай кезекке тұрғызып, жан дүниемізді жаулаған сол жылдардың екі кітабы жадымнан кетпейді. Бірі – Шыңғыс Айтматовтың «Тау мен дала хикаясы», екіншісі – Расұл Ғамзатовтың «Жарық жұлдыздары». Аталарымыз ауық-ауық қолдарына түскенде «Батырлар жыры» мен «лиро-эпостық» дастандарды оқытып қоятын жастан енді-енді өтіп, біресе – Абайды, біресе – Махамбетті оқи бастаған жасымыз. Әуезовтің Тоғжаны мен Татьянасын түсімізде көріп, таңғажайып сұлулық әлеміне сүңгіген шақ... «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» деп жүргенімізде... Әлгі екі кітап ойымыз бен санамызды, жүрегіміз бен сезімімізді селт еткізіп, өзіне бұрды... Шыңғыс, Расұл дейтін қос есім «мал десе бұ қазақ бала жастан ішкен асын қоя сап, араласқан, қойшылық бабам берген эстафета бір ұрпақтан ұрпақ ала қашқан...» деп жыртану, сөзтану әлемінің түтіні киіз үйдің шаңырағынан көк аспанға түзу ұшқан жұрттың төріне келіп жайғасты. Құдды өз өмірімізбен кездесіп қауышқандай, өз көкірегімізде тығылып жүрген тұмса мінез ойлармен табысқандай күй кештік...

Ел-елде, жер-жерде шыңғысшалап әңгіме жазып, расұлшылап жыр толғайтындардың қатары көбейді...

Бүгінгі шағын әңгімеміздің арқауы – Расұл Ғамзатов болғандықтан, сөз төркінін солай бұрайын. Гетенің: «Осы бір кітап бармақтай, томдардан не бір салмақты-ай!..» – дейтін екі жолы еріксіз еске түседі. «Высокие Звезды» («Жарық жұлдыздар») атты бас-аяғы он баспа табақтан тұратын шағын жыр кітабын оқығанда он бес-он алты жастағы менің жас жүрегім ой мен жырдың өзге бір әлеміне сүңгігендей болды.

«Мен жігітпін,

Затымды

Мақтамасаң, мақтама,

Мақтамасаң атымды,

Есігімнен аттама!»

дейтін Қадыр Мырзалиевтің аудармасындағы төрт жол өлең оныншы класс оқушысының жадында жатталып қалды. Әуелгіде газет-журналдың бетінен оқыған осы бір сом алтындай шумақты кейін «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жарық жұлдыздардан» оқығаным есімде. Ауыл кітапханасының қоржынына келіп түскен жасыл мұқабалы шағын бір томдықты бас алмай, күні-түні Ғамзатовты оқумен болдым. Осыған дейін «Ауылдың жаны терең сай, тасыған өзен гүрілдеп...» деп Абайды оқып, қоршаған ортаға, табиғатқа, тау-тасқа қарап, белгісіз ғаламмен сырласып үйренген ауылдың қазақы баласының санасына алыста жатқан Қап тауының қағілез ойлы, халықшыл ақынның өлең-жырлары туған тауының кескіні мен келбетін жырлап тұрғандай әсер етті.

«Түн жұлдызы қара әйнектен

Жырларыма қарайды еппен.

Жанарындай жандардың бұл

О дүниеге талай кеткен...» (ауд. Сағи Жиенбаев), – деген соншама сырлы, нұрлы өлең жолдарының төркінінен өмірден озған нағашы атам мен қос әжемді көргендей күй кештім. Жасы тоқсаннан асып кеткенімен, қимыл мен сөзден қалмай, арғы-бергі туралы әңгімесін айтып, өз өмірін толғайтын атам жиі айтатын «екі дүние» байланысына сүңгіп кеткендей болдым.

Міне...

Өзі болмағанымен, алыста жатқан туған елі – тағдырлы Дағыстаны тоқсан бес жылдығын тойлауға әзірленіп жатқан бір дәуірдің бірегей бітімді ұлы ақыны Расұл Ғамзатовпен менің «таныс-білістігім» осылай басталды...

Мына жұмыр жер, мына көк аспан, көктемде көкті тіліп, тыраулап біздің Тәңіртауға қайта оралған тырналар өзгеше құлпыра түрленіп, дүние туралы ұғым-түсінігіме өзгеріс енгендей болды... Расұлдың сол тұста айтқан: «Ақын дүние жаратылардан жүз жыл бұрын туған» деген қанатты сөзінің алты құрлықты қалай шарлап кеткені есімізде. Талай жүйріктің жалын сипап, талай тұлпардың тұяғынан бораған отты көрген, талай кемеңгер мен ойшылдың тауып айтқан кенен сөзіне кенеліп, керегесі кеңейіп, терезесі теңелген ежелгі дүниенің есті жұрты Ғамзатовтың тамырын тереңнен тартар таңғажайып жырларына қалай сүйінсе, соны оқып, естіп, біз де солай сүйсінгенбіз. Қап тауының қария қолтығында жатқан шағын ғана Дағыстан дейтін ел мен ақынның Цада дейтін кішкентай ғана туған ауылы көзімізге жұмақтың төріндей елестейтін. Шәміл есімді хас батыр мен Махмұт есімді авар ақынының ерлігі мен өрлігін қайталағымыз келіп, жыр жазып, өлең оқитынбыз.

«Мы встаем за этот мир на битву,

Мир изранен, мир истерзан зло.

Дайте слово: клятву, иль молитву,

Иль проклятье. Лишь бы мир спасло!» – деген жыр жолдары өткен ғасырдың 60-70 жылдары ойды серік етіп, сөз тыңдай білетін әр жүрекке қалай әсер етсе, бүгін де мына ұлы жердің бүтіндігі мен ғарыштың тұтастығына алаңдайтын жұмыр жердің әрбір тұрғынына солай әсер етеріне менің күмәнім жоқ. Тіл тағдыры көкпарға түскен, ата дінімізге көзсіз шабуылдар көбейіп тұрған қазіргідей жаһандану дейтін алашұбар мінезді аса күрделі дәуірде ақыл мен парасатымызға қамшы болар мұндай жырлар ұлт, ұлыс таңдамайтынына, ой, сана дейтін шекарасыз кеңістіктен еркін өтерін аңғарып отырмыз.

Иә... Расұл Ғамзатов – дәуірлер мен заманаларды бағындырар өз дәуірінің терең ойшылы. Оның адамшылық асыл қасиеттер мен имандылық хақындағы айтқандары, ұлт пен ұлысты сақтау туралы қанатты көркем ойлары – өз биігін ешқашан аласартпайтын көркем қазына, мәңгілік құндылық! Расұлдың кішкентай ұлттардың ұлы қасіреті мен ұлы дүниенің тағдыр-талайы туралы жазылған жырлары ешқашан өлмейді.

«...Для меня языки народов – как звезды на небе. Я не хотел бы, чтобы звезды слились в одну огромную, занимающую полнеба звезду. На что есть солнце. Но пусть сияют и звезды. Пусть у каждого человека будет своя звезда. Я люблю свою звезду – мой родной аварский язык! Я верю тем геологам, которые говорят, что и в маленькой горе может оказаться много золота...» («Мой Дагестан») – деген ой астарында жатқан маржандай асыл, жақұттай таза ұстаным кез келген ұлт үшін тұмардай қадірлі ұғым екенін қалай сезінбеуге болады?! Әрі бұл сөз, бұл батыл ойлар осыдан жарты ғасырдан астам бұрын Кеңестер Одағының ай қылышы аспан төрінде жарқылдап тұрған кезеңде жазылғанын ұмытпайық...

Иә...

Тіл туралы, Рух туралы бәріміз де жаздық.

Әлі де жазылады. Жазыла береді. Жаза береріміз аян.

Бұл – жұмырбасты адамзат баласы пендешілікпен қоштаспайынша жерүсті тіршілігімен бірге өмір сүретін мәңгілік тақырып!

Мәңгілік шындық! Мәңгілік ақиқат!

Расұл Ғамзатов сол ақиқат пен сол шындықты өзінің «Ана тілі» («Родной язык») деген өлеңінде жеріне жеткізіп, соншама шебер жазады. Өлеңнің мына бір үзіндісін бірге оқып көрейікші...

«...В полдневный жар в долине Дагестана,

Я умирал, а люди речь вели

О хитрости какого-то Гасана,

О выходках какого-то Али.

И, смутно слыша звук родимой речи,

Я оживал, и наступил тот миг,

Когда я понял, что меня излечит

Не врач, не знахарь, а родной язык...

Кого-то исцеляет от болезней

Другой язык, но мне на нем не петь,

И если завтра мой язык исчезнет,

То я готов сегодня умереть...» (Н.Гребневтің аудармасы) – дейді ақын.

Байқайсыз ба, бүгінгі жаһандану дейтін жанымызды буып, жүрегімізді тілім-тілім еткен, ақыл мен ойға ырық бермес заманда ұлттар мен ұлт тілдерінің басына түскен зауалды ұлы ақын жарты ғасыр бұрын көріп, біліп, сезгендей жазып отыр...

Мұндай көріпкелдікті серік еткен жыр жолдары Мәңгілік биігіне көтерілген ұлы тұлғаның ғана қаламынан сорғалап түсері хақ!

Мен Расұл ағамен өмірде бір-ақ рет жолығып, аз-кем сөйлесу мүмкіндігіне ие болған адаммын...

Сол көрініс есіме түсіп отыр.

1997 жылдың суық күзі... Ыдыраған Кеңестер Одағының әдеби көркем байланысын ыдыратып алмау мақсатында бұрынғы СССР Жазушылар Одағының Мәскеу қаласындағы атақты сарыжұртына – Ростовтар Үйіне Орта Азия, Кавказ елдері, Ресей, Беларусь, Украина, Молдова жазушылары жиналдық. Дәлірек айтқанда, қатарлары аса мол емес, әр республиканың ұйым басшылары ғана бас қостық. Арамызда әдебиеттің қарқара мүйізді қара нарлары – Сергей Михалков, Давид Кугультинов, Мұстай Кәрім, Хута Берулава секілді ақсақалдарымыз бар. Бұрын аттарын естігенмен, қол алып амандасып көрмеген көзі тірі әулиелеріміз. Бірінші күні жұрттың бәрі «Переделкинодағы» шығармашылық үйге жайғасып, ертесі Ростовтар үйіне қайыра келдік... Көзім бірден кешегі басқосуымызда болмаған ақбасты ақсақалымыз, ұлттар әдебиетінің классигі – Расұл Ғамзатовқа түсті. Қасында – аудармашысы Яковь Козловский. Амандастық. Козловскиймен бұрынырақтан танысып қалғанбыз. Екеуміз Расұл аға жайлы құлағын шулатып, сыртынан әңгіме айтқанымыз бар... Сонысын еске алып, Козловский мені Ғамзатовпен таныстырды.

Расұл Ғамзатов маған көз тоқтатып қарады да:

– Как там... Потомки нашего великого учителя Мухтара Омархановича? Как живут родные братья казахи... – деді күлімсіреп: – Как живет Калтай?

– Спасибо, жив-здоров, Расұл аға!...

– Расұл аға?! Доброе обращение... Да-а, раньше встречались часто. Теперь... Время другое пошло... Раньше жили в одном государстве, ныне в разных... Говорят, что Нурпейсов создал ПенКлуб?..

– Да...

– Олжас работает послом?..

– Да.

– Вот, видишь с Чингизам тоже встречаемся редко... – деді ауырлау күрсініп: – Нұрлан, я сегодня вылетаю...

– Как Ваш родной Дагестан?

– Не могу сказать спокойно... Гредет двадцать первое – неспокойное столетие! Дергает всех... Мы – старики довольны тем, что имеем. Лишь бы мир был спокоен. Лишь бы дети в ладах жили. Лишь бы люди друг с другом не скандалили. Лишь бы мир был спокоен!.. – деп еді қоштасарында кемеңгер кісі.

Міне...

Жырларын адамзат баласы жаттап өскен жиырмасыншы ғасырдың ұлы ақынымен менің алғашқы және соңғы кездесуім осылай болды.

Өкінішке қарай... Орыс әдебиетінің мэтрі марқұм Сергей Владимирович Михалковтың көп күш көрсетуімен қалт-құлт етіп аяғынан тұра бастаған МСПС-тың (Жазушылар Одақтарының Халықаралық қауымдастығының) келесі жолғы кеңейтілген Құрылтайына Расұл Ғамзатов қатыса алмады. Денсаулығы жарамады. Расұл аға өзі қатыспағанымен, ол кісінің әріптес-достары – Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұстай Кәрім, Давид Кугультинов тәрізді жиырмасыншы ғасыр әдебиетіне олжа салған ұлылар гвардиясының көрнекті өкілдері қатысты. Ақсақалдар кейінгілерді шығармашылық байланыста болуға шақырды. Алды тоқсанның үстіне шыққан Сергей Михалков бастаған аға буын «алтын ғасыр әдебиетін» жалғайтын жаңа буынға қамқорлық жасау керектігіне» назар аударды...

Қайран асыл сүйекті арда туған күрескер ұрпақ!

Бүгін, міне, солардың көбі арамызда жоқ. Бір дәуірдің ұлы әдебиетін жасаған сөз өнерінің сайыпқырандарының кескін-келбеттері көз алдыма елестеп отыр.

Елестетіп отырған сағымдай болып, көзден ұшқан сағыныш қана емес, өз өткеніңді, өз өміріңді таразы-талқыға салдырып, күнгейлі-көлеңкелі сәттерің жайлы ойға жетелеген тағы да сол қатал мінезді, қатыгез уақыт.

Империя ыдырап, оның сары жұртында бас қосып, әдебиеттің тағдыры туралы келелі сөз қозғаған со бір екі ғасыр тоғысындағы кең тынысты жиында, жиын төрінен көрініп, ой-пікірлерін ортаға салған ұлттар әдебиетінің «аттарынан ат үркетін» корифейлерінің сөздері мен ұсыныстары да менің жадымда. Бәрінің мақсаты жалғыз – жиырмасыншы ғасырдың атын айдай әлемге жайып, кешегі әпжалман империя өз қолымен тұншықтырған ұлттар мен ұлыстардың өлмей аман қалған соңғы үміті – әдебиетін өрістетудің жолын іздеу! Әрине, бұл әңгіменің бізге ұнаған тұсы да, ұнамаған тұсы да болды. Әуелі, ұнамағаны – қайсыбір орыс қаламгерлерінің «ескі әуенге» басып, ақыл айтқысы келгені, «ескі арбаның» доңғалағын іске қосуға ұмтылғандары. Ұнағаны – үзіле бастаған әдебиеттер байланысын қалпына келтіріп, сөз дейтін киелі өнердің осыған дейінгі алған асулары мен бағындырған шыңдарын сақтап қалуға ұмтылу!

Жиын барысында Қазақстан атынан алғашқы лекте сөз сөйлеу маған бұйырды. Мен ойымды жасырып-бүкпей, ашық айттым.

Сөзімнің жобасы төмендегідей болды...

«Өмір – мәңгілік! Адамзат тірлігінің аясы кең. Ұлт, ұрпақ – сол кеңістіктің қан тамырлары секілді... Тамыры таза болса, адамзат өмірі де мықты, ұзақ болады... Өміріміз жұмаққа айналу үшін күресу – ортақ парызымыз! Ібіліс пен сайтанның арбауына жол бермеуіміз керек!.. Аспан әлемі несімен әдемі? Мың-миллион жұлдыздарымен әдемі... Ұлы ақынымыз Расұл Ғамзатовтың сөзімен айтқанда, «жер бетін жайлаған әр тілдің өз жұлдызы болатыны» секілді, «әр ұлттың да жарқырап жанған өз жұлдызы болады. Соны өшіріп алмау үшін күресу – әр ұлттың, айналып келгенде бәріміздің ортақ парызымыз! Аспан мыңдаған жұлдыздарымен әдемі! Әсем! Мәңгі! Аспанда жалғыз жұлдыз болуы мүмкін емес!» дедім.

Сөзім ұнады білем, қайсыбір әріптес-аға буын өкілдері Расүл ағаға ишара білдіріп, құттықтап жатты. Менің аты аңызға айналған ұлы ақынмен танысуыма себеп болған да сол күнгі сөзім. «Жұлдыздарды сақтау үшін күресуіміз керек! Біз, шамамыз келгенше күрестік! Енді кезек сендерге келді! Бекем болыңдар!» деп еді қолымды қысып.

Ойлап тұрсам... Жұлдыздарды сақтау майданы енді бірте-бірте бізден де өтіп, жаңа жас буынның қолына көшіп барады. Күрес қиындап барады... Жер бетінде бір мемлекет, бір үкімет орнатқысы келетіндерді естіген сайын, Расұл ағаның аманаты жүрегімнің тұсын бүріп өткендей болады... Өйткені ібілістер дес берер емес... Күшейіп барады! Қауіпті!..

Келесі Құрылтайға (Исполкомға) Расұл Ғамзатов денсаулығына орай қатыса алмады. Бірақ... жиын басында ақынның хаты оқылды. Хатты толқып, тебіреніп тұрып, Сергей Владимирович Михалков оқыды. Еміс-еміс есімде қалғаны – ақын өзінің асау ғасырымен, асылтекті достарымен қоштасқандай қысқа, нұсқа сәлем-сөз жолдап, еуразия кеңістігіндегі ұлттар әдебиетінің жас буын, жаңа өкілдерін Әдебиет есімді киелі де қасиетті әлемге адал болуға шақырғаны...

«Алланың – Ұлы Жаратушының адам баласына сыйға тартқан Жан дейтін киелі дүниесін Ұлы Жаратушының өзі ғана алуға хақылы... Адамдардың бірінің жанын бірі алуға ұмтылып, қан-қырғын қасапқа баруы – ауыр қылмыс! Бұл – екі дүниеде кешірілмейтін қылмыс. Әдебиеттің ендігі ұлы міндеті – Адам Ата ұрпағын сол қылмыстан сақтандыру! Менің ойымша, жаңа дәуірдің қаламгерлері жұдырықтай жұмылып, Ұлы Дүниені сақтау үшін күресуі керек!» деген ой айтқан еді Расұл Ғамзатов.

Араға бірер ай салып, ұлы ақын өмірден өтті...

Туған еліне деген адалдығы мен ұлы Сөз өнеріне деген ұстанымына шаң қондырмай, махаббаты мен сенімін арқалап, Мәңгіліктің Ұлы Жыршысы өзінің Мәңгілік биігіне аттанды. Аспан әлемін, жер тіршілігін қызғыштай қорып, «жұлдыздарды сақтау майданының» төрінен өз Дағыстанының жұлдызын жарқыратып, биік ұстап аттанды!

Өкінішке қарай...

Махачкалада өткен жаназасына қатыса алмадық. Бірақ қарт Алатау мен сайын Далада тұратын қалың оқырмандарының, қаламдастарының, мыңдаған бауырлас-тілеулестерінің атынан ақын рухына арнап Құран түсіртіп, дұғамызды бағыштадық...

Бүгін де, міне, жиырма бірінші ғасырдың өрінен өрті мен дерті қалың өз ғасырын сарқыла жырлап өткен сол Мәңгілік Жыршысына іштей дұғамды арнадым.

Әумин!

Тамыз, 2018жыл.

Нұрлан Оразалин