Марапат (қаз-қалпында)

Өмірі бұйырмаған марапат аяқастынан келді. Үйбәй-ау деп қалдым. Студент кезден таныс, қазір үлкен бір мекемеде істейтін қыз хабарласып, ертеңгі іс-шараға келе қал, сені марапаттайды деді.
Әйдік-әйдік екі мекеме бірлесіп өткізіп жатқан шара екен. Марапаттың ақшасы бар-жоғын сұрадым. Жоқ екен. Ойланып тұр едім, өзің келе алмасаң да, орныңа адам жіберуіңе болады деді. Жақсы болды дедім де, бізге келіп-кетіп жүретін студент баланы жұмсадым.
Келесі күні ол бала барып, марапатты алыпты. Не екен деп суретін сұратып едім, «Тұманбай Молдағалиев атындағы Тіл жанашыры марапаты» деген жазуы бар, керемет қымбат рамкаға салынған бір дүние екен. Әлгі екі мекеменің аты бар. Болды. Менің аты-жөнім жоқ. Кезінде марапат, сыйлық деген жүйелі түрде берілген деп естігенмін. Әрқайсының құжаты бар, жанында ақшасы бар дегендей. Оны бір жерде айтсаң, мәртебең көтеріліп қалады екен, кәдімгідей. Алдымен марапат, сыйлық көбейіп, қадірі кетті, одан соң ақшасы жоқ сыйлық деген қалыпты нәрсеге айналды, енді, міне, марапатталатын адамның аты-жөнін де алып тастаған ба? Мынаны мақтанып біреуге көрсете де алмайсың ғой? Бір жерге ұмытып кетсем, тауып алған адам менікі деп таныстарына көрсетсе, менен не айырмасы болады?
Қой деп, ашуымды басып, шаруама кірісіп кеткенмін. Үш-төрт күн өткен соң, әлгі екі мекеменің біреуінен бір жігіт хабарласты. Сізге беретін сыйлығымыз бар еді, жігіттер апарып берсін дейді. Артынша әкелетін жігіті хабарласты. Апарып беруім керек те апарып беруім керек деп. Бір кездесуде отыр едім, біраздан соң әкелсең қайтеді дегенге де келіспей, қазір апаруым керек деп тұрып алды. Ал жарайды деп, отырған жерімді айттым. Бір жағы не әкеледі екен, қалып қойған аты-жөнімді бөлек әкеле жатқан жоқ па деп өзім де қызығып кеттім. Бір кезде жігітім келіп тұр. Қолында пакет. Ашып қарасам, тура сол үш-төрт күн бұрын берген сыйлықтары. Тек бұнысы Тұманбай атындағы емес, Нұрғиса атындағы екен. «Нұрғиса Тілендиев атындағы Тіл жанашыры марапаты» деп жазылыпты. Мынандайды маған бердіңдер ғой десем, менің шаруам әкеп беру дейді. Хабарласқан жігітке жаздым. Мынандай менде бар ғой, енді екеу болды, осымен болды ма, тағы бар ма дедім. Сөйтсем, сіздің сахнаға шыққаныңызды көрген жоқпыз, содан алмаған шығар деп ойладық, айып етпеңіз деп жатыр. Ішімнен, сонда бұндайдың нешеуін істеп алғансыңдар, тағы нешеуі бар, жыртыс таратқандай тарата бересіңдер ме деп қоямын. Алайда олай жазған жоқпын. Тек мыналарыңыз қорлау ғой, жыл әкімі, жыл бизнесмені дегенді ұйымдастырсаңыздар, бұндай қылмас едіңіздер, ал тіл жанашыры дегенге не берсең де, жарай береді, енді келесі жылы ұйымдастырсаңыздар дұрыс істеңіздер, бірақ қалай болғанда да мені енді араластырмаңыздар деп қана жазып жібердім. Осындай марапатты барып алып, сахнада тұрып рақмет айтқан, үйіне қуанып келген басқа тіл жанашырларын аядым. (Жалпы өзі тіл жанашыры деген сөздің өзі маған делқұл немесе ит ататын адам деген сияқты естіледі. Бірақ ол басқа әңгіме, әрине).
Сіздер бір адамға бір марапатты екі рет берген соң, бұл оқиға бітті деп ойлап отырған шығарсыздар. Мен де солай ойлағанмын. Алайда екі-үш күн өткен соң тағы бір адам хабарласты. Марапатты ұйымдастырған екі мекемеміз мемлекеттік емес, жекеменшік компаниялар еді. Жалпылама мекеме дей салғаным ғой. Әлеуметтік желіге де солай жазған едім (аттарын атамай, осындай қызық болды деп қысқаша түртіп қойғанмын). Ал енді мына адамым мемлекеттік мекемеде кішігірім бастық екен. Әлеуметтік желідегі жазбамды көріп, сізге ондай марапатты қай мекемелер берді, аттарын атаңызшы деп жазып тұрған беті екен. Нақтырақ айтқанда, кеңсе тіліне салып, ақпарат бере аласыз ба деді. Жоқ, бере алмаймын дедім. Енді жетпегені біреулерді сыртынан көрсетіп, домалақ арыз жазып отыруым еді. Бере алмаймын дегенмен қоймай, бұны көркем шығарма деп қабылдаңыздар деп жазып жібердім. Сөйтсем, сонда бұны сіз жарияламадыңыз ба, түсінбедім деп жазыпты. Тура осылай жазған. Кезінде НКВД-ның адамдарына Міржақып Дулатов бұл көркем шығарма ғой деген болса, тергеуші, сонда бұны сіз жазған жоқсыз ба деп сұрады ма екен? Проза қазақ даласына енді келген кез ғой, сұраса, сұраған шығар. Бірақ одан бері бір ғасыр өтті ғой. Тілге қатысты мекемеде әжептәуір бастық деңгейіне көтерілген адам біреу көркем шығарма деп қабылда десе, сонда сіз жарияламадыңыз ба деп сұрағаны несі?
Осыны жазатын кезде мемлекеттік мекемеден хабарласқан адамға қайта жаздым. Негізі не үшін сұрап едіңіз дедім. Әу баста өтірік ақымақ болып, біраз сөйлесуім керек еді деп өкініп те қалған едім. Енді қайта сөйлеткім келді. Бірақ жауап бермей қойды. Жауап беріп жатса, сіздерге айтармын.
Арман Әлменбет