Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ. Аппақ сүю

07.11.2018, 16:20

343

АППАҚ  СҮЮхикаят

Серік Асылбекұлына

[caption id=«attachment_18949» align=«alignnone» width=«229»]Автор М.ТӘЖ-МҰРАТ[/caption]         Бүгін де жұмысқа недәуір кешігіп келдім.         Бас редактор қызметкерлер жапырлап отырған үлкен офис бөлменің қақ ортасында, буы бұрқырап кіріп жатқан мені күтіп, өп-өтірік қасапшыдай түнеріп тұр. Қазір бастайды бір әңгімені. Ойлағанымша болмады: «Не болды?!» деді. — Екі де бір болды. — Не? — Автобус... — Слушай, Ербол Әмірен деген атың бар. Мына жас қызметкерлерге көрсеткен өнегең осы ма?!Бір жылы туған сәбәкі, жұрттың көзінше бір тұқыртып алмақ. Мен де қитықтым. — Е, сен, таңғы бесте тұрасың, әрлі-берлі жүресің, азанғы дене қимылдарын жасайсың. Сосын кофе ішесің… жолыңа екі сағат… Е… майт, кешіріңіз... — Сен өзі қалай-қалай сөйлесесің бастығыңмен?! Жастар отыр дедім ғой. — Кешіріңіз. Абайсызда шығып кетті аузымнан... — Ал? — Не ал?! — Неге кешіктің деймін. — Айттым ғой жаңа. Музакадемияның жанында әлгі… жиырма бірінші… не сынды, не майы таусылды… Содан кісі лық толы басқа автобусқа ауыстық. Қас қылғандай әне бір қара бала да тақымдап қоймады... — Қайдағы қара бала? — Африкалық дегенім ғой. Автобустың бұрышына жапсырып тастады (қалай жапсырып тастағанын көрсеттім). — Оу, қазақтың мен деген журналисі, қашанғы балдармен жағаласып жүресің автобуста? Ауың атқа тиетін уақыт болды емес пе?! — Басеке, сол айтып тұрған жағыңызға бармай-ақ қояйықшы. Шатырхан Бәйтереков деген атыңыз бар. Мында жас қызметкерлер отыр… Содан, е, әлгі сайтандай сап ете қалған негр мені автобустың қабырғасына жаныштап тастады. Қанардай қара. Жып-жылтыр. Татырандай. Екі көзі тура балықкөз етіп құйған жұмыртқа, тасырайып, бірдеңе дейді. Мен де оған тесірейе қарап, енді болмаса «Негр, негр, жылан жегір!» деп айқайлап жіберуге шақ тұрмын. Не керек өзіне?! Ал ол болса: «Айтыңызшы, «Мен және менің диктофоным» дейтін мақаланы жазған сіз бе?» деп былдырақтап қоймайды. «Иә, мен, иттің баласы! Мен!».Осы жерге келгенде бір мәнді кідіріс жасап, басредке таңданысты көзбен қараймын. — Құдайым-ау, сонда мені түу сонау Африкадағылар да білетін болғаны ма?!.Диктофон әңгімесінің дәлірегі былай.Ептеп қиялилау бастығым, — өзінің бұты шидей, басы шақшадай, ал сол шақшадай қауашағының іші толған албырт идея, — биыл жазда бір журналистік зерттеуге тапсырма берді: теміржол вокзалына барып, ондағы көзтаса өмірді ішінен зерттеп, жазып әкелуім керек. Болашақ мақаланың аты да дайын. — «Екеуге арналған жаңбыр», — деді кабинетін ерсілі-қарсылы кезіп кеп бір сәт тоқтай қалып. Сәл бөгеліп, басын шайқады. – Жо-жоқ, Джефф Роуланд бұл жерге келмейді екен. Ә, таптым! «Екеуге арналған вокзал». Иә, дәл солай! Тек астына «Мен және менің диктофоным» деп қосымша жазып қоямыз. Болашақ мақаланың бас кейіпкерлері де солар болады. Оқырман да бірден түсіне қояды! – Дүрдік еріндерін жымқырып, сол қолының сұқ саусағымен ауаны бауырлай тілді. «Үкім шығарылды, шағымдануға жатпайды».Иә, содан… Мен тәулік бойы еліміздің бас теміржол стансасының сүттей ұйыған семьясының мүшесі болатын уақыт ретінде Конституция күнін таңдағанымыз… мейрам күні ерекше қорғауға алынатын стратегиялық нысандағы бос салпақпай жүрісімді дәлелдеу үшін аңыз құрастырғанымыз… ол үшін маған Арманқалаға жазғы демалысқа келіп, енді туған Астанаемес қаласына қайтатын билет таба алмай сандалып қалған туристің образы таңдалғаны… әлгі аңызға орай туристің арқақапшығына өзім тұратын жалданба пәтердің иесі орыс кемпірдің көмегімен «жолға» керек оны-мұныны жиып, мойныма фотоаппарат асынып, редакциядағылар тауып әкеп берген, көкірегіне I LOVE ARMANKALA деп айқыртып жазылған футболканы киіп алып зерттеу нысанына жөнелгенім… ондағы перрон алаңына ысылдап кеп ентігін басып жатқан сан түрлі пойыздар… олардан ақтарылып түсіп жатқан есепсіз адамдар… вокзал алаңындағы «Шортандыға… бір адам! Бозқарағанға… бір адам!» деп жақ жаппай қақсаған «бомбила» таксистер… түнгі вокзалдың «сыбырлақ» кассаларының бармақ басты, көз қысты тірлігі… бекет қалтарыстарында елу пайызға дейінгі шегеріммен сатылып жатқан ұрлықы қалтафон саудасы… қылмыстық кодексіміздің 271-ші бабының 2-ші бөлігін көпе-көрінеу аяқ асты етіп, «түнгі көбелектердің» емін-еркін қалықтап ұшып жатқандары… күту залында заттарын ұрлатып алып зар қағып қалған байғұс жолаушылар… мереке күні қырағылықты ерекше күшейткен вокзал полициясының тоқ соғатын құралы бар бір жігітті қуып жүріп ұстағандары, онысының джоули қуаты электрлі қару қуатынан кем болғасын босатып қоя бергендері… «аңыз» бойынша тырнағымды сойдитыңқырап, жақ жүнімді үрпитіңкіреп, күту залындағы отырғышта жолқапшығымды жастанып мызғып кеткен мені де КПЗ-ға әкете жаздағандары… осының бәрін терең мағыналы сөздерсіз, көргенімді көргендей ғып жазып әкелгенімде кірпияз бастығым ойламаған жерден көңілденіп қалған. Маған қаратып, «қазақтың мен деген журналисісің» деп тұрғаны да – қаланың оқырман қауымы былай тұрсын, африкалықтардың арасында да кең көлемді жаңғырық туғызған сол бір шатпағымның шапағатты әсері. Соның алдында, тағы да сол тақырып тапқыш бастықтың нұсқауымен қалада пеш салатындар жайында жазғанымды жұрт дәл бұлай жапырыла оқымаған еді. Ол бір отқа төзімді тас қалап, пеш соғатындар мұрындарынан шаншылып жататын қысқа қарайғы науқан уақыт еді. Әйтеуір фотограф екеуіміз қаланың шет жағынан біреуін тауып алып, кейіпкер болуға қоярда қоймай жүріп әрең көндіргеніміз есімде. Неге екенін, «ПЕШШІ-нің ісі» деп тағы да тақырыбын басред қойған сол материалым (иә, дәл солай, әлгі лақап атымен белгілі жырынды қылмыскерді құрықтаған кездегідей, үлкен әріптермен көрнекі етіп бергізді) жалпының аузында жүрмесе де, аты да, заты да өткен ғасырдың сексенінші жылдары түсірілген танымал киносюжеттен жиендік жолымен алынған кейінгі ұрлықы вокзал-мақалама қарағанда өзіме көбірек ұнап қалған еді. Себебі қызуы бет шарпыған пештің көмейіне үнсіз қадала қарап отырғанымда кенеттен кейінгі кезде өзімді вокзалда тұрып келе жатқандай сезінетін сырты бүтін, ішім түтін күйім есіме оралып қамырыққанмын. Қай үйдің болсын өмірінің тиянағы түбінен байланатын пештен – қара қазан, сары баладан алыстап кеткенім беймезгіл мазалап, іші-бауырым біртүрлі жидіп кеткендей болып еді...Не керек, содан бері бастығым «Айрықша тапсырма», «Журналист мамандығын өзгертті» сияқты журналға бедел әперетін оқылымды тақырыптарды милары тозбаған жігерлі жас журналистерге бермей, бозқылаң тартқан маған жүктейтін әдет тапты. Осы жолы да жұмысқа кешіккенім үшін шәгбір ұра келіп кабинетіне бастады. «Маған жүр, екеуіміз сөз сөйлесейік». Оқыс тапсырма берерде өстіп жіби қалатыны бар-ды.Білгендей-ақ ойлаппын. Сөз шіркін ескектеп, толқып, көмейден сеңдей бұзылып шығып жатыр. Арман қаласының беткеұстар басылымында еңбек етудің кімге болсын (әрине, маған) бақыт екенін нығырта сезіндіре келіп айтқаны мынау болды: таяу күндері қалаға үлкен аяз келеді, тарихи суық түседі, ауа райын болжаушылардың мәліметіне қарағанда климаттық мөлшерден көп, өте көп қар жауады; ал, өзіңізге белгілі, қаламыздағы көше мен тротуар қар тазалайтын жұмысшылардың санынан көп болмаса аз емес; маусымына сыртқа тасып шығарылатын қардың мөлшері миллион текше!; әгәрәки сол миллион текше толтырылған вагондар құрамын тізіп қойса ұзындығы экватордың ұзындығындай тізбек шығар еді; қысқасы, сізге редакциялық тапсырма – екі-үш күн қаламды күрекке айырбастай тұрасыз, яғни қар тазалаушылар арасында жұмыс істеп келесіз; әдетінше жұмысымды жеңілдетіп, тақырыбына шейін ойластырып қойған – «Ұмытылмас үш күн» (ол күндердің ұмытылмайтынын бұл шіркін қайдан біліп отыр десейші, бәлкім, үш күн түгіл бір күнді безбендей алмай жүрген мен ұмытып кететін шығармын). Тамаша емес пе?! Осы жерге келгенде әдеттегідей орнынан тұрып кетіп, кабинетін ерсілі-қарсылы кезе бастады. «Жылдам жиналып бара қал. Керемет идеяны біреулер қағып әкетіп жүрер».Шамалы пауза. Көзбен қойған сұрағымды оқып тұрғандай: О-о, қарлы қыс! Ақтарылып жатқан тап-таза, шыңылтыр ауа… Қалықтап кеп қонып жатқан ақ қанат көбелектер… Мақта сияқты, үп-үлпілдек. Алақаныңа салсаң, баяу ескен желмен ырғалған бидайықтың шашағындай сусылдап, саусылдап, сыбырлап кетеді. Күректердің шыңылы, олар қақтығысып қалғанда ұшып жататын ұшқын-зарядтар… Айнала техниканың неше атасы – шнекті-роторлы қартазалағыштар… автогрейдерлер… жиырма бірінші ғасырдың төресі – хутер, омакс, шампион, әсіресе американдық эмтыдыны айтсайшы! Әп-сәтте жылан жалағандай тазаланып қалатын бэкьярд, фронтьярд, драйвэй алаңдар… Осының бәрін жұлынтұтамды қауып, буынға түсіріп жаз, құтыртып тұрып безендіріп береміз нөмірге!..Поу, не депті-ау. Әңгіменің басында өнегелі сөзге түскендей көрініп еді, бірақ не десе де жаратылыс шіркін жібере ме… Осы жерде басыммен ойлап көрсем, еліккенге желігетіндей тіпті де орным жоқ сияқты. Бұл мында, жылы офисте аузына салса еріп кететін бұзаудың етін жеп, Саягүл дайындап әкеп берген ыстық какаоны ұрттап қойып, жақсы көретін Роуландын тыңдап, кезекті сандырақ идеяларын ойластырып отырады екен де, мен – сыпыртқы ұстаған «кот Василий», қайдағы бір мақала үшін ала таңнан қара кешке дейін жілік майым үзіліп, керзі етігімнің қонышы қомпылдап қар күреп жүреді екем. Тапқан екен ақымақты. Бірақ, іштей ой безбеніне сала келіп, әдебиеттің Әуезовы мен Әбулақабы болатыны сияқты, журналистиканың да «әлеулейі» болуы керек шығар дедім де, келістім. Үнсіз келістім. «Ерлік жасайтын жастан да, қар күрейтін шақтан да кетіп қалдық қой» деп айта алмадым. Төмен ұшатын үйрекпіз ғой біз. Ал бұлар болса кіжінген «Кіші атам» емес пе, жынына тисең, өздері айтатындай, шыққан жеріңе қайыра тығып жіберуі кәдік. Онда өмірдің өрін көздеп, Арман қаласына келгендегі асқаралы бүткіл мақсатым сағым көтергендей ғайып болмақ.х       х        хШиборбай бастығымның айтқаны аумай келді: ертесіне бір түнде Жаңа жыл алдында сәнденіп жатқан қаланы толарсақтан қар басып қалды. Көшелерді алақаншық борасын ұятсыздықпен жігерлене кезді. Яндекстің хабарлауынша, бұл күні тәулігіне он төрт сантиметр шық-шылам түсіп, секундына жиырма метр жылдамдықпен күшті жел соққан. Жергілікті радионың жағын сауып тұратын журналистері бұл мәліметті «бүкіл метеохабарламалар тарихында дәл осы күн бойынша жауын-шашын мөлшері жағынан рекорд жасалды» деп жіберді. Синоптиктер болса тынбай жауған қар дүйсенбі күні таңертеңгілікте ғана толастауы мүмкін деп хабарлады. «Арманқала-Тазалық» жауапкершілігі шамалы серіктестігіне хабарласқанымда ондағылар қалыңдығы норматив бойынша жеті сантиметр қар қабатын жинауға қарастырылған уақыт бір аптаны құрайтынын, жеделдеткенде үш-төрт күн кететінін айтты. Одан асып түскен әр сантиметр қарды тасып әкету үшін және бір күн керек екен. Төтеннен келген осы табиғат қолайсыздығымен ымырасыз күрес сол түні, қар жауа бастаған шақта-ақ басталып кетіпті. Бұл іске қаланың коммуналдық кәсіпорындарының бүкіл күші жұмылдырылған. Техника алдымен қозғалысы көп орталық көшелер мен алаңдардың қарын аршуға кіріскен. Әрине, бәрі керемет деп айтуға болмайды: қар үздіксіз жауып тұр, ал техника мен адам күші жетіспейді, сол себепті көлік бөгелістері пайда болып, жайшылықта машиналары алтын аққан өзендей ағылып жататын көшелердің дағдылы қозғалысы бұзылған. Әсіресе жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция сияқты арнаулы қызмет көліктері қарға малтығып кәріп боп қалды. Қыстық аяқкиімін киіп үлгермеген автокөліктер асфальт жолда кенет шырқ үйіріліп, аяқтары бастарына келе жаздап жатыр. Ауа райын болжаушылардың ақпараты дәл шығып, солтүстіктен сұғына енген циклондар шық-шыламның соңын ылғалды қарға айналдырып жіберетін болса, жағдай одан сайын қиындай түспек. Ал қардың қалыңдығы жиырма сантиметрге жеткен жағдайда табиғат апаты жарияланады екен. «Келетін болсаңыз тезірек қамданыңыз» деді осыларды хабарлап болғаннан кейін телефон сымының арғы ұшындағы коммуналдық кәсіпорынның өкілі. Көмейінде «қызық әлі алда» дегендей бір күлкіл қалды.Бірақ біз қазақпыз ғой. Айтқанды айтқан күйінде орындап шығатындай мен қай бір елгезек журналиспін және бізде айтқанды айтқан бойда орындай қоятын қай бір бюрократ емес мекеме бар дейсің: тиісті орындармен қағаздасып жүріп, тілімді бұрап сөйлесіп жүріп көше тазалаушылар бригадасында жұмыс істеуге рұқсат алғанымша тағы бір-екі күн өтіп кетті. Мәулетқағаз қолға тиген күннің ертеңіне жаңа жұмыс орныма бет алғанымда қар толарсақтан асып, тілерсекке жақындап қалған еді. Таңсәрі. Айналамда уілдеген желден басқа ешкім жоқ, тұмсығымды жасанды теріден тігілген жарғақ тонның жағасына тереңірек тығып алып, бір өзім қараңғы көшемен безіп келемін. Кемі жерге жарық түспей тұрып жетіп алуым керек – тазалықшылар солай деген. Бірақ есер жел етегімді жұлқылап, адымымды аштыратын емес – біресе темірдей боп бет қариды, біресе сұрапыл күшпен арқадан итереді. Бірер мәрте екі үйдің аралығындағы өтелек жерден қысылып шығып, ызғарлана соққан ұшырма табан жолымнан бір бүйір әудем жерге дедектетіп апарып тастады. Арманқаланың түнгі ұшырма желі даладағыдан да күшті болады, ал саршұнақ аязы күндізгіден он градустай суық келеді деуші еді, рас екен. Желдің күштілігі сонша, жаңа жауған ақ ұлпа қарды құйындай ұйтқытып, мидай араластырып, алдыңнан алапат боран орнатады, оң жағыңа шығып алып бұрқап соғады, сол қолыңнан жаяу борасын болып келеді, ара-тұра төбеңнен тажал боп ойнайды. Сонда табан жолыңдағы қарды қалай деп сипаттарыңды білмей дал боласың: аяқ басқан сайын сықырлайтын қасат қар ма, жапалақтап жауатын көпсік қар ма, асты жылбысқаланып жататын томыртқа қар ма, әлде қапалақтап жауатын мамық қар ма, айырып болмайды. «Қалықтап кеп қонған ақ қанат көбелектер. Мақта сияқты, үп-үлпілдек. Алақаныңа салсаң, баяу ескен желмен ырғалған бидайықтың шашағындай сусылдап, саусылдап, сыбырлап кетеді...» — беу, бір кісі жылы офисте осы бір ауыз сөзбен шағын романдық оқиғаны бергендей болып еді, сондағы сымға тартқан күмістей әп-әдемі естілген сөздер бораны жын атқан түнгі көшеде қыздырманың қызылы болды да қалды.Тас пен темір бүркенген қала ұйқыдан енді оянып жатыр. Арманқала, шапшаң шаһарланып келе жатса да, шынтуайтында әліге дейін облыс орталығынан қарымы аспай тұрған шағын шәр ғой, әсіресе ескі бөлігі тұтасқа жуық атам заманғы жер үй және бір типтес төрт-бес қабат тұрғынжайлардан тұрады. Жер үйдегілер тіршілік белгісін бере бастаған: түндіктері түтетіліп, түтінмен ашылып қалыпты. Керісінше, өзім тұратын теміржол бекеті маңынан орталыққа жеткенімше көпқабатты үйлердің ауласының мас тракторшының жолындай ирек тісті аласа қабырғаларының аржағында күрекпен, сыпыртқымен қаруланып алып қараңдап жүрген бірен-саран аула тазалаушылардан және шортанқармақтарын асынып, өзеннен мұзойық ойып, кіленкөр шатырға кіріп отырып қармақ тастауға асыққан бірер балыққұмарлардан өңге жол бойы тірі тышқан кезікпеді. Балықшылар асығыс: оларды Көсіл өзені мұзының аязға шыдамай, бірде күрс етіп қақ айырылып, күтір-күтір жарылғаны, біресе айнаның әйнегіндей шатырлай сөгілген дабысы, — өздерінің осы бір аз сәттік бақыты, — бейне көлдің қызғыш құсының келте қайырған әсем әуеніндей алға дедектетіп сүйреп барады.Қала ішін ұзақ айналсоқтаған боранмен алысып әлденеше жер жүргеннен кейін ақ қырау тұтып, шыққа малынған елтірі тон, елтірі жағалар, астарына синтепон тыққан майкрофайбер сулық киімдер ұшыраса бастады. Кісі қарасы көбейді. Межелі жерге – қаланың мәдениеттеніп қалған орталық бөлігіне жақындаппын. Бұл кезде түн етегі толық түріліп болған еді.х       х        хОрталық – бұрынғы горкомхоз, қазіргі «Тазалық» кәсіпорнындағылар маған «барасыз» деп сілтеп жіберген басты алаң, яғни қалалық әкімдіктің маңы. Менің редакциялық тапсырмамен жүргенімді білгеннен кейін қар тазалаушылардың бірі бригадирді шақырып әкелді. Біргәдір — дембелше келген орта бойлы, кең иықты қыз бала ығыспай келіп, еркектерше қол беріп амандасты. Міне, қызық, қайысқан еркекті қыз басқарып жүр! Және қандай қыз десейші, диірменнің тасындай ойнап тұрғаны өз алдына, ал енді алақаны бар ғой, алақаны, айдау қара жолдай жап-жалпақ. Мұның сырын кейіннен білдім ғой.Көктен салаң етіп түсе қалған көмекші Нұргүлді аса қуанта қоймаған сияқты. Бірақ әйел затына тән сезімталдықпен онысын қымтап ұстап, өздері супервайзер деп қоқырайтатын завхозға мені Концерт-сарайдың төлеқабатындағы әбзелханаға апарып арнаулы киім беруді тапсырды. Үлкен қалаларда қыста коммуналдық қызметкерлер термоішкиім киеді деп естуші едім, мұнда ондай жоқ екен. Астары жасанды мамықпен сырылған, арзанқол көкшіл матадан тігілген сулық күрте-шалбар. Өзін бұрын талыстай біреу киім еткенге ұқсайды. Әйтеуір екі өңірін айқастырып салып қапсырғанымда бір емес, екі бешпетті қабат киіп алғандай болдым. Сыртынан жол жұмысшысының жарқырауық таспалары бар жеңсіз сары жейдешесін киіп, шонданайдың үстін ала жіңішке қайыс белдікпен бір тартқанымда дәл белін буған сыпырғыш болдым да қалдым. Айнаға қарасам, қойшылардың ит-құс үркіту үшін қора шетіне орнатып қоятын қарақшысынан аумаймын.Арада бірер минут өткенде осы қалқиған қалпыммен Айдан түскен адам құсап табиғаттың кеңістігіне аттап шықтым.Кеше өзімді осылай қарай бағыттағандар бригадада жұмыс таңғы бесте басталады деп еді, рас екен. Арада өткен екі сағатта жиырма екі адам жабылып жүріп бірнеше КамАЗ-ды қарға тиеп жіберген.Ай, қанша айтқанмен біздің бастықтың білмейтіні жердің астында ғой, «қаламызда тротуар жол жұмысшысынан да көп» дегені қолмен қойғандай дәл шықты. Ат төбеліндей адамға тақау төңіректегі табиғаттың ауданынан бір емес, бірнеше атшаптырым болатын жер бөлініпті. Бригада таңның атысынан күннің батысына дейін әкімдік алдындағы алаңды, Концерт-сарайдың алдын, Қабай мен Ақтылы көшелерінің аралықтарын, оған қоса Өкейханов, 1986 жыл көшелерін, Салтанат даңғылын, Қабай мен Променаде аралығын және Мирченко мен Байгелдинов көшелерін – барлығы жүз де он төрт мың шаршы метр жердің қарын күреп, шығарып үлгеруі керек екен. Үш қартиегіш трактордың, төрт қартасығыш жүк мәшинесінің көмегімен. Басред айтқан шнекті-моторлы қартасымалдағыштарды, автогрейдерлерді, жиырма бірінші ғасырдың төресі Huter, Omax, Champion, американдық MTD-ны мен әлденеге бұл жерден көре алмадым. Мұндағылар «Тазалықтың» пиаршы мамандары жаза беретін, қандай да бір сірескен қар, көкбет мұзыңның көбесін сөгіп алып жол жиегіне күреп тастайтын, жазда көше бойының көгін өзі суарып, өзі сыпыратын, тіпті шөбін қырқып алатын «Джетбрумды», су шашып көше сыпыратын, қыста табанжол тазалайтын «Бошунг Пониді», қар түгіл тас тастасаң да қарш-қарш шайнап қылғып қоюға дайын «Унимог-400»-ді, бір сағатта он КамАЗ қарды су ғып шығаратын «Қар айдаһарының» атын естігені болмаса, көрмеген. Мұнда негізінен қар жинаудың жеңіл және орта техника қатысатын механикаландырылған тәсіліне, сосын қолмен жинау әдісіне жүгінеді екен. Маған түсіндіріп айтқаны, бұл – екі жүз алпыс бес қарапайым техника және жолшының кәдімгі қалақ күрегі. Басқаша айтқанда, баяғы жарықтық қалақ-күректің беделі күшінде. Бригада осы скребок-қырғышпен қаржалдағыш автогрейдерді де алмастырады, жол жиегіндігі қарды күреп алып жал қып үйеді, техниканың бөлек-салақ жерлері сыймайтын қуыс-қалтарыстарды тазалап шығады. Ізінше оны қос қалақты аспалы қаржинағыш – «лаповик» жинап әкетіп, жүгін өзі аударатын жақтаулы мәшиненің шанағына көтеріп апарып тастайды және аударыстырып үйеді. Автомат қалақтан артық-ауыс түсіп қалған қарды жолшылар лаповиктің шөмішіне салып тұрады. Осы тәсілмен қары алынған жерге арнаулы машина құм мен тұз қосылған реагент шашады.Болған-біткені осы. Төменде, супервайзер берген күректі қолыма алып тұрып бойында басып қалатын кнопкасы жоқ па екен деп айналдырып қарай берген жазған басым сыртқа шыққасын барған бетте «Енеден туа өнерленіп кеткен ешкім жоқ шығар» деп, құдайдан сәт тілеп жұмысқа кірісіп кеткенмін. Алайда арада жарты сағат өткенде қар тазалау жөніндегі білімім тым үстірт, тым шектеулі екендігін масқаралықпен үнсіз мойындауыма тура келді.Қар жинаудың оңай-оспақ шаруа емес екенін сырттай білгеніммен, оның да өзіндік ғылыми бабы бар деп кім ойлаған. Мысалы, қалыңдығы он сантиметрден асатын қарды коммуналдық шөткелер жол жиегіне сыпырып апарып жал қып үйіп кетіп отырады. Солай етсе қартиегіш техниканың күреп алуына ыңғайлы. Осы реттен келгенде бүгінгідей он төрт сантиметр болып түскен қалың қар қайта оны қолмен жинайтындар үшін тиімді болып шықты. Себебі, мөлшер бұдан аздау болса жолшылар әр он-он бес метр сайын күрекпен, атжал шығарып кетіп отыруы керек. Адам жүретін жерлерден, қуыс-қалтарыстардан ысырып әкелген қар да әлгі жалға үйіледі. Үшінші қол жұмысы, жоғарыда айтып кеткенімдей, қартасымалдағыштан сыпырылып қалған қарды шөміш астауға салу. Сонымен бірге қаржинағыш техника асфальттың, тақтатас пен құйматастардың кедір-бұдырынан ала алмай тастап кеткен қырбық қар да қолмен жиналады. Сондықтан қарды дәл жауып тұрған кезінде, яғни көксоқтаға айнала қоймаған көбік күйінде де жинайды екен. Екі жұмыс, есесіне жеңіл. Әйтпесе қандай ұлпа қар болсын жата берсе жарты сағатта қатып, шыңылтыр көк мұзға айналмақ.Қар жинау – тәсіл қолданбасаң нақ шаршататын жұмыс. Жастайынан ауылда ауыр жұмысқа араласып, тесікөкпе боп қалған, әрі қолдары да, аяқтары да жас мұндағылар қар қалың жауғанда көбінесе өздері ырғытпа дейтін тәсілге салады екен. Ол дегенім, арнаулы екі күректі біріктіріп байлап, ысырып әкелген қарыңды күресіннің ұшпасына шығару. Ол үшін кәнігі жолшылар жұмбаздалып жатқан жентекті текше түрінде шамалап қиып алады да, одан әрі қолмен көтеріп мықшыңдап жатпастан, күректі келдегінен ұстап тұрып қалағының астынан жақсылап тұрып бір тебеді. Сонда көбіктей жеңіл, табыттай ауыр қар біржарым-екі метр жоғарыға, жартастың шоқысындай боп үйіліп жатқан атжалдың қыр басына ырғып барып түседі. Арқа-жон, бел-омыртқа дегенің жұмысқа қатыспайды да. Ең бастысы желге қарсы күремей, қардың атжалын желдің ық жағынан шығарып отырсаң болғаны, өйтпесең баяу желпіген желдің өзі-ақ жаңа ғана тазалап алған жеріңді адамыңмен, теміріңмен қоса жеңілтек қармен ұйтқытып көміп салады.Күрегімді қолға алып, бірден қар атаулыға ата жауымды көргендей тәураттық жансебілдікпен ұмтылған мен бригададағы жігіттер әлгі тәсілдерді көрсетіп түсіндіргенше белім талып, қара терге түсіп үлгердім. Ауылда күніге қара жұмыс істемегеніммен ауланың қарын бір кісідей күреп өсіп едім. Қазіргі түрік лицейлерінде оқитын кейбір балалар сияқты қар күреп жатқан әкесінің жанынан жайбарақат өте шығу яки орыстар сияқты әке-шешесіне тамаққа жалданып қол қайырын беру біздің заманымызда атымен болмайтын. Әке-шеше бізге несібемізді ауланың қарын күремесек те беретін. Мәлік фанер күрекпен бір жағынан, Марат екінші жағынан тиіседі, оларға мықшыңдап мен де қосылам, сөйтіп үшеуіміз жабылып жүріп әп-сәтте қандай қалың қарыңның да ойран-ботқасын шығаратынбыз. Ал мына қалалық жанталас күрестің ауқымы да, қарқыны да ауылдағы аула тазалаудан әлденеше төтен. Соған сай жігіттер де бұл іске әбден ысылып, машықтанып алған. Жігіттер ғана демейінші, себебі мен тап болған бригадада Нұргүлден басқа да бірнеше қыз бар екен. Бригадирмен салыстырғанда қолдарының қуаты әлдеқайда аз шынашақтай ғана оларды жел ұшырып әкете жаздайды, есесіне біргәдік қыз жұмысты жапырып жібереді. Ол барған жерде қар қалып қойды болмайды. Өзінде перінің күші бар шығар, мәшиненің астаушасын темекі шеккендей уақытта бір өзі жайғап тастайды. Апыр-ай, дедім күрегіме сүйеніп тұрып, біздің бастық доғал сантехниктерше жұртқа жұмыс істеуді үйрете бергенше, мына қарғадай қара қыз сықылды жұмысқа бөгет жасамауды үйренсеші...Тұтас алғанда, бірер сағат таза ауада жұмыс істегеннен кейін өзімді жақсы сезіндім. Бастапқыдағы «алда-жалда саусағымды үсітіп алсам журналистік мамандығыма крест қоя беруге болады» деген ойдан арылып үлгердім. Мана завхоз берген керзі етікті шұлғаусыз жалаңқат кигім келмей, өзімнің полиуритан табанды етігіммен қалып едім, соның қысқа қонышынан қар құйылып шамалы мазамды қашырғаны болмаса, ақ қар, көк мұз үстіндегі еселі еңбекке елеулі үлесімді қосып, нәтижесінде сағат тілі он бірден өте қосағаның орнындағы қосайым күрегін тастап түскі үзіліс жариялағанға дейін бір-бірімізге дем беріп жүріп ойдай қарды тиеп үлгердік. Біздің қол алтын ғой.Аязды желді артқа тастап, жертөле қабатқа түстім. Мүлік-мүкаммал сақтайтын жапсарлас үлкен бөлмеде, жігіттері қабырғаны бойлай қойылған ұзын ағаш сәкіні жағалай, қыздар жағы қысырақтың үйіріндей үркіп барып серіппелі нағыз диванға жайғасқан қар тазалаушылар күндізгі еселі еңбекті одан әрі жалғастыру үшін қарын тойғызудың қамын жасап, көздерін бір нүктеге қадап алып, тізелеріне қойған түстіктерін сылпытып соғып отыр. Қар шаңқандай әппақ, ал мыналардың беті Мақсоттың етігі сияқты күйелеш-күйелеш болып бырысып қалған. Нашар сабыннан, қарыма желден шыт-шыт жарылып кеткен еріндер, өтпейтін ұстарадан құрысып, әрі жел қағып, аяз сорып тотыққан ісіңкі беттер. Бөлме ішін жұмысшы табына тән кәнігі иіс – темір мен майдың, тер мен шуаштың, аздап әтірдің қосындысы жайлапты.Барлығы да өзіміздің көгенкөздер – жаңа қалаға аттаныс екпінімен келіп қалған дүмбіл қыр қазағы, адамы біріне-бірі мінгесіп жапырлап отырған күнгейдегі кенттерді тастап келген диқандар, арагідік солтүстіктегі қазақтың жер бетінен құрып, жоғалып бара жатқан түрлері де ұшырасады. Мұны алдарындағы түйіншек-астың мәзірінен де аңғарасың: кейбіреулерінде еттің мәнді-мәнді жерлері етене ағараңдайды, ал енді бір түйіншектерден қуырып алып, келімен кеузеп, уағын бір бөлек, сағын бір бөлек алған бидай мен жүгерінің жеңсік иісі аңқиды. Барлығы да асты ағарғанмен әрі итеріп отыр. Осылардың баршасы қосыла кеп бөлмені сырт дүниеден алабөтен, тек өзіне ғана тән атмосфералық қысымы бар кеңістікке айналдырғандай еді. Жұмысшылар ортасына қалыпты бұл жағдай мен үшін бір мезгілде әрі таныс, әрі мәлімсіз таңсық дүниедей. Бізде тамақ аз желініп, сөз көп сөйленетін, ал мына өзім әлі үйір бола қоймаған жат ортада бәрі керісінше. Байқаймын, осы отырыстарында бұларға менің әппақ қардан көктем іздегендей қылқима зияли түрім де, жауған қармен көктен түсе қалғандай сөзім де түк ұнап отырған жоқ. Қазақ айтатын ақ қар, көк мұзда ерігіп жүрген бұ нағылған адам деп, көздерінің астымен қарап қойып, күнделікті шаруаларымен айналыса береді, — шұрқырап қарсы алмады, бірақ ауырсынған да қабақ жоқ. Менің де дәл осында шаруам шамалы. Менің міндетім – аз сөйлеп, көп тыңдау, естіген әр сөзді ми қорапшама салып қою. Бастығым құлағыма құйып берген жоба бойынша бригададағы боямасыз өмірді көрсету үшін естігенімді естігенімше жазумен шектелмей, сол әңгімелерден туындайтын әсерлерді де беруім керек. Яғни жанды әңгіме-дүкенді сырт көзбен үнсіз куәгер болып бақылап, ұзақ аңдап, терең барлап отырмақ керек. Басредтің «Евгений Носов балыққұмарлар жайлы бір әңгімесінде сөйткен» деп сұқ саусағын шошайтқаны есімде.Түстіктен кейін бригадаға тынығып алу үшін бір сағаттай уақыт беріледі екен. Сиестада ұйқысы әманда қалтасында жүретін кейбіреулер сәкіге самсоз жантайып, мызғып жатыр, енді біреулер қаужаңдап болып ысырыла отырып, әңгіме көйтуге көшкен. Солтүстікте көп тұрғандықтан шашы түсіп қалған бір жігіт: «Әй, гүжбан қара, зәуімде қардың астынан ішінде миллион доллары бар сөмке шыға келсе не істер едің?!» — деп жанындағы құрдасын қыжыртып, айналасын күлістік аттырады. Енді бір сәт әңгіме желісі қаладағы бүгінгі күннің басты жаңалығы – қардың кесірінен жазым болған әйелдің жайына ойысады. Кейде қар өте қалың жауғанда қалаларда үстіне ылғалды қардың салмағына шыдамаған ағаш құлап, электр желісі түсіп, адамдар да мертігіп жататынын еститінбіз. Арктикалық суық шегіндегі Арманқала ондай шетін оқиғадан аман десең бәрібір жауырды жаба тоқымдау болып шығар еді, сондықтан бригададағы екеудің бірі «Үстіне қарағаш құлап, тіл тартпай кеткен», екіншісі «Жоқ, олай емес, ағаш құлап бара жатып үзіп кеткен электр сымындағы тоққа түсіп өлген» деп бір-біріне жеңістік бермей жатқанын тыңдап отырып, сондай-сондай төтеннің орын алғанына сендім де. Бірақ, әйтеуір, әңгіменің түбі хайыр: анықталғанындай, көшемен келе жатқан курьер әйел үйдің консолінен құлаған сүңгі дәл омырауынан соғып құлатып, содан есінен танып қалған екен.Аңғарғаным, қалада қыс күндері төбеден сүңгі түсетін, көктайғақта тайып құлап мертігетін оқиғалардың орын алуы жиі. Бұған үй шатырларындағы және жолтабандағы қарды көксоқталанбай тұрып жинап алуы және асты жылитын тротуар төсеп, бишофит дейтін реагент теңіз тұзын шашуы тиіс арнаулы мекемелер, қызметтік міндетіне әлгі мекемелерді қадағалап отыру кіретін шенеуніктер кінәлі екен. Осы соңғы тақырыпқа байланысты әңгіме қыза келе жаңалықты кеше естісе де бүгін естігендей қылып, «сабырмен» жеткізетін біреуі шығып сөйлеп, интернеттен оқығанын әйдік жаңалық ретінде қайта-қайта айтып қоймады: солтүстіктегі бізге көрші елдің астанасында бір әйел үйінің алдындағы қарды коммуналдық қызметтің уақтылы жинап әкетпегеніне ерегісіп, түнде күресіннің үстіне сол тұста елді шулатып жүрген Навольнюк дейтін опппозиционердің аты-жөнін үлкен етіп жасыл бояумен жазып кеткен екен, мына қызықты қараңыз, таңертең тұрса, әлгі күресін зым-зия жоқ дейді.Осындай-осындай көңілашар әңгімелер. Ал менің құлағым әңгімеде, зейінім өзіме дастарқандас жігітпен арадағы сұхбатта. Журналистиканың тілімен айтқанда фактіні екі жақтан да сауып отырмын. Өзін Бегаз деп таныстырған көршімнен, — сөз ебіне қарағанда өзіміздің «южан» сияқты, — көкпардың атындай ойнақтаған жұғымтал жігіттен ас ішетін бөлмеде де өз үйіндей иелік жасап жүрген біргәдік қыздың жай-жапсарын білмек боп ынта қойған сұрағыма толық қанағаттанарлық дәрежеде жауап алдым. Айтуынша, мұндағы жұмыс ауыр. Қар күреуші қырық мың, ал жүргізушілер алпыс-жетпіс мың көлемінде жалақы алады. Қанша қысып ұстасаң да жетпейді. Өзің байқаған шығарсың,  әсіресе қар талып, бел шыдатпайды. Сонда да бес-алты жылдан бері ешқайда табан аудармастан қар аршып, көше тазалап жүргендер жетеді. Ал Нұргүлдің осы жолда келе жатқанына бақандай он бір жыл. Алдыңғы үш жылда қатардағы жұмысшы болып жүрген оның жарты сағатта бір КамАЗ-ды жалғыз өзі тиегенін, сөйтіп өңгелер оның жанында жігіт болмай жидіп қалатынын байқаған басшылар қызды алдымен мастерге, соңыра бригадирлікке жоғарылатады. Сонда да «бастықпын» деп шіренбейді, қара жұмыстың қандайынан да бас тартпайтын қаражон мықтылығын бағана өзің көрдің. Былтыр болуы керек, республикалық әйелдер конгресіне делегат болып қатысқан «Арманқала-Тазалық» серіктестігінің озат бригадирі Нұргүл Нұрмышева министрдің тап өзінің қолынан алғыс хат алған. Алған да, сыртқа шыққасын көшедегі еңіз де теңіз жаңбырдың астында малшынып тұрып ағыл да тегіл жылаған. Жазатайым қыз болып туылып қалған жанперзентінің осыншама құрметке ие болғанын қайран әкесі көре алмай, арманда кеткенін ойлап...Бригадирдің үлкен жұмысшы қолдарының сыры енді мәлім болды. Байқаймын, естігенімнен туындап жатқан шамалы әсерлер де бар сияқты. Енді сол әсерлерді күшейту үшін жан-жағымды байқатпай көз қиығыммен барлай бастадым. Алдында байқамаған екенмін, бригададағы нәзік жаратылысты жандар бірыңғай отырмапты. Мәселен, бір бойжеткен өзіне қарсы нәсілмен жұп құра жайғасқан. Егіздей жұптас, қояндай бастас бұл екеу көңіл жарастырып жүрген жұп болмаса нағылсын деп ойлап қойғам. Екеуінің бірін-бірі бригададағы басқа адамдардан артық жақсы көретінін байқау үшін көп ақылдың керегі жоқ еді. Иә, есіме енді түсті, мана жұмыс үстінде осы қызды мына жігіт жұмыстың ауырына апармай, көбінесе көшедегі қоқыс жәшіктерін қотарып алуға қақпайлап жүрді ғой (қар тазалау ғылымында жәшіктегі қоқыстың қарға араласпауы қатты құнтталады). Мына отырыстары, әсіресе шүңкілдесіп отырып бір түйіншектен, түннен қалған уақ-түйекпен түстенуі сол болжамымды бекіте түсті. Құмбыл көршім де ойымды оқып қойғандай: «Бұл екеуі осында танысып, бас қосқан» деп сыбыр ете қалды. Жүретін қызы болар деп отыр едім, жоқ, үйленген екен.Апыр-ай, ә?! Соғыс кезінде партизан отрядтарында ондай-ондай оқиғалар болған, жұбайлардың некесін командирі «қиған», ал бертінде «бомждар» қоқыс күресіндерінде дүрілдетіп бас құрау тойын жасайды дегенді кітаптан, газеттен оқушы едім, ал сондай уақиға жұмысшылар ортасында да болып жатады деп кім ойлапты.Кейінгі күндері мен әлгі бойжеткенді бірнеше жағдайда көрдім. Тыста, жұмыс үстінде жел қағып, аяз сорып тотыққан жүзі қоңырқай тартып, коммуналдық кәсіпорынның формалы киімін киген көп жұмысшының бірі болып көрінген оның іште сырт киімін шешіп, қолдарын сілкілеп ауырсына әлсіз дыбыс шығарғанын талай рет бақыладым. Сүйегі жұқа нәзік қолдары қызғылтым түспен тілім-тілім жарылып, мүк түстес таңдақ басып кеткен екен. Әлгі таңдақ жерлер алыстан қарағанда саусақтың томпағындай күмпиіңкіреп, торғыл-торғыл боп көрінеді. Десе де жас бикеш сырт киімін шешіп, жол жұмысшысының дөрекі белгілерін жоғалтысымен, кәнігі иіс жайылған бөлмеде әлде бір жұмбақ құпияға, балиғаға толы өзгеше жастық бітімімен кенет өзгеріп сала беретін. Осы қалпында киіндіріп, бояндырып қойса бейне бір гортензия гүліндей дала сұлуы боп шыға келер еді десем асыра айтқандық болар еді. Сол сияқты жоқты бар етіп ұқсата білетін, қазақтың ақылға да, мінезге де бай алтын саусақты келіншектеріне теңесем де сөзім әсіре марапатшылдыққа ұқсап кетер-ді. Тіпті десе қалайда кісінің бетіне иман боп шығып тұратын көркемниет бәкиза көңіл де қыздың жаратылысын толық бере алмайтындай. Қимылындағы тілмен суреттеп жеткізу қиын алабөтен бір нәзіктіктен, қозғалыстағы дәлдіктен, нұрлы келбетінен, риясыз жылы жымиысынан тамыр тартып, қысқасы, әйел затының бүкіл табиғатынан есіп тұрар туабітті қылықтылығы да бұл жерде қоңылтақсиды. Мисс-нәзіктік? Жоқ, ол да келмейді.Қыздан кәдімгі шырышы бұзылмаған табиғаттың буы аңқитын еді. Мен бригадада өткізген үш күнде аузынан несие сөз шықпады, сөйтсе-дағы жұмыстастарының жүзінен мейірім шуағы төгілген қыз баланың әр сөзіндегі саналы салмақты байқамауы мүмкін емес еді. Содан ба екен, мен бойжеткеннің күлсары шашын, дәл сол түстес қас-қабағын бірден сала қарыс масағын көтере алмай, желмен теңселіп тұратын дала алқабының бидайына ұқсаттым. Күлгін-сары шашты, көкшілдеу тұнжыр көзді оны бұрынғының қазағы «бидай өңді» деп әліптер еді. Көз демекші, қыздың көз жанары өзі жинап жүрген ақша қар сияқты тап-таза. Қарашығында әр түспен құбылып, тереңінде бірнеше жұлдыз дірілсіз тұнып қалған тәрізді. Осынау аялы тұнжыр көз бірдеңе болса лезде мөлтілдеп жасқа тола қалатындай. Өңге адамға кейде боталап, кейде жалтақтап қарайтын жалтаң да бейкүнә көздер есіктен күйеуі көрінген сәтте жаңа ұшталған найзадай жалтылдап, қою сары ұзын кірпіктердің астынан тереңде жасырынған жұлдыздар түріліп шығып, жанарынан жанарына тасынып төгіліп кететінін әлденеше байқадым. Бәлкім ішін ерітіп, бірақ жарына айта алмай жүрген жалын атқан ынтызарлық, әлде маңдайынан елжірете сипайтын үлкендердің алақаны мен ықыласына кенеліп үлгермеген жанның қорған іздеген, жұбауратар адам іздеген жүрегінің қағысы. Бетінен нұр болып төгіліп тұр дегенім де сол –
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 12:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 15:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 15:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31