Мақалы майысқан министр
Әскердегі әлімжеттікті қашан тыяды?
«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген рас екен. Біздің елде батпандап кірген індет көп. Бірақ мысқалдап шыққаны аз, қайта табандап жатып алды. Мысалы, әскердегі әлімжеттік соңғы 10-15 жылда тым тереңдеп кетті. Апта сайын болмаса да, ай сайын бір сарбазымыз не белдігіне асылып қалады, не жүрегі тоқтап жан береді. Себебін табу қиын. Жүріп жүрген қызымен ұрысып қалады немесе денсаулығында ақау болады.
Жамбыл облысының шекара бекетінде әскери міндетін өтеп жүрген жерінде көз жұмған сарбаздың өліміне қатысты тың ақпарат шықты осы аптада. Тың ақпарат деген сөз құлаққа жағымды естіледі. Алайда бұл жүрекке салмақ салған ақпар болды. Оған кейінірек тоқталамыз...
Қайғылы жағдай өткен жылдың 1 тамызында болған. 19 жастағы атыраулық Бекбол Мираш асылып тұрған жерінде табылады. Кейін қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде Айбек Нұртаев деген сержант қамауға алынған. Ұрып-соқты, күш көрсетті деген айып тағылыпты. Алғашқы тергеу кезінде марқұмды қызымен ұрысып қалды деп куәлік берген қасындағы сарбаздар. Кейін жүретін қызы ондай келіспеушіліктің болмағанын айтқан соң, сарбаздар сөздерінен тайып, Нұртаев ақша сұраған болып шығады. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын сарбаздардың ішімдік ішкені туралы да ақпарат бар. Мұның бәрі тергеуде айтылған деректер ғой. Оның бәріне тоқталмаймыз.
Әңгіменің түйіні былай: құқық қорғаушы Сержан Пірәлиевтің баспасөз конференциясында берген мәліметінде, марқұмның іш киімінен бірнеше адамның биологиялық «жұғындысы» табылған. Тіпті ауыз қуысынан да шыққан деген ақпараттар айтты. Сайлау науқаны кезінде мұндай жағымсыз хабарламаның билікке де, құқық саласына жақпайтыны бесенеден белгілі. Мәлімдеме қоғамды дүр сілкіндірді. Айтып ауыз жиғанша адвокаттың өзіне де қауіп төне бастады. Қылмыстық істің деректерін жария еткені үшін енді құқық қорғаушының өзі жазалануы мүмкін. Міне, Әділетті Қазақстандағы шындықты айтқан адамға тартылған табақ – осы.
Әскери саладағы әлімжеттік бұл оқиғамен аяқталмайды. Немесе Серік Пірәлиевтің мәлімдемесінен кейін бұл салаға реформа жүріп, бірер күнде тәртібі беске өзгеріп кетпес. Әлі талай сарбазымыз айдын-күннің аманында белдігіне асылып немесе қызымен «ұрысып» қалуы әбден мүмкін. Ұнамаса да, шындық осы! Ал «Ұнамаса көшіп кет!» деп жүрген қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскердегі әлімжеттіктің осыншалық асқынып кеткенінен хабары бар ма екен? Әй қайдам, қол астындағы офицерлерінің әйелі қазақ мектебін жаптыруға жанталасып жатқанда, орыс мектебінің жыртысын жыртып, айдаладағы Путинге арыз жазамыз дегенде, «әй, бұларың не?» демеген адамнан не қайыр?!
Әскер демекші, біздің Отан қорғайтын сарбаздарымыз біріне-бірі күш көрсетіп, зорлық-зомбылық қылып жүргенде, елдің әскерлері бірнеше тіл меңгеріп, ғылым мен техниканың құлағында ойнап жүр. Алысқа бармай-ақ қоялық. Ресей мен Украинаның қақтығысы біздің қорғаныс саласын ұстап отырған Руслан Жақсылықовқа сабақ болуға тиіс еді. Соғыс шақырып отырған жоқпыз. Бірақ әскердегі әлімжеттікті тыйып, тәртіп орнатып, қорғаныс саласына реформа енгізуі керек еді ғой. Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан деген дүние қорғаныс, әскери салаға да жасалуы тиіс!