Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:11, 28 Ақпан 2024

Марғұлан Ақанның ракпен күрес туралы жаңа кітабы жарық көрді

Марғұлан Ақан
Фото: из открытых источников

Ақпан айының 25-і күні Алматы қаласында, Жамбыл атындағы қалалық кітапханада журналист, жас жазушы, «Әйеліммен әңгіме» кітабының авторы Марғұлан Ақанның «Үміт. Өмір үшін күрес» атты ауыр дертпен күресіп жүрген жандарға және олардың жақындарына арналған екінші кітабының тұсаукесері өтті.

«Үміт. Өмір үшін күрес» деп аталатын кітапта шынайы өмір суреттелген. Марғұланның өз анасы бес жылдан бері омырау безінің қатерлігі ісігімен күресіп келеді. Былтыр қор ашып, Түркияға дейін барып келген Марғұланның басындағы оқиғамен көпшілік таныс.

Тұсаукесерге автордың кітабындағы бас кейіпкері - шешесі, әкесі және ағайын туыстары, достар мен оқырмандары жиналды. Бір сағатқа созылған кеш эмоцияға толы сырласу форматында өтті.

«Кітапты жазуға екі нәрсе түрткі болды: біріншіден, ай сайын қымбат дәрі алып отырмын. Қазір дәрі ішуден басқа таңдауымыз қалмады. Бір айда кешіккен дәрінің әлегін былтыр желтоқанда көрдік. Сондықтан бұл жолы оған жол бермеймін. Қолымнан келетіні жазу екен, ендеше осылай күресті жалғастырамын деп шештім. Екіншіден, осы тақырыпқа қоғамның, мемлекеттің аса мән бергенін, терең үңіліп қарағанын жеткізгім келді. Біз тек жыл сайын айтылатын статистикаларды естіп жатқанымыз болмаса, олардың күн сайын кешетін сезімдерін, бастарына түскен сынақтың қандай ауыр түрде өтетінін біле бермейміз. Мен осы жолда бес жыл жүріп түрлі сезімді басымнан өткерген адам ретінде кітапты жазуға шешім қабылдадым», - дейді автор.

Марғұлан Ақан
Фото: из открытых источников

 

Кітап «Ziyat» баспасынан басылып шыққан. 200 беттен тұратын кітап екі тарауға бөлінген. Қор ашу, Стамбұлға сапарға дейінгі өмір және одан кейінгі сәт суреттелген.

Кеште үлкендер сөз сөйлеп, жастар сұрақтарын қойып, көздеріне жас алды. Оқырман залында сөз алып, сырын ақтарған автор бүкіл қазақстандықтардың алдында басын иіп алғысын айтты.

Марғұлан Ақан
Фото: из открытых источников

 

Марғұлан Ақан
Фото: из открытых источников

Ракпен күрес туралы жазылған алғашқы қазақ тіліндегі еңбектердің бірі ретінде оқырманға жол тартқан кітаптың әр жүрекке жетуіне тілектеспіз.

Айта кетейік, Марғұлан Ақан - ақын, журналист.  "Көктоғайдан көшкен бұлт" өлеңдер жинағының, "Әйеліммен әңгіме", "Үміт. Өмір үшін күрес" прозалық кітаптарының авторы.