Марғұлан кім?

Зиялы қауым – қоғамның өзекті мәселесін талқылайтын беткеұстар адамдармыз. Бұл ретте, кешегі Шерхан Мұртаза, Герольд Бельгерлер есімізге түседі.
Нағыз цензура заманында олар идеология, адам тәрбиесі мәселесін күн тәртібінен бір сәтке түсірген емес. Ал қазір ше? Қазір мұның барлығы, әдірем қалған. Адам болу деген мүлде айтылмайды. Айтылатыны, естіп, көретініміз тек ақша ғана. Айналаға қарасаңыз, бүкіл болмысымен сол ақшаның соңына түскен адамдар. Ал зиялы қауым деп жүргендеріміз, қоғамдағы жайтқа тек үн тастап қана отыратындар. Үн тастау – ойын ашық білдіру немесе мәселені талқылау дегенге жатпайды. Сонда қазіргі ел алдында сөйлеп, әйдеп-бүйдеп жүргендеріміздің 95 пайызы үн тастағыштар. Дегенмен арасында қазақ елі үшін, болашағы үшін белуарына дейін баз кешіп жүрген жандар мүлде жоқ деп тағы айта алмаймыз. Бірақ ондайлар санаулы ғана. Бүгінгі мақаламызда соның біріне тоқталуды жөн көріп отырмыз. Атын атап, түрін түстеп жатпастан бұрын, ең алдымен, қоғамға қозғау салушы азаматтың айтып жүрген ойлары мен білдіріп жүрген пікірлерінің бір парасын желідегі жазбаларынан, БАҚ-та жарияланған мақалаларынан теріп ұсынып көрелік. Әуіп, бісмілләны, көтеріп отырған осы мәселе – идеологиядан бастасақ...
Құндылығы жоқ елде өмір сүру – өлместің күйін кешу
«Идеология жоқ, яки құндылық жоқ. Құндылықсыз қоғамның ертеңге деген сенімі жоқ. Құндылығы жоқ елде өмір сүру – өлместің күйін кешу. Міне, бүгінгі біздің кейпіміз… Тіпті төсектен тұрудың өзі азап. Себебі төккен теріңнің қайтымы жоқ, еткен еңбегіңнің жемісі жоқ. Құндылығы жоқ қоғамда құлықсыздық та, қулық-сұмдық та көбейеді. Көңілсіздіктің соңы күйзеліске ұласады. Құндылығы жоқ қоғам өмірдің қызығын көрмейді. Себебі қайда, неге ұмтыларын білмейді».
Кез келген шараға тықпалай беретін «Рухани жаңғыру» хақында
Бізде идеология жоқ. Аты да, заты да жоқ. Идеология адамды серпілтуі, шабыттандыруы, толқытуы тиіс қой. Идеология адамның ойын аулап, бойын баурауы керек. Таңертең төсегінен тұрса да осы идеологияның жолында оянғанын қаперден шығармауы қажет.Айталық, АҚШ-тың Тәуелсіздік туралы декларациясы тұнып тұрған идеология.«АҚШ-тың әрбір азаматы Тәңірдің алдында тең жаратылған. Американың әрбір азаматы бақытты болуға, бақытты өмірге ұмтылуға құқылы», – дейді. Осыдан артық қандай идеология керек? Кез келген жүрегінен орын табатын тәмсіл емес пе бұл? Ал біз қайттік? Рухани жаңғырдық па? Оны неге орынсыз жерге тықпалай береміз? Жаңғыруға жеті қайнаса да сорпасы қосылмайтын, жілігі татымайтын, боққа керексіз шараларға бұл бағдарламаның плакатын менмұндалатып іліп қойған кімге медеу, кімге демеу? Тұс-тұстан анталаған Рухани жаңғырудың плакаттарына қарап, бұл мемлекеттік деңгейдегі идеология емес, атын жарнамалап жүрген әлдебір алпауыт компания ма, деген ойға қаласың.Бұл бағдарламаның бойында адамды селт еткізетін, тұңғиығына тартып алатын тылсым күш жоқ. Сіздерді қайдам, өз басым рухани жаңғырдым деп айта алмаймын» (Астанада өткен Стратегиялық бастамалар форумында сөйлеген сөзінен үзінді).
Қазақстанды дәретке кіріп-шыққан сияқты уақытша тұрақ санайтындар көп…
«Өз-өзімізді алдауды доғару қажет. Түк бітірген жоқпыз. Түк істелген жоқ. Қазақстанды адам тұратын елге айналдыра алмадық. Қолынан іс келетін жастар кеткісі кеп тұрады. Өйткені мүмкіндігін паш ете алмайды. Жас өмірі бос өтетінін біледі. Қулық-сұмдық, алдау-арбау, пара беру, пара алумен ғана өмір кешетін елде өзін өгей сезінеді. Түзелгісі келмейтіні елден кететін милы бастардың қатары көбейе түседі. Болашақпен басқа елге баратын жастар ол жақтағы өмірді көреді де күрт өзгереді. Біз жақтағы өмірді көреді де бұл елде бір күн де аялдағысы келмейді. Турасын айтайын, дәл қазір біз «Болашақ» арқылы ертең басқа елге еңбегі сіңетін кадрлар дайындап жатырмыз… Осының бәрі неден? Тонау психологиясы қалай қалыптасты? Өз елімізге деген аяушылық неге өлді? Бұл елді дәретке кіріп-шыққан сияқты уақытша тұрақ санаймыз, өйткені.Кем-кетігіне көз жұма қараймыз, тоз-тозы шықса, түкіргеніміз бар. Себебі жекенің құқығы қорғалмайды бұл елде. Жекенің мүлкіне көлденең көк атты көз алартпайды деген сенім жоқ. «Мынау мен салған зәулім үй, ертең бұл менің үрім-бұтағыма қалады», деген сенім жоқ. Бір күнмен, бүгінмен өмір сүреді бәрі де. Табанымыздың астындағы ұлан-байтақ жерге, тереңнен тамыр тартатын тарихымызға лайықты емеспіз дәл бүгін» (Автор сөзі «Қала мен дала» газетіндегі мақаладан алынды).
Табысы мұнайға байланған Норвегия Қазақстаннан неге бай?
Норвегияда да мұнай бар, Қазақстанда да мұнай бар. Бірақ бізге қарағанда, олардың бағы 5 есе аз. Өйткені мұнай қоры оларда – 6.6 млрд баррель болса, бізде – 30 млрд баррель, оған Менделеев кестесіндегі барлық элементті қосыңыз. Қарапайым осы цифрлардан-ақ Норвегияға қарағанда, Қазақстанның бай екенін оп-оңай аңғаруға болады. Бірақ енді, мына цифрға үңіліңіз: Норвегия 50 жыл ішінде өздерінің тәуелсіз қорына 1.1 триллион АҚШ долларын жинады, ал біз болсақ 30 жыл бойына тек 68 млрд АҚШ долларын жинадық. Норвегиялықтар бұған қалай жеткенін қарастырып көрейік.
Норвегтер қазақтар секілді мемлекет бюджетінен түрлі секторларды қаржыландыру арқылы өз экономикасын әртараптандырудан саналы түрде бас тартты. Оның орнына норвегиялықтар елдің табысын әлемдік экономикаға инвестициялауды ұйғарды. Норвегия өз капиталын бүкіл әлемге, әлемдік экономиканың барлық салаларына салып, әртараптандырды. Осылайша, бүгінде бүкіл әлем бойынша 9000 компания Норвегия экономикасы үшін жұмыс істеп жатыр.
Ал Норвегияның өз экономикасында не болып жатыр? Ештеңе де болып жатқан жоқ. Олар – 100 жыл бұрын майшабақ аулайтын, әлі аулап келеді. Норвегия табиғаты қаз-қалпында, әлі бұзылмаған. Өзінің бар ерекшелігін болашақ ұрпақтары үшін сақтап қойған. Осының арқасында, Норвегиядағы туризм бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі болып табылады (мұнай өндірумен қатар).Норвегиялықтар өз жерінде зауыттар салмайды. Есесіне, дүниежүзіндегі үздік 9000 (биржаларда листингтен өткен) компания (зауыттар мен фабрикалар) ел игілігі үшін жұмыс істейді. Қарапайым норвегиялықтардың өмір сүру деңгейі әлемдегі ең жоғары деңгей болып есептеледі және бұл үздіксіз өсіп жатыр.Норвегиялық кронның бағамы шетел валюталарына немесе тез құбылатын мұнай бағасына емес, әлемдік экономиканың жағдайына байланысты.
Осылайша, 23 жыл ішінде норвегиялықтар ел экономикасын көтеріп, ұлттық валютаның инфляциясын жеңіп, өздерінің табиғатын өнеркәсіптік ластанудан сақтап, бүкіл халық үшін пассивті кіріс көзін жасады.
Ал біз 30 жыл бойына не бітірдік? Қандай жетістігіміз бар, айтыңыздаршы?
«Заңдастырылған тонау»
Зейнетақы қоры жөнiнде менің бiр сұрағым бар:– Біздің ақшамызды болмайтын жобаларға ұқыпсыз шашатын адамдарға біз неге тағы да 5 пайыз қосымша қаражат аударуымыз керек?
Біздің зейнетақы ақшамызды басқаратын адамдардың аттарын атап өтуiн талап етемiн.
Неге біз әр автокөліктен миға симайтын утилизациялық жиынын төлеуіміз керек? Онысы аздай, енді ауыл шаруашылық техникасы үшін де төлейміз. Сонда осы жүздеген миллион долларлар жеке компанияның шотына төленедi. Бұл фирманың қожайындарының атын атауын талап етемін. Олар біздің жүздеген миллион доллар ақшамызды алуға лайық болатындай, не жасады?
Неге бiз сатып алған әр көлiктен Ресейдiң бес тиын пайдасы жоқ ГЛОНАСС жүйесiне миллиондап ақша төлеймiз? Неге басқа елдiң қателiктерiн бiз қаржыландыруымыз керек? Бізге жемқорлық, ұрлық аз болғандай, тағы салық тәрізді міндетті төлемдерді мойнымызға асып қойды. Үкіметке айтарым – демалысқа кетiп, түк iстемей, тыныш отырыңдаршы, елді дүрліктірiп, бұндай шешiмдердi қабылдағанша.
Биліктегі бір топ адам үшін барлық орыстарды жаудай көруге болмайды...
…Соғыстың алғашқы күндерінен бастап, мен Украинаны қолдадым, өйткені ақиқат Украина жағында, Ресей оған опасыздықпен шабуыл жасады, деп есептеймін. Біз – бір топ белсенділер қоғам қайраткерлерімен бірлесіп, соғыстың алғашқы күндерінде үндеу жариялап, қаражат жинауды және Украинаға гуманитарлық көмек жіберуді ұйымдастырдық. Жалпы алғанда, біз Украинаға гуманитарлық көмек тиелген алты ұшақ жібердік. Мен қай жерде сөз сөйлесем де, Украина халқына қолдауымды білдірдім де, білдіремін де. Оның үстіне, Қазақстан Украинадай бауырлас халқына қарсы шығып отырған Ресей агрессиясын ешбір жағдайда қолдамауы тиіс деген ұстанымдамын. Бүгін Украина – өзі үшін ғана емес, бәріміз үшін күресіп жатыр, сіз бен біздің бостандығымыз үшін, бүкіл әлемдегі қауіпсіздік үшін күресіп жатыр. Бұл ретте, мен бүкіл орыс халқына қарсы емес екенімді түсіндіріп өткім келеді. Ресейде менің достарым, оқырмандарым көп. Мен Ресей билігінің әрекеттері мен шешімдеріне қарсымын. Мен Путин мен ел билігіндегілердің әрекеттерін қолдап отырған Ресей халқының жауапкершілігін де еш кеміте алмаймын. Бірақ Ресейде миы ресми насихатпен әлі уланбаған саналы адамдар да баршылық. Олар жағдайды түсіну, ақыл-ойға салу және сыни ойлау қабілеттерін әлі жоғалтқан жоқ.
Мүмкіндігі бар азаматтар елден кетіп қалды, әлі де кетіп жатыр. Жеке басым Ресейдегі барлық достарыма елден кетуді ұсынамын. Бірақ мұның бәрі көңіліме қатты тиеді. Мен наразылық білдірген нағыз орыс патриоттарын қолдаймын, олар түрмеге де түсіп жатыр, билік олардың үнін шығармау үшін барын салуда, олар биліктің нағыз тұтқынына айналып отыр.
Ресей бұл тек Путин ғана емес. Бұл тек ел билігін жақтаушы патриот-сымақтар емес. Ресей деген – бұл режиссер Сокуров, Акунин, Чичваркин, Гребенщиков, Шевчук, Меладзе, Дудь, Навальный, Овсянникова және басқа да көптеген қадірлі, адал және ұлы адамдар, олардың арасында менің достарым мен оқырмандарым бар. Бес саусақ бірдей емес, сондықтан биліктегі бір топ адам үшін барлық орыстарды жаудай көруге болмайды...
