Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:12, 25 Тамыз 2022

Мәні қашқан МӘМС

None
None

   Мәмин «шірітіп кетті», Смайылов не істеп отыр?!

Бүгінде үш жылдық бюджет аясында денсаулық сақтау саласын дамытуға 2,3 трлн теңге бөлінді. Алайда қыруар қаражат бағытталғанымен еліміздің денсаулық саласы дамып,  халыққа сапалы қызмет көрсете қойған жоқ. Әсіресе, Мәмин үкіметі қолданысқа енгізіп кеткен МӘМС жүйесінен мән қашты.

   Қаралы қаңтар кезінде де наразылық білдірген халықтың бір тобы үкіметке  «мемлекеттік медициналық сақтандырудан бас тартып, халықты сапалы емдеу керек», деген талап қойды. Бірақ Смайылов үкіметі МӘМС-тен бас тартпайтынын айтып, «бұл салаға ашықтық енгізіп, медициналық ұйымдардың қызметін жөндейміз», деп уәде етті. Осы орайда, қордың үмітті ақтамаған басшысы Болат Төкежанов отставкаға кетіп, орнына Айдын Ашуев тағайындалды. Дегенмен содан бері сегіз ай өтсе де елдегі МӘМС жүйесі елді сенделтуін қоймады.

  Ойлап қарасақ, бұл қордың жалғыз акционері бар екен, ол үкімет. Аталмыш қор тек қана үкіметке бағынады, үкіметке есеп береді. Үкіметтің тапсырмасымен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) қаржыландыру қордан алынады да, кезең-кезеңмен жергілікті деңгейге – әкімдіктердің денсаулық сақтау бөлімдеріне табысталады. Мәселен, 2022 жылы халыққа медкөмек көрсетуге мемлекет жалпы көлемі 2,049 триллион теңге бөлген. Оның 1,2 триллион теңгесі – ТМККК-ге тиесілі. Қалған 838 млрд теңгесі – МӘМС жүйесінен алынады. 2021 жылы ТМККК аясында 1,4 трлн теңге, ал МӘМС аясында – 730 млрд теңге жұмсалыпты. Ал енді «қаржыландыруы жыл сайын екі еселенген ұлттың денсаулығы да артқан болар», дейміз ғой. Жоқ, керісінше, бүгінге халықтың арасында созылмалы дерт түрі күшейіп, адам бұрын-соңды атауын естімеген ауру түрі көбейіп кетті. Тіпті, болашақта тегін медициналық көмек алу қарапайым қараша үшін арманға айналатын түрі бар. Мемлекеттік ауруханалардағы талон алу жыры, бір дәрігердің қабылдауына жазылу үшін электронды кезектің жылжымауы, күнің түсіп алдына барғанда, дәрігердің сырқатқа емес, алдындағы мониторға телміруі, бар ойы электронды медициналық картаны толтыруға ауып кететіні, МӘМС-ке қаражат аударып отырғанымен тегін емделуге қолы жетпей, ақыры, ақылы медициналық көмекке жүгінетін елдің мұң-зарын еститін үкімет жоқ. Біздің үкімет пен денсаулық министрлігі ақылға сыймайтын реформаларымен халықты дені сау емес, ауру ұлтқа айналдырып жатқанын сезер емес.

   Жалпы,  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ-ның  дерегінше, бүгінде 16 млн-нан астам адамда сақтандыру мәртебесі бар. Оның ішінде, 11 млн адам жеңілдігі бар санатқа кіреді. Олар үшін сақтандыру қызметін мемлекет төлейді. Тағы 4,9 млн адам – бұл жалдамалы жұмыскерлер, олар үшін жарналар мен аударымдарды жұмыс беруші төлейді.  Сонда есептесек,  3,1 млн-нан астам азамат қана бұл жүйеден тыс қалып отыр. Ал  ел халқының қалған 83,6 пайызында медициналық сақтандыру мәртебесі бар.  Бірақ сол 83 пайыздан астам елдің тегін медициналық көмек алып, жырғап жүргенін көрмедік. Қайда барсақ та, «тегіннен запы болып, ақылы қызметке жүгінуге тура келді. Сақтандыру қызметінің қызығын көрмейтін болдық», деп зар еңіреген елдің шағымын естиміз.

Сарапшылардың айтуынша, жалпы, осы елдегі медицина саласы, МӘМС жүйесі экс-премьер Мәминнің тұсында бақылаусыз қалды. Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, шындап келгенде, Мәмин бұл саланы «шірітті». Ал енді оны Смайыловтың түзей алуы екіталай. Себебі салада қордаланып, тамырланып кеткен мәселелер өте көп. Сала бойынша «халықаралық тәжірибеден алынды» деген талай реформа еңсемізді түсіріп, жер болғанымыз да жасырын емес. Медицинадағы пара алу фактілерінің орын алуы да жаға ұстатпай қоймайды.  Мәселен, биыл жыл басынан бері міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне кіретін ауруханалардың жұмысында 200 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Бұл туралы басқа емес, қордың төрағасы Айдын Ашуевтің өзі мәлім етті. Олардың басым бөлігі өз есептерінде көрсетілген медициналық қызмет көлемін асырған. Тек қаңтар-наурыз айларында сапасыз медициналық көмек көрсетуге қатысты шағым үш есеге жоғарылаған. Тегін дәрі беруге қатысты 360 шағым түскен.   Жалпы, МӘМС бойынша халықтан түскен триллиондардың кімнің қалтасына кетіп жатқанын ел білмейді. МӘМС-тің жүгенсіздігін бүгінде халық нақты сезінді. Салада ашықтық жоқ. Сонда халық қызығын көрмесе, бізге тек қана үкіметке бағынатын білдей бір медициналық сақтандыру қорын құру қаншалықты қажет?!

Үкімет бұл қор арқылы тағы бір жемқорлардың жемсауы толығып отырғанын білмейді емес, біліп отыр. Ендеше, неге жүйедегі жүгенсіздікті тыюға асықпайды? Халық қашанғы қаналуы керек? Елдегі қымбатшылықтың түрі мынау. Азық-түліктің, дәрі-дәрмектің бағасы удай. Қарапайым халық ауырып, дәріханаға дәрі алуға кірсе, бағасынан шошынып, дірілдеп шығатын жағдайға жетті. Фармацевтика саласындағы дәрі-дәрмек бағасын жүгендеуге де үкіметтің шамасы жетер емес. Сонда медицинасынан мән кеткен ел қалай дені сау ұлтқа айналады?! Енді қайтпек керек?! Ауырып, ем іздеген ел арам қатуы керек пе?! Былай қарасаң, атқарушы биліктегілер бірдеңе тындырып жатқандай-ақ көрінеді. Бірақ сәтсіз нәтижені көргенде, олардың «саудың асын ішіп, аурудың ісін істеп» жүргеніне көз жеткіземіз. Бұл үрдіс қашанғы жалғасады өзі?!

Тегтер: