Маңғыстауда алғаш рет Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аталып өтті
Маңғыстауда алғаш рет Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аталып өтті
27 ақпанда Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен алғаш рет Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне арналған мерекелік кеш өтті, — деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, өңірдегі ҮЕҰ басшылары мен өкілдері, сала ардагерлері, жергілікті органдардың басшылары қатысты.
Маңғыстау облысында 781 ҮЕҰ тіркелген. Соның ішінде 120 ұйым жастар саясаты, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қолдау, білім беру, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың өмірі мен құқықтарын қорғау саласындағы қызметтерді белсенді үйлестіріп отыр.
Айта кетейік, былтыр алғаш рет өңірде қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыру мақсатында гранттық қаржыландыру тетігі енгізіліп, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған кешенді бастамаларды қаржыландыру жолға қойылды. Облыста соңғы бес жылмен салыстырғанда әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды қаржыландыру 43,6 пайызға артқан.
Соның нәтижесінде қоғамдық ұйымдар мемлекеттік шешім қабылдауда көптеген баламалы көзқарасты ұсынып, әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлуде. 2022 жылы 47 әлеуметтік жобаға 406 млн теңге бөлінсе, биыл қаржы көлемі 602 млн теңгеге өсті.
Салтанатты шара барысында азаматтық қоғамның дамуына атсалысып жүрген сала ардагерлері мерекелік медальмен марапатталды.
«Маңғыстау» жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетованың айтуынша, қазіргі таңда ҮЕҰ-н қолдау мақсатындағы жұмыстар жандануда.
— Ширек ғасырдан бері ҮЕҰ саласында азаматтық қоғамның дамуына атсалысудамын. Өздеріңіз білесіздер, азаматтық қоғамды дамытудың алғашқы кезеңдерінде дәл мұндай мүмкіндіктер болмады. Ал қазір біздің жұмыстар бір жүйеге келіп, жаңа әлеуметтік жобалардың саны артуда. Қолдау бар, соның арқасында нәтижеге жетіп, жобаларымыз сәтті орындалып, өңірдегі өзекті мәселелер оң шешіліп жатыр. Азаматтық қоғамның алға жылжуына қолдау білдіріп жатқан облыс басшылығына алғыс айтамын! — деді Жақсыгүл Маханбетова.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жаһандық мәселелерді шешуде ҮЕҰ-ның рөлі зор екенін, Қазақстанда азаматтық қоғамды қалыптастыру мен дамытудағы белсенділігін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасы» бекітіліп, мемлекеттік істерді басқару процесіне азаматтық қоғам институттарының қатысу деңгейі артып келеді. Осы ретте жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға бөлінген қаражат көлемі, әлеуметтік жобалар саны мен қамтылған тұрғындар саны ұлғайып, жобалардың салалық принциптері кеңейтілуде. Үкіметтік емес ұйымдар – қоғамдық прогрестің қозғаушы күші, оң өзгерістердің локомотиві болып отыр. Біз үшін үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы әріптестік қатынастарды дамыта берудің маңызы зор. Сондықтан азаматтық қоғамның дамуына қосқан зор үлесіңіз үшін Сіздерге алғысымды білдіремін! — деді Нұрлан Ноғаев.