Марат Жыланбаевтың туыстары оның түрмедегі жағдайына алаңдаулы
Супермарафоншы әрі тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев Степногорск түрмесінде қамауда отыр.
Оның қызы Анельдің айтуынша, әкесі қазір «ауыр хәлде». Отбасының мәліметінше, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Жыланбаев түрмедегі жағдайына және қысымға наразылық ретінде 44 күннен бері аштық жариялап келеді.
«Бүгін бізге түрмеден хабарласып, оны қатаң ұстау жағдайына ауыстырғанын және жарты жыл күткен кездесуіміздің күшін жойғанын айтты. Түрменің жаңа бастығы Медеев оған түрлі қысым көрсетіп отыр. Қорлайды, адвокаттарымен және отбасымен кездесуіне мүмкіндік бермейді», – дейді 19 ақпанда жарияланған хабарламада Анель Жыланбаева.
Қызының сөзінше, қатаң режимге ауыстырылар алдында Жыланбаев 14 тәулік карцерде отырған. Қысқа мерзімді кездесуде ол бұл туралы өзі хабарлаған. Анельдің айтуынша, мекемеде әкесіне жыртық матрас берілген, бұл – қорлаудың белгісі. Жыланбаев ол матрасқа жатудан бас тартып, темір орындықта ұйықтауға мәжбүр болған.
Сондай-ақ қызының айтуынша, әкесіне түрме кітапханасын пайдалануға рұқсат берілмеген. Отбасы бұл кітапханаға шамамен 150 кітап тапсырған. Сонымен қатар ол арнайы терминал арқылы шағым түсіру мүмкіндігінен айырылған. Анель Жыланбаева әкесін әдейі қорғаушыларынан және жақындарынан оқшаулауға тырысып отыр деп есептейді.
Бірнеше күн бұрын адвокат Бахытжан Омарханов пен Жыланбаевтың жақтастары Степногорскке барғанымен, тұтқынмен кездесе алмаған. Адвокатқа «кездесу үшін Жыланбаевтың өзі өтініш жазуы тиіс» деп, ішке кіргізбеген. Омарханов «Азаттыққа» берген мәліметінде Жыланбаевты тек мекеме басшысының кабинетінде орнатылған бейнебақылау камерасынан көрсетілген монитор арқылы көргенін айтқан.
«Оны түрме бастығының кабинетінде тікелей эфирде көрдім. Жалғыз өзі спортпен айналысып жүрді», – деді адвокат.
Степногорск мекемесінің әкімшілігі Жыланбаевтың оқшаулануы, жағдайының нашарлауы және ұстау шарттарына қатысты шағымдар жөнінде пікір білдірген жоқ.
Марат Жыланбаев қамауда бірнеше рет аштық жариялаған. Ол өзінің құқықтары бұзылғанын және шығарылған үкіммен келіспейтінін айтып келеді.
63 жастағы Марат Жыланбаев – әлемге танымал ультрамарафоншы, Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иесі және планетаның ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен жалғыз адам. 2023 жылдың көктемінде ол қамауға алынып, сол жылдың күзінде жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Марафоншыға «тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» баптары бойынша айып тағылған. Бұл айыптар шетелде жүрген оппозиционер Мұхтар Әблязовтың «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысты. Астана қалалық соты ҚДТ-ны «экстремистік ұйым» деп таныған.
Жыланбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Оның жақтастары бұл қудалауды биліктің кек алуы және «Алға, Қазақстан!» партиясын құру талпынысына байланысты қысым деп санайды. Партияны тіркеуге 20-дан астам рет бас тартылған.