«Мәншүкті меншіктеген» кім?
Соңғы аптада желдей ескен ақпараттың анық-қанығы да белгілі бола бастады. Ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергтің компаниясы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың 49 пайыз акциясын сатып алды.
Мақұл, бір өндіріс орнын алып, соның қожайыны атанса, үндемес едік. Ол отандық тауар болып есептеледі де, оны сыртқа және ішкі нарыққа тасымалдауға болады. Мұндай жағдайда біз ұтылмас едік. Ал стратегиялық нысан, әуежайды сатып алып жатса, бұл алаңдауға тұрарлық нәрсе.
Осыдан бірер жыл бұрын әуежайға батыр қызымыз Мәншүк Мәметованың есімі беріліп, бір марқайып қалып едік. Енді келіп, Ресейдің қайдағы бір миллиардері «Мәншүктің» қожайыны атанып отыр. Ал Мәншүк әуежайын сатып алған Виктор Вексельберг деген кім? Ұлты – еврей. 1957 жылы туған. Мамандығы инженер. Виктор Вексельберг – «Сколтеха» қамқоршылар кеңесінің төрағасы, «Ренова» компаниясы директорлар тобының басшысы.1912 жылы «Ростнефть» және ТНК-ВР компаниясының 50 пайыз акциясын сатып алғаннан кейін ол Ресейдегі бай адамдардың тізіміне енген. Америкалық Bloombetrd ақпарат агенттігінің зерттеуінше, Виктор Вексельбергтің 18 миллиард доллар байлығы бар. Ресейдегі ең дәулетті адамдардың бірі. Тіпті, ресейлік бай-манап Әлішер Усмановты дәулеті жөнінен басып озған. Агенттіктің жазуына қарағанда, ол 2016 жылға дейін Ресейде тұрған. 2017 жылдың наурыз айынан бастап, Кипр Республикасының азаматы. Уикипедияның дерегіне қарағанда, ол 2018 жылдан бастап халықаралық санкцияға жататын азаматтардың тізімінде тұр. Ал енді мәселе осы жерден келіп шығады: қазақстандықтар бекер алаңдап отырған жоқ. Халықаралық санкцияға іліккен түбі ресейлік, бірақ Кипрдің байы қалай Қазақстанның әуежайын сатып алады? Оған кім мүмкіндік беріп отыр? Рас, әуежайды сатып алып отырған Вексельбергтің қарамағындағы «Ретранс» компаниясы Ресейдің Екатеринбург қаласында тіркелген. Ал ең бір қызығы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша компания рентабельді емес (- 2,1 миллион рубль) деп танылған, штатында бір ғана адам бар. Сонда қалай, компанияны тіркеп қойып, бір адаммен де жұмыс істей беруге болады екен ғой. Жалпы, Виктор Вексельберг Ресейдегі ондаған әуежайдың қожайыны. Атап айтар болсақ, оның басқаруындағы «Retrans» компаниясының құрамына «Аймақтар әуежайлары» басқарушы компаниясы арқылы Екатеринбург, Самара, Нижний Новгород, Саратов, Дондағы Ростов, Жаңа Уренгой, Петропавл-Камчатск, Благовещенск, Орынбор әуе порттары кіреді. Жалпы, біздің үкімет немесе жергілікті атқарушы билік әуежайдың белгілі бір пайызы сатылып кеткеннен кейін ғана барып, оның қожайынын жария ететіні қызық. Мүмкін, жергілікті халықтың наразылығы күшейіп кетпесін дейтін болар. Сатылып кеткеннен кейін, шулағаннан не пайда?! Ал қазақстандықтардың мазасыздануы бекер емес. Халықаралық санкцияға іліккен ресейліктер қазір өз мекемелерін Қазақстанға тіркеп, біздің еліміз арқылы бүкіл әлемге тауарларын тоқтаусыз өткізіп жатыр. Ал ертең алпауыт елдер Ресейге жасырын көмектесіп жатқаны үшін бізге санкция салып жатса, қайтпекпіз? Рас, олар бізде тіркелгесін жергілікті жерге салығын төлер. Бірақ бәрінен бұрын халықаралық нарықта Қазақстанның абыройы қымбат емес пе?
