«Мәншүк» сатылды, ендігі кезекте «Әлия»...
Біз «Жас Алаш» газетінің өткен сандарының бірінде «Мәншүкті меншіктеген кім?» атты мақала жариялағанымыз белгілі.
Онда Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайын ресейлік миллиардер Виктор Вексельберг деген бай сатып алғаны туралы оқырманды хабардар еттік. Алайда мәселенің мән жайы төмендегідей болып шықты. «Мені құртқан Көкшолақ» демекші, кілтипан өзіміздің кәсіпкерде екен.
Жалпы, Виктор Вексельберг – Ресейдегі ондаған әуежайдың қожайыны. Оның басқаруындағы «Retrans» компаниясының құрамына «Аймақтар әуежайлары» басқарушы компаниясы арқылы Екатеринбург, Самара, Нижний Новгород, Саратов, Дондағы Ростов, Жаңа Уренгой, Петропавл-Камчатск, Благовещенск, Орынбор әуежайлары кіреді. Ал Орал әуежайының қожайыны осы уақытқа дейін қазақ кәсіпкері Дәулетхан Қилыбаев болып келген. Қысқасы, қазақстандық жеке кәсіпкер Дәулетхан Килыбаев үлесіне 49%, «Орал Менеджмент» ЖШС-ның үлесіне 2 пайыз, ал үшінші тарап — ресейлік кәсіпкер Виктор Вексельбергтің үлесіне 49 пайыз тиген. Қазақстандық кәсіпкер жұмыстың ауқымын игере алмағандықтан, акциясының жарты бөлігін осылай сатуды дұрыс деп тапқан көрінеді. Ақырында, ресейлік кәсіпкерді тапқан. Ал қазақстандықтарды әуежайдың ресейлік кәсіпкерге сатылғаны алаңдатты.
Әуежай 2022 жылы Батыс Қазақстандағы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының өңірді дамытуға бөлген әлеуметтік аударымы есебінен, 6,6 млрд теңгеге толықтай жаңғыртылды. Жалпы, мемлекет пен компания ұшу-қону жолағы мен әуежай ғимаратын салып берді, енді келіп, оған ресейлік компания ие бола қалады. Қисын қайда? Оның үстіне, кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаев: «әуежайдың қосалқы бөліктеріне ғана иелік ететінін, ал стратегиялық бөлігіне араласа алмайтынын» айтты. Қысқасы, ол қызмет көрсетуден ғана пайда көреді. Қилыбаевтың меншігіне жолаушыларды таситын автобустар, техникалар, әуежайдағы жолаушыларды тіркеу, тексеру аймақтары, кафе-ресторандар, қонақүйлер, яғни әуежайдың қауіпсіздігі ғана жатады екен. Демек, ұшу, қону алаңына иелік жасау ресейлік кәсіпкерге тиесілі болып тұр ғой. Жалпы, біздің үкімет немесе жергілікті атқарушы билік әуежайдың белгілі бір пайызы сатылып кеткеннен кейін ғана барып, мұндай жаңалықты естиді. Биліктегілер Орал әуежайын сатып алған Виктор Вексельбергтің халықаралық санкция тізімінде тұрғанынан да хабарсыз болып шықты. Жалпы, әуежайға қожайындық жасап отырған кәсіпкер кез келген адамға нысанды басқаруға беруге және немесе оның акциясын сата беретін болса, қауіпсіздігімізден не қадір-қасиет қалады?!
Оралдық азаматтар өткен аптада ресейлік кәсіпкердің стратегиялық нысанды сатып алғанына наразылық білдірді. Алайда бұл мәселе енді қалай аяқталады? Тағы да шулап, қоя саламыз ба? Қалай айтқанда да, стратегиялық нысандар шетелдік компанияларға берілмеуі тиіс. Әсіресе, Ресей тәрізді алпауыт мемлекеттің компанияларына! Мұны қауіпсіздік тұрғысынан түсінетін кез жетті. Бұл ғана емес, 2024 жылдың желтоқсанына дейін тағы бір әуежай сатылайын деп тұр. Атап айтар болсақ, Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайын сату құқығымен сенімгерлік басқару арқылы жекенің қолына беру жоспарланып отыр. Ең бір алаңдатарлығы, Әлия Молдағұлова әуежайын тағы бір ресейлік компания сатып алып жатса, қайтпекпіз?! «Батыс аймақтағы әуежайдың бәрі ресейлік компаниялардың басқаруына өтіп кетіп жүрмесін», деген де алаңдаушылығымыз бар. Расы керек, әуежайларды күтіп ұстауға мемлекет қаржы шығындағысы келмейді. Сондықтан жекеменшікке беруге мәжбүр. Мәліметке жүгінсек, еліміздегі 21 әуежайдың қазірдің өзінде 8-і жекеменшікке өтіп кеткен. Үкімет өткен жылы 2023-2025 жылдары жекешелендірілетін әуежайлардың тізімін жариялады. Сатылатын әуежайлардың тізімі мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталында тұр. Атап айтар болсақ, Хиуаз Доспанова атындағы «Атырау халықаралық аэропорты» АҚ, «Павлодар аэропорты» АҚ, «Қостанай халықаралық аэропорты» АҚ, «Шымкент аэропорты» АҚ, «ЭЙР Астана» АҚ, QAZAQ AIR АҚ, «Өскемен аэропорты» АҚ 2024 жылдың қарашасына дейін сатылуы керек. Ал «Семей халықаралық аэропорты» АҚ биылғы жылдың қарашасына дейін жекеменшікке өтуі тиіс.
Сонда бізде сатылмаған не қалды? Ауадан басқаның бәрі жекешендіріліп жатыр. Ал еліміз үшін құнды болып саналатын стратегиялық нысандардың сатылуын жақсылыққа жори алмаймыз. Бізге қашан да қауіпсіздігіміз қымбат. Үкімет осыны ойласа, нетті?!