Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:02, 10 Қараша 2022

Марихуана: Пәтерде өсіріп, көшеде сатқан

None
None

Адамның есін алған есірткімен біреулер тұтынушы ретінде айналысса, біреулер бизнеске, тағы біреулер өндіріске айналдырып алыпты.

Сөзіміз дәлелді болу үшін айтайық. Жуырда Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Талдықорғанда пәтерінде марихуана өсірумен айналысып келген тұрғынның қолға түскені туралы хабарлады.

          Пәтер иесі, яғни 34 жастағы ер адам жатын бөлмесін есірткі жасауға арналған фитолаборатория етіп жабдықтап алыпты. Сондай-ақ арнайы жарық шам қойып, гүл құмырасына 10 түп марихуана отырғызған.

Жетісу облыстық полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Аян Исабековтың айтуынша, әлгі заңсыз лаборатория көпқабатты үйдің екінші қабатында орналасыпты. А.Исабеков: «Күдікті бұрын ешқандай қылмыс бойынша жауапқа тартылмаған азамат болып шықты. Пәтерінде марихуана өсіргені үшін қазіргі уақытта оған қылмыстық тергеу жұмыстары басталды», – деп түсіндірген.

Күдікті мұнымен қоймай, пәтерінде тағы біртүрлі өсімдік өсірумен айналысқан. Екі бөлмелі пәтердің екінші бөлмесінен полицейлер өсіп тұрған белгісіз саңырауқұлақтың түрін тауыпты. Қазіргі уақытта әлгі белгісіз саңырауқұлақтар тәркіленіп, оның құрамында есірткі затының бар-жоғын анықтау үшін лабораториялық сараптамаға жөнелтілген.

Жетісу облысында есірткі қылмысына қатысты тағы бір оқиға тіркелді. Бұл жолы марихуана сатып тұрған адам ұсталды. Ол арнайы операция кезінде қолға түсіп отыр. Жетісу облыстық полиция департаменті Текелі қаласында арнайы операция жүргізген. Сөйтіп, «Бүркіт» арнайы жасағының қатысуымен 38 жастағы азамат есірткі сатып тұрған жерінде қолға түседі. Күдіктіден 1 келіден артық кептірілген марихуана тәркіленді.

Аян Исабековтың айтуынша, арнайы операция «Қарасора жедел алдын алу іс-шарасы» аясында жүргізілген. ПД-ның баспасөз қызметі таратқан деректерге сенсек, сатушы жігіт 62,26 грамм марихуанамен ұсталыпты. Одан бөлек, салмағы 1 келіден асатын есірткі әлгі азаматтың үйінен табылады. А.Исабеков: «Ұсталған азамат бұрын да қылмыстық істермен айналысқан. Айталық, ұрлық, алаяқтық және көлік ұрлау фактілері бойынша бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған», – деп түсіндірді.

Ескерте кетейік, биыл жыл басынан бері Жетісу облысында құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірумен айналысқан азаматтарға қатысты 10 түрлі қылмыс тіркелді. Сонымен қатар жиырмадан астам есірткі сатушы жауапқа тартылып отыр. Қырық келіге жуық әртүрлі есірткі заты тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалды.

Тегтер: