Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 15 Қыркүйек 2021

Мақташы диқандардың бүйірі томпайып, биті төгілер ме екен?

None
None

Оңтүстіктің  топырағына терең тамыр жайып, алты ай жазғы аптабынан ажары кіріп, жапырағын күнге сүйдіріп жайқалып тұратын осы бір мәдени өсімдікті қазақ ерте заманнан «мақта» деп атап кеткен.

Біз ғой, сол мақтаны  жаяу адам жатып қарайтын, аттылы кісі түсіп қарайтын ақмаңдайлы ару қызға теңеп, «ақ алтынға» балап жүрміз, ал мына іргедегі орыстар жай ғана «хлопок» (хлопья) деп, затты атына мейлінше жақындатып, тура мағынасында айтады. «Мені мақта!» деп тұратын қазақ мінездес осы  өсімдікті «мақта» деп айтуға мәжбүр болған сияқтымыз. Өйткені тұқым-шитті қара жерге бір қадап алған сон, Құдайдан қолайлы ауа райын тілеп,  сылап-сипап, айналып-толғанып, әлпештеп, мәпелеп, мақтау сөздер айтпасаң, ол шіркініңіз топырақтан бас көтермей, жер бауырлап жатып алады.  Мақтап қана күн көресің: машақатына төзесің, азабына көнесің. «Ақ алтынды»  алтын қолдар жаратады» деп, кеңестік дәуірдің көсемдері диқан дидарына қан жүгіртіп қоятын кездері де болған.

      Жүз жылдық тарихы бар қазақ мақтасының даңқты жолы дағдарысқа ұшырап, бүгінде уақыт көшіне ілесе алмай, әрі-сәрі күй кешуде. Тасбақалар өріп жүретін, ұшқан құстың қанаты күйетін Бетпақдаланы – қазіргі Мырзашөл аймағын суландыру мен игеру Совет өкіметі орнаған кезден  бастап бірден назарға ілінген. Сонау 1918 жылы Ленин қол қойған декретімен қомақты қаржы бөлініп, шалқар далаға шұғыл «шабуыл» басталып кеткен. 1924 жылы Ленин орденді Мақтаарал совхоз-техникумының іргетасы қаланып, ол кейін қарқынды дамып, 27-30 мың тонна шитті мақта өндіріп, әлемге танылып, Одақ көлемінде мақта шаруашылығының флагманы – қазақ мақтасының қарашаңырағына айналды.

      Содан бері мақта өсіруге машықтанып, маманданған майталман төрт ұрпақ түгел ауысып, эстафета жалауын бесінші ұрпақ ұстап келеді. Айта кету керек, бүгінгі ұрпақтың мақтаға деген «махаббат» жалыны әлсіреп, құштарлығы кеміп, оңай олжа табу көзіне айналдырып жіберген. Баяғы иығынан кетпені түспейтін, қолдары күс-күс болып егістік жерден шықпайтын ата-апаларымыздың ерен еңбегі  ертегідей көрінеді. Қайтсін-ай, басқа барар жер, басар тауы болмаған сон, күнкөріс қамы үшін амалсыздан қара жерге байланып отырған сияқты.

      Бүгінгі таңда «ақ алтынды» аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, жанды картинасына көз салсаңыз, мақта шаруашылығы құл жұмсауға құмар, қомағай қазақтардың қолбала қуыршағына айналып кеткенін көруге болады. Мемлекеттен жалға алған жерді қалай пайдаланамын десе де өз еркі. Мақта өсіруді пайда табудың ең оңай және мол табыс көзі санап, өнім сапасы мен жерге деген жанашырлық пен жауапкершілікті сезінбейді. Олай болатын да жөні бар: барлық технологиялық тізбекті жанкешті тракторист жігіттер екі ауыз сөзге келмей келісіп, күні-түні демей атқарып беруге дайын тұрады. Тек қолма-қол ақысын ажыратып беріп отырсаңыз болды. «Бас-басына би болған» шаруа қожалық иелері  жер жырту, пал көтеру, сор шаю, тегістеу, тырмалау, барана басу, шит себу, арық-атыз алу, зиянкестерге қарсы дәрі шашу, вегетациялық суландыру, дефоляциялау т.б. кезек күттірмейтін жұмыстарды Құдай бере салған тракторист «құлдарға» жүктеп қойып,  өздері ала жаздай егістік алқабына аяқ аттап баспайды.

     Алтыннан да қымбат суармалы егістік жерге асыраушы анамыз деп емес, жабайы тұтынушылық көзқарас қалыптасқан соң, қара жер қалай азбасын,  топырақ қалай тозбасын? Егістік жерлер тұзданып, соры шығып, сорымызды қайнатып жатыр деп, үкіметке қарап ұлардай шулайды. Жер иелері тарапынан ештеңе істелінбейді: жердің сөлін сығып, қанын сорып жатыр. Масылдық психология көзге ұрып тұрады. Жерге не берсең, соны аласың.  Өйткені Жер-Ана  ешқашан алдамайды.

      Мақта шаруашылығы артық саусақ секілді санда бар, санатта жоқ салаға айналды. Қазақ мақтасының ел экономикасына қосып жатқан үлесі «аққудың көлге тамған көз жасындай» болған соң, қайырымы аз дүниеге көңіл бөлінбейді. Құрсақ қуысында жатып дамымай қалған ұрық секілді. Әр гектардан алынатын шитті мақтаның шығымы орташа есеппен 12-18 центнерден айналып, 30 жылдан бері бір орыннан жылжымай, тоқырап тұр. Жоғары өнім алудың кепілі – ауыспалы егіс туралы сөз қозғасаңыз, күлкіге көміліп қаласыз. Ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерінен шет қалып, мол өнім алуға негізделген озық тәжірибелерді енгізуге, жаңа технологияларды пайдалануға құлықсыз болған соң, талабы қатал уақыт толқыны артқа лақтырып тастайды.

      Жер жекеменшікке берілген күннен бастап жоғары білімді шитті мақта өсірудің шеберлері – ауылшаруашылық мамандары: агроном, гидротехник, инженер, энтомолог т.б. жым-жылас жоғалды. Тіпті ондай маман иелері болмағандай көрінеді. Қазір сол мамандардың көрсететін қызметін шаруа қожалығы иелерінің өздері атқара береді. Өзі қожа, өзі би білгенін істейді. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бекер екен.

      Балапан санайтын күрең күз де келіп жетті. Ауыл адамдарының аузында желдей есіп жүрген бір ғана сөз: мақта бағасы. Мақташы диқандар азды-көпті еткен еңбегін таразылап, шотқа салып, мақта зауыттарын жағалап жүр.  Шаруалардың бір Құдайы бар, ол – зауыт. Мақта бағасын белгілеп берекені кіргізетін де, тізеден қағып, тобықтан шалып, диқандарды діңкелетіп қоятын да солар. Баға жайлы сөз қозғалса, зауыт басшылары  қайдағы бір Ливерпуль биржасына сілтеме жасап, сілеңді қатырып, сіресіп отыра береді. Мақта талшығының әлемдік нарықтағы котировкасын  көрсетіп, төмен сандарға сұқ саусағын тіреп қойып, түсіндіріп береді. Мақта қазақтыкі, ал оның бағасын шығарып, тағдырын шешетін жердің арғы бетіндегі бір биржа. Жылда осы картина қайталана береді. Үкімет бұл мәселеге араласпайды, шаруаларға «өз күніңді өзің көр» деп, ат-тонын ала қашады. Мақта терім науқаны қызып, белортаға жеткенде шитті мақта бағасы аспаннан салбырап түсе қалады. Мұның бәрі бүкіл әлемге қанат жайған халықаралық монстр – мафияның тірлігіне ұқсап тұрады.  Диқандардың қолынан келетін қайран жоқ. Ана бір жылы елбасының өзі  оңтүстікке келіп, зауыт басшыларына «Мақта бағасын көтеріңдер» деп қоқан-лоқы жасағанда да түк шықпаған. Біздің айтайын дегеніміз, алақаны ойылып, табаны тілінбесе де, жинаған өнімін қымбатқа сатып, байғұс диқандардың  бүйірі томпайып, биті бір төгілсе деген тілегіміз еді. Биыл «ақ алтынның» бағасы шарықтап кетеді деген болжам бар. Олай болатын себебі, біріншіден, мақта егілетін жер көлемі облыс бойынша 18 мың гектарға қысқарған; екіншіден, көсек құрты т.б. зиянкестер кеміріп, көп «көмек»  көрсеткен. Демек, «ақ алтын» аз,  қымбат болатын жөні бар.

      «Ақ алтын» төрт түлік малдан кейінгі қазақтың атакәсібіне айналғаны анық. Бірақ бүгінгідей көзқараспен ұзаққа бармайды, қолдағы бардан да айырылып қалуы мүмкін. Өйткені жерасты суы көтеріліп, топырақ тұзданып, суармалы егістік алқаптары құнарсызданып деградацияға ұшыраған. Оның үстіне шаруалар жерді күтіп-баптауға көңіл аудармай, көптеп пайда табуды көздеп, жер қадіріне жетпей отырғаны тағы бар. Отыз жылдан бері мақта дақылын бір орнынан қозғамай, батпан құйрық байлықты оңай жолмен  олжалағысы келетіндер оңбай қателесіп, опық жемей қоймайды.  Сондықтан атқарушы билік мақта шаруашылығының барлық мәселесін қолға алып,  технологиялық тізбектің орындалуын қатаң бақылап, жер иелерінің жауапкершілігін арттыруы керек. Ең бастысы, қара жерге деген құрмет пен сүйіспеншіік жоғалмасын деп тілеңіз.

Тегтер: