Мария Мачадо Нобель сыйлығын Трамппен бөліскісі келетінін айтты
Венесуэлалық саясаткер Мария Корина Мачадо Нобель бейбітшілік сыйлығын АҚШ-тың президенті Дональд Трамппен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Николас Мадуроның биліктен кетуі — адамзат, еркіндік пен адами қадір-қасиет үшін жасалған аса маңызды қадам.
Fox News арнасына берген сұхбатында 58 жастағы Мачадо бұл марапатты Венесуэладағы билікке қарсы жүргізілген бейбіт күрестің нәтижесі деп бағалап, сыйлықтың бір бөлігін Трампқа арнауды көптен бері ойлап жүргенін жеткізді.
«Мен мұны оған жеке айтқым келеді. Бұл — тек менің емес, бүкіл Венесуэла халқының атынан жасалған қадам. Біз Нобель сыйлығын Трамппен бөлісуді қалаймыз», - деді ол жүргізуші Шон Ханнитиге берген сұхбатында.
Мария Корина Мачадо — Венесуэланың оппозициялық саясаткері, демократиялық қозғалыстың жетекшісі. Николас Мадуроның авторитар билігіне қарсы бейбіт күрестің символына айналған.
Венесуэлада демократия, еркін сайлау және адам құқықтары үшін жүргізген табанды, зорлықсыз күресі үшін 2025 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты атанды .