Маңғыстауда екі баланы бірнеше рет зорлаған ер адам жазасын өмір бойы өтейді
Маңғыстауда кішкентай екі баланы бірнеше рет зорлаған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сот жәбірленуші тараптың аппелияциялық шағымын қанағаттандырған, деп хабарлайды Жас Алаш.
Маңғыстау облысындағы жантүршігерлік жағдай жайлы «Астана» телеарнасы жазды. Дерекке сүйенсек, қылмыскер балаларға бірнеше мәрте азғындық, зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Кейін сот процесінде судья оған 25 жыл жаза кеседі.
Десе де, зардап шеккен балалардың анасының қорғаушысы қайта шағым түсірді. Апелляциялық шағымда адвокат тағайындалған жазаның жұмсақтығына назар аударған. Әрі үкімді өзгертуді және оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Осылайша жабық режімде Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кәмелетке толмағандардың заңды өкілі — қорғаушысының апелляциялық шағымына сәйкес бұған дейінгі үкімді қайта қарады. Нәтижесінде талап қанағаттандырылған.
«Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот тағайындаған жаза айыпталушы М.-ның 2 балаға қатысты аса ауыр қылмыс жасаған әрекетіне сәйкес келмейтінін анықтады. Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, кәмелетке толмаған жәбірленушілердің заңды өкілінің — қорғаушының апелляциялық шағымы қанағаттандырылды», — делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар, бұл істің процесі жабық режімде қаралуына байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтіні де айтылады.