Қазақстан халқын алаңдатқан сауалға «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметі түсініктеме берді. Енді соны сөзбе-сөз келтірейік.
– Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай компаниясы-операторын әуежайды басқаруға маманданған қазақстандық «Уральск Менеджмент» ЖШС, Қазақстан азаматы Д.Қилыбаев және ресейлік «Ретранс» АҚ-дан (қатысу үлесі 49 пайыздан көп емес) тұратын консорциум сатып алды. Бақылау қазақстандық инвесторларда қалады. Жаңа меншік иелері жолаушылар мен әуе компаниялары үшін қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуежайды техникалық жағынан жарақтандыру, бизнес ісін жандандыруды жоспарлап отыр. Мұның бәрі халықаралық тасымалды дамыту әлеуетін көтеріп, сондай-ақ жүк тасымалы көлемін өсіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Орал әуежайындағы жолаушылар тасқыны жылына 300 мың адамнан асады. Әуежайдың Қазақстанның солтүстік-батысында ыңғайлы орналасуы мұнда транзиттік тасымалды дамытып, соның негізінде өңірлік хабты қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді Орал халықаралық әуежайы ЖШС баспасөз қызметі.
Анықтай кетейік, сонда Орал әуежайы «Орал менеджмент» ЖШС және қазақстандық кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаев және 49 пайыз акциясын сатып алған ресейлік «Ретранс» АҚ-на тиесілі болып шығады ғой. Жалпы, Орал әуежайын сатып алынғаны туралы алаңдатқан ақпаратқа неге әуежайдың баспасөз қызметі ғана жауап береді? Осы жағы бізге түсініксіз. Негізінен, халықтың көкейіндегі бұл сауалға үкімет басшылары, министрлер, әкімдер үн қатқаны дұрыс қой. Өйткені бұл стратегиялық нысан. Жалпы, келісімшарт қалай жасалды? Келісімшарттың 3 жылдық мерзімі аяқталғаннан кейін әуежай мемлекеттің қарауына қайтарыла ма? Әуежай басшылығы «бақылау жұмысын қазақстандық инвесторлар атқарады» деп қана жауап берді. Әңгіме мынада: мәселе қалай бақыланады? Әуежайды мемлекет қаржысына салады да, ол басқаруға жекеменшікке беріледі. Кеткен қаржы қайтарыла ма? Қоғамның алаңдаушылық білдіріп жатқаны орынды. Сол себептен ақпарат та барынша ашық болуы керек.
Жалпы, біздің айтып отырғанымыз бекер емес. Ресей әлемдік нарықтан оқшауланғаннан кейін мұның да жеңіл жолын тапты. Олар кез келген компаниясын Қазақстанға тіркеп, әлемдік нарыққа еркін шығып отыр. Оған біздің билік те мүмкіндік беріп отырғанын жоққа шығара алмаймыз.
Расында Ресейге санкция салынғаннан кейін Қазақстанға ағылған ресейлік компаниялардың саны, тіпті, арта түсті. 2022 жылдың наурыз айынан бергі есепке назар аударатын болсақ, ай сайын Қазақстан нарығына ресейлік 500-700 компания жаңадан қосылып жатыр. Өткен жылдың тамыз айында олардың саны 1,1 мыңға көбейіп, бұрын-соңды болмаған рекордтық нәтижеге жетті. Олар Қазақстан нарығының барлық саласына дендеп кіріп жатыр. 2022 жылдың қыркүйек айындағы мәліметке назар аударсақ, ресейлік капиталы бар Қазақстанға тіркелген компаниялардың саны 15,4 мыңға жетті.
… Алаңдамайтын нәрсе ма, бұл?! Мәншүк Мәметова әуежайын меншіктеген еврей ертең тағы бірнеше әуежайды сатып алып жатса, қалай болмақ? Қазақстанның стратегиялық нысандары кім көрінгеннің қолында кете бермек пе? Ойланатын нәрсе.