***
Міне, осындай түйіткілді ойлардың авторлары посткеңестік кеңістіктегі жемқорлықты ауыздықтауда үлгі бірден бір адам, Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің Украинадағы серіктесі болып жұмыс істейтін белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай. Бұл екі түлға Зеленскийге Украинадағы жемқорлықтың көзін жоюға көмектесуге уәде еткен. Онысынан не шықты, ол жағы, әзірге белгісіз, белгілісі, қазір Украинада соғыс, мұндайда қолдан келетін нәрсе, әрине, гуманитарлық көмек. Бұл бағытта белсенді іс атқарып жатқан Марғұлан Сейсембай бертінде құрамында 12 белгілі қоғам қайраткерлері бар «Ел болашағы» қозғалысы құрылатынын мәлімдеді. Бұл ұйым ел дамуының басты ұстанымы бостандық, әділдік, теңдік болуы керектігін баса айтады. Баз біреулер секілді мұхиттың арғы жағында отырып, байбалам салып емес, кәдімгідей, сауатты түрде ел алдына шығып, өз істерін көрсетіп жатыр...
Кезінде Альянс банкті басқарып, артынан шетел қашуға мәжбүр болған кәсіпкерге қазір қара күйе жағушылар табылады. Бірақ өзі шетелде талай сотты басынан өткеріп, барлығын жеңген ол елге оралуға мүмкіндік алды. Келе салып, қазақ қоғамының жарасының бетін аша бастап, көпшілік те оны қолдай кетіп еді, аяғынан шалу қайта басталды. Әйтеуір оны жаман адам қылып көрсетудің түрлі айла-шарғысы аракідік орын алып отырады. Әрине былық жүйеде таза адамды табу қиын, мұны басқа-басқа біздің жұрт жақсы біледі. Сондықтан қанша жаманы болса да оның барлығына қараша көз жұма қарайды. Өйткені мұндай адамдар бізге ауадай керек екенін жақсы біледі. Әсіресе қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін...
PS:«Сеймар» инвестициялық тобы директорлар кеңесінің төрағасы, 100-ден астам компанияның аяғынан тұруына ат салысқан, меценат Марғұлан Сейсембаев жайлы айтқанда, мына бір оқиға еріксіз еске түседі:
Университетте заңгерлікті үздік оқып, Ленин, Киров, әл-Фараби стипендиаты атанған Марғұлан қатарластары 20 рубль шәкіртақы алып жүргенде, 120 рубль алатын болған. Ол өз бетімен екі курстың ішінде ағылшын тілін жетік меңгеріп алады. Үшінші курстан кейін Марғұлан ядролық полигонды жабуға бағытталған «Невада-Семей» қозғалысында аудармашы болады. Ол ағылшынды қазақшаға, қазақшаны ағылшынға аудара алатын сол маңдағы жалғыз қазақ болған. Студент Марғұлан бір күні Назарбаевқа хат жазады. Қысқаша айтқанда, хатта өзінің қандай мықты студент екенін баяндап, шетелге оқуға жіберуін сұрайды. Студенттермен кездесуде Назарбаев сол хатты бүкіл залдың алдында оқып беріп, ақырында, Марғұланды жетектеп резиденциясына алып келеді. Онда Президенттен бөлек, қала әкімі, білім министрі, Калифорния университетінің деканы мен профессоры отырыпты. Шетелдіктерге «бізден бір студент қабылдасаңыздар», деп президент өтініш жасайды. Осымен іс тынғандай болған. Бірақ Марғұлан шетелде оқи алмайды. Өйткені шенеуніктер оның орнына өз туыстарын жібереді. Өзінің орнына шенеуніктердің бес туысы кеткенін естіген 24 жастағы жігіт еш ойланбастан, білім министріне барады.
«Менің орныма өз туыстарыңызды жібергендеріңізді білемін. Сондықтан жанжал көтеріп, менің орныма өз туыстарыңызды жібергендеріңізді жар салып, газетке жазамын. Не болмаса, маған ҚазҰУ-ды экстернмен (оқу орнында оқымай, емтихан тапсырушы) бітіруге рұқсат бересіздер», депті. Мұны естіген министрліктер: «Қайдағы экстерн, не деп тұрсың. Соңғы рет экстернмен Ленин ғана бітірген. Бізде мұндай деген жоқ», деп қанша бұлқынғанымен, артынан жас жігіттің айтқанымен келісіпті. Сөйткен ол 1991 жылы университетті мерзімінен бұрын бітіріп шыққан бірден бір жас.