Марат Жыланбаев ісі: Адвокат марафоншыға қысым күшейіп жатқанын хабарлады

Аты аңызға айналған марафоншы, қазір жазасын өтеп жатқан Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев клиентіне Степногорскідегі қамау мекемесінде қысым жалғасып жатқанын және оның денсаулығы нашарлағанын мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, Марат Жыланбаев 2024 жылдың 26 наурызынан 4 мамырға дейін аштық жариялаған. Бұл оның денсаулығына әсер етіп, соның салдарынан тәртіптік изоляторға (ДИЗО) қамалған.
— Оның басты талаптарының бірі — жазған арыздары мен шағымдарының мекеме аумағынан шықпауы. Қылмыстық-атқару жүйесінің №4 мекемесінде сотталғандардың шағымдарын қабылдайтын терминалдар болғанымен, Маратты ол жерге жолатпай отыр. Адвокат ретінде мен де оның шағымдарын жолдай алмай келемін, себебі барлық құжаттарды мекеме қызметкерлері заңға қарсы түрде тартып алады. Бұл — «Адвокаттық қызмет туралы» заң мен адвокаттық құпияға қайшы, - дейді Досқараев.
Адвокаттың мәліметінше, 2024 жылдың соңында Жыланбаевқа токарлық іспен айналысуға және сурет салуға тыйым салынған. Бұған дейін оған Ақмола облысы бойынша ҚАЖД басшысының рұқсатымен токарлық құрал-саймандар мен бояу, қылқаламдар мекемеге жеткізілген болатын. Марат Жыланбаев — төртінші разрядты токарь әрі суретші. Алайда бұл ісін жалғастыруына кедергі жасалған.
— Тіпті оның жеке жазбалары да тәркіленеді. 2025 жылдың сәуір айының соңында моншаға кірген кезде камерасынан 30-40 бетке жуық жеке жазбалары жоғалып кеткен, - дейді адвокат.
Сондай-ақ, Жыланбаевтың қан қысымын өлшеуге арналған құрылғысы, басқа да жеке заттары тәркіленген. Адвокаттың айтуынша, мекеме әкімшілігі оны сыртқы әлеммен толық оқшаулауға тырысып жатыр. Жазбаларды, оның ішінде адвокатқа арналған жазбаларды да тексеріп, бақылап отырады.
Адвокаттың сөзіне сенсек, мекеме әкімшілігі Марат Жыланбаевтың арыздары мен шағымдарының сыртқа таралуына жол бермеу үшін әдейі қысым көрсетіп отыр. Мекеме аумағындағы асхана мен тәртіптік изолятор арасындағы шұңқыр антисанитариялық жағдайда, түрлі жәндіктердің ордасына айналған. Сонымен қатар, Жыланбаевқа спортпен шұғылдануға, яғни жүгіруге мүмкіндік берілмей келеді.
— Соңғы рет кездескенімде Марат аштықтан кейін әлі қалпына келмегенін айтты. Егер жағдай өзгермесе, аштықтың енді нәтиже бермейтінін түсінгендіктен, келесі жолы өз-өзіне зақым келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді. Өткен жылы ол алты рет аштық жариялады, ал биылғысы — екінші рет, - деді адвокат.
2023 жылдың қарашасында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Марат Жыланбаевты жеті жылға бас бостандығынан айырып, үш жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған. Оған «тыйым салынған экстремистік ұйымды қаржыландырды» және «оның жұмысына қатысты» деген айып тағылған. Алайда Жыланбаев бұл айыптауларды жоққа шығарған.
Марат Жыланбаев — әлемдегі ең ірі шөлдерден жүгіріп өткен жалғыз адам. Азия, Африка, Австралия және Америка құрлықтарындағы шөлдерді бағындырып, Гиннес рекордтар кітабына енген жеті әлемдік рекордтың иесі. Қамауға алынар алдында ол оппозициялық партия құруға талпынып, бейбіт митингілерге қатысқан, Мәжіліс депутаты болуға үміткер болған.
Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары бірнеше рет Марат Жыланбаевты босатуды талап етіп, оны саяси тұтқындар тізіміне енгізген.