Маркестің соңғы тамызы…

Колумбиялық суреткер Габриель Гарсиа Маркес көзі тірісінде-ақ «шындықтың сиқыршысы» атанып, әлем әдебиетіндегі магиялық реализм бағытының теңдессіз шеберіне айналған еді.
«Жүз жылдық жалғыздық», «Патриархтың күзі», «Махаббат пен басқа пәлелер» сынды туындылары арқылы қаламгердің көркемдік қуатын, болмыс пен бейсана арасындағы шекараны өз тілінде сөйлете білген суреткерлік қарымын күллі әлем оқырманы мойындады.
Маркестің есімін әлемге әйгілі еткен «Жүз жылдық жалғыздық» романы бар-жоғы екі жылға жуық уақыттың ішінде жазылды. Бірақ шығарманың идеясы жас күнінде қаламгердің ойына келіп, қиял бесігін тербеп, жиырма жыл бойы жанын жегідей жеп жүрді. Бір сөзінде ұлы қаламгер шығарма идеясының жиырма жасында басына келгенімен шеберлік пен жазу стилі әлі қалыптаспағандықтан оны бастауға жүрегі дауаламағанын айтады. Ал біз сөз еткелі отырған «Тамызда кездескенше» немесе Until August шығармасы қанша жылдан бері қолжазба күйінде сақталып, жарияланбай келгенін көпшіліктің бірі білсе, бірі білмес. Бұл роман жазушының әдебиет атты ұлы мұхитқа шеккен соңғы сапары еді. 1999 жылы берген бір сұхбаттарында Габриель Гарсиа Маркес жаңа бір ірі шығармашылық жобаға кірісіп, төрт-бес новелладан тұратын цикл жазуды ойға алғанын айтып қалған. 2000 жылдардың бас кезінде қаламгер сол циклдің алғашқы кітабымен ұзақ уақыт айналысып жүрді. Маркестің жақындарының естеліктерінде жазушы күн сайын қолжазбасына сан мәрте үңіліп, қайта-қайта өңдеп, екшеп, үнемі жетілдіріп жүретіні айтылады. Бірақ сол кездері қаламгер денсаулығының күрт нашарлап, ақыл-есінің әлсіреп кетуі, одан қалды жадының жоғала беруі жазушы шығармашылығына кесірін тигізсе керек. Ақыры Маркес көзі тірісінде «Тамызда кездескенше» романын басып, жариялауға мүлде рұқсатын бермеді. Тіпті өзі «жариялауға тұрмайтын қолжазба ғана» деп бағалаған. Сол шақта автор «Менің мұңды жезөкшелерімді еске алу» атты повесін аяқтап, 2004 жылы жариялап үлгерді. Содан тұп-тура он жыл өткен соң, 2014 жылдың сәуірінде Габриель Гарсиа Маркес дүниеден өтті. Көзі тірісінде-ақ жалпақ әлемді қаламымен жаулаған қайраткер өмірінің соңғы жылдарында қатерлі ісік ауруына шалдығып, есте сақтау қабілетінен айырылады.
Маркестің қарсылығына қарамастан, «Тамызда кездесерміз» романы ақыры жарыққа шығады. Жазушының Родриго мен Гонсало Гарсия Барча есімді қос мұрагері бұл қолжазбаны 2024 жылы оқырманға ұсынуды жөн көрген. Денсаулығы сыр беріп, қабілеті ортайған, қарттық жеңген шағында жазушының әдеби ізденісін, ішкі күдігі мен үмітін, махаббат пен жалғыздық туралы ең соңғы пайымынан сыр шертетін роман туралы тартысты пікір әдеби ортада көп-ақ. Тіпті ұлдарының қолжазбаны тауып алып, жарыққа шығаруы былтыр әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырып әкетті. Көлемі шап-шағын, бар болғаны 120 беттік повестей болатын туынды туралы бір тарап «кемеліне жетпеген», «шала піскен шығарма» деп пікір білдірсе, Маркестің жанкүйерлері мен оқырмандары «испан тілді әдебиеттің пайғамбары айтып кеткен ақырғы сыр» деп жоғары бағалады. Осылайша 2024 жылдың 6 наурызында Маркестің 97 жылдық тойы қарсаңында «Тамызда кездескенше» романы оқырманға жол тартты. Тек Латын Америкасының өзінде-ақ алдын ала 250 мың данасы сатылып кетті деген деректер бар.
Хош. Шығарма қолымызға тиіп, біз де оқып шықтық. Кей туынды сезімдерді тірілтеді. Ерекше толқытады да, көптің ішінен суырып, жазыққа, жалғыздыққа қарай сүйрейді. Себебі адам өзін жалғыздықта ғана естиді екен. Жалпыға арнап жазылған шығармалардан жалпыға ортақ сезімдер мен әсерлерді ғана орасың. Одан өзіңді де, көңіліңде мөлтілдеген мұңның да ізін таппайсың, керісінше, адасасың. Жолыңнан тайып, шетке ығысасың. Жалқы дүние — көптің қолында емес, бірақ аздың көңілінде, жүрегінде. Ал жалғыздық тақырыбы Маркеске әуелден таңсық емес. Таңсық емес дегенім, жалаң сөз болар, анығында, жалғыздық тақырыбы Маркес шығармашылығының күретамыры емес пе еді. Маркестің қай шығармасын алып қарасаңыз да, автор дүниеге әкелген кез келген кейіпкердің өзіне тән жалғыздығы бар. Бақыт іздеген бейшара жандар тағдырдың түнегінде адасып жүреді. Бірақ қызығы сол, автордың дәл осы романын оқып шыққан сәтте жалғыздықтан гөрі өмір мен махаббаттың, еркіндік пен сезімнің сиқыры басыңды дуалап алғандай күй кешесің. Шығармасы арқылы жазушы оқырманына тағы бір мәрте адам жанының жұмбақ лабиринтінде адасу мен табылу, құмарлық пен құрбандық, тыныштық пен жан арпалысы туралы өз шындығын сыбырлаған сияқты.
Кейде өз дауысыңды есту үшін әлемнің дауысын басып қою керек екен. Маркес поэзиясының соңғы аккорды саналатын «Тамызда кездескенше» романы колумбиялық Анна Магдалена Бахтың тіршілік жүйесінен босап, тән мен рухтың түйіскен сәттерінен жоқты іздеген, жалғыздықтан алыстаған сайын жақындай түскен тағдыры туралы. Бір-ақ күнге еркіндік алып, бірақ қайтадан шынжырланған өміріне оралатын әйел сезімін бұлай бір ауыз сөзбен кесіп айту да мүмкін емес. Әуелі әңгіменің әлқиссасына оралайық. Анна — жас шамасы елуге жуықтаған, отбасы, бала-шағасы бар әйел. Бас кейіпкер жыл сайын тамыздың он алтысы анасы жерленген аралға барып зиярат етуді әдетке айналдырады. Дегенмен жыл сайын қайталанатын бұл сапар бір күні Аннаның өміріне түбегейлі өзгеріс алып келеді. Анасы жерленген аралда кездейсоқ еркекпен танысып, оған сырын ашуы, тіпті жақындасуы Аннаның ішінде күңгірт тартып, көмескілене бастаған сезімдерін қайта оятқандай еді. Дәл осы әсер жыл бойы әйелдің есінен шықпай, тіпті тамыз айын асқан ынтызарлықпен асыға күтетін күйге түседі. Келесі жылы да ол дәстүрлі сапарға қайта шығады. Анасының қабіріне бару сырттай ең басты себеп болғанымен, іштей ол өткен жылғыдай тосын кездесуді іштей аңсай береді. Шынымен-ақ екінші сапарында да ол тағы бір бейтаныс адаммен танысып, ақыры соңында бейтаныс жігітпен жақындасады. Бұл кездесу де жалғыз түндік қана болса да, Аннаның жан дүниесін өзгеше күйге бөлеп кетеді. Оның өміріндегі тыныштық пен отбасылық тұрақтылықтың астарында шын мәнінде толқынған сезім, жанын жегідей жейтін сағыныш, жаңа өмірге деген ынтызарлық бар екенін осы сапарлар енді-енді аша бастайды. Жылдар жылжып, әрбір тамыз айы келген сайын Анна Магдалена Бах анасының қабірін зиярат ету үшін жолға шығады. Бірақ бұл сапарлар ана рухына тағзым етуден гөрі өзінің ішкі бос кеңістігін толтыруға, ұмыт бола бастаған әйелдік болмысын еске алудың бастауына айналады. Әр сапарда ол жаңа бір ер адаммен кездеседі, әр кездесуі өз өмірінің беймәлім қырын ашатын сәт. Анна жолыққан адамдардың ешқайсысына байланбайды, олардың ешқайсысын ұзақ уақытқа іздемейді, бірақ дәл осы қысқа уақыттық оқиғалар әйелдің жанын оятып, ұмыт қалған тіршіліктің қызуын сездіретін еді. Сол себепті бұл оқиғалардың тізбегі бес жыл бойына қайталана береді. Осылайша шығарма сюжеті бір үлкен оқиғамен емес, қайталанып отырған тамыз сапарлары арқылы өрбиді.

Габриель Гарсиа Маркестің романындағы негізгі тақырып махаббат төңірегінде болғанымен, біз махаббат тақырыбын көкпар ете алмаймыз. Өйткені ырқымызға бағынбайды, еркімізге көнбейді, игеруге келмейді. Шынтуайтында, махаббаттың өзі адамзаттың сана-сезімін көкпар етіп, сергелдеңге салады, құдіретіне елітеді. Байқасақ, Анна Магдалена Бах — Маркестің әуелгі, қаламынан осыдан әлдеқашан бұрын туған классикалық әйел кейіпкерлерінің жалғасы. Ол бір жағынан «Оба жылдарындағы махаббат» шығармасындағы Фермина Даса секілді өзіне тән рөлдерді қабылдаған, қоғам мойнына салған бұғауға әбден көндіккен кейіпкер. Оның үстіне ішінде жасырын бұрқ ете қалатын құмарлық, еркіндікке деген аяулы аңсар бар. Маркес бұл әйелді типтік кейіпкер ретінде емес, өз болмысының көркем көрінісі ретінде суреттейді. Маркестің кейіпкерлерін ақтап ала алмайтының секілді даттауға да дәтің бармайды. Кейіпкер трагедиясы өзінің жан қалауы бойынша өмір сүрмегенін, уақыттың жүйрік пойыздай зулап өтіп бара жатқанын сезінуі еді. Сонша жыл сүрген ғұмырыңның ішінде тек тамыздың бір күнінде ғана өзін еркін, шынайы сезіне алатын бұл әйелдің қасіреті әдебиеттегі көп кейіпкерге ортақ. Ал ғұмырының қалған күндерінде қайтадан қоғамның, отбасының, моральдық нормалар мен таптаурындардың бұғауына түскен бұрынғы күйіне қайтып келеді. (Осындайда Маркестің Аннасы еріксіз Толстойдың Аннасын есімізге түсіреді). Бізді ерекше қызықтырғаны кейіпкер есімінің құпияға толы символикасы еді. Аннаның өнер факультетін аяқтай алмауы, сүйіп қосылған күйеуінің және балаларының музыкант болуы, шығармада музыка туралы айтылып қалатын кейіпкер пікірі әрі жазушының бас кейіпкеріне Бах деген тек беруі тегін емесі анық. Тарихқа сүйенсек, ұлы композитор Иоганн Себастьян Бахтың Анна Магдалена Бах есімді екінші әйелі, музыкант әрі көмекшісі болған. Тарихта бұл әйел Бахтың шығармаларын көшіріп жазып, оның туындыларының сақталуына ықпал етіп, музыкалық мұрасын жалғастырған тұлға ретінде есте сақталған. Маркес осы мәдени контексті кейіпкер есіміне жүктеу арқылы күллі әлем әйелдерінің тағдырына ортақ бір әмбебап трагедияны алға тартады. Еркек әлемінің көлеңкесінде, отбасы мен қоғам сызған шеңберде өмір сүрген әйелдің ішкі жан дүниесі, шығармашылық қуаты мен қалауы көп жағдайда сыртқа шықпай, жасырын күйде қалады.
Романның баяндау ырғағы ерекше. Ал шығарманың үзік-үзік боп келетін құрылымы Маркестің осыған дейін оқыған шығармаларына тіпті де ұқсамайды. Бес бөлімнен тұратын романның әр бөлімі дербес әңгіме іспетті, тек кейіпкердің ішкі логикасы арқылы біртұтастықты құрайды. Романда шиеленісті оқиға не оқырманын байлап алатын динамикалық сюжет жоқ. Тіпті кейіпкерлер арасында тағдырды түбегейлі өзгертер күрделі драмалар да кездеспейді. Байқайсыз ба, бірақ дәл осындай «ештеңе болмайтын» шығармалар адам санасын дір еткізеді. Маркес осылай сюжеттен гөрі сана тереңдігіне үңіле түскен сияқты. Шығармадағы нағыз драма әрекетте емес, әрекетке дейінгі ойда, одан кейінгі өкініште жатыр. Дәл осы қарапайым құбылыстың ішінде адмзаттың ең терең трагедиясы тұнып тұр. Бір қарағанда бұқаралық әдебиеттің санатындағы дүние секілді көрінетін бұл шығарма төңірегінде талас-тартыстың жиілеуі де заңды. Себебі қаламгердің жазуға талпынған, тіпті оқырман көңілі үшін «қиыстырып-құрастырған» тұстары көзге ұрып тұрады. Алғашқы екі тарау ғана жүйелі, толымды келеді де, қалған үш тарауында Маркестің ой шашыраңқылығына ұшырағанын байқайсың, бірақ байқап отырып қаламгерлік қуатына, мың қатпарлы адам жанының тым нәзік иірімдерін дөп басып, сана тереңіне сүңгитін кемел ойдың жемісіне еріксіз таңдай қағасың.
Жалқы дүние кеудеңде үнемі сағыныш оятады. Оның қандай сағыныш екенін де жыға тани алмайсың, тіпті ол сағыныш сенде әуелден бар сияқты, тек білмей, танымай, түсінбей келген шығарсың. Тануға түрткі болатын жақсы шығарма, былайша айтсақ оқығанда музыка естілетін шығарма. «Тамызда кездескенше» романы Маркестің шығармашылық өміріндегі қоштасуы іспетті. Бұл шығарма отшашу емес, түн сейіліп, таң арайы көріне бастаған сәтте жыпылықтап тұрған әлсіз жұлдыз дермісің. Ол оқырманын дүр сілкіндірмейді, таңғалдырмайды. Бірақ жан дүниеңде толқып өткен әлдебір сезімнің әсерінен ұзақ уақыт арыла алмайсың. Дәл осы сезім, дәл сол сағыныш оқырманын әлдилейді, өзіңді жүріп емес, желіп жүргендей жеңіл сезіндіреді. Қанат бітеді. Сүйіндіреді. Сені өкінішке де, өкпеге де, кінәлау мен азапқа да байламайды.
Әдебиет әлемінде автор деген атақ иесінің өз туындысына әмірін толық жүргізе алмауы бір қарағанда парадокс боп көрінгенмен шындықтың өзі. Шын мәнінде, ұлы қаламгер өз кейіпкерлерін қуыршақтай меңгеріп, қалауынша ойнатып, ойнатпақ түгілі, шығармасын оларды ойының ығына қарай бұра да алмайды. Себебі нағыз көркем шығарманың табиғаты адам ақылымен шектелмейтін, соның арнасынан асып, тіпті иесінің өзін таңырқатып, өз көлеңкесінен биіктеп шығатын құбылыс. Автор жазған нәрсе көбіне оның ақылынан емес, сол ақылдың шегінен тыс, тереңірек, биігірек, жұмбақтау бір кеңістікте өрістейді. Өзінен биік дүние жазған автор ғана ғасырлар сүзгісінен өтпек, солай келер ұрпаққа жетпек. Ал азды-көпті халықтың мақтауына малданып, солардың ыңғайына қарап жазып, кейіпкер тудырғандар — атағын алар, елдің аузында жүрер… Бірақ өзі бұ дүниеден көшісімен мәңгілікке ұмытылады екен. Бұл шығарманың сюжет ерекшелігі құрылымының сәтсіздеу шыққанына қарамастан, әйтеуір жеңістен дәм татқызады. Дәл осы сәтте көз алдыңа Маркестің осы кітапты жазып отырған күндері еріксіз елестеп кетеді. Сосын бұл романды оның жазылу және басып шығару тарихынан не үшін бөлек қарастыра алмайтынымызды да байқап, түсіне бастайсың. Роман автордың адам мен уақыт, махаббат пен өлім, жауапкершілік пен құмарлық жайлы мәңгілік сұрақтарға берген ақырғы жауабы іспетті. Сондықтан шығар өмірінің ең соңғы сәтінде де адам болмысына үңілуді жалғастырған «күрескер» Маркестің соңғы демі, сөлі осы шығармада анық көзге ұрып тұрады. «Қажыған» Маркес емес, «күрескер» Маркестің соңғы демі.
Маркес магиялық реализм арқылы заманауи һәм саяси өзгерістерді зар күйіне жеткізе жазуымен алға озды. Өзінің отанын ғана емес, тұтас үйекті, тіпті барлық жер бетін шарпыған індеттер мен ХХ ғасыр мәдениетіндегі аласұру-адасу сезімі оның әрбір туындысында өмір сүрді. Сөйте тұра ол ең алдымен жеке адамның күйреуін, рухани құлдырауын өз көзімен көре білді. Әлемнің қай түкпіріндегі оқырман болмасын, маркестік «қиял әлеміне» бір енсе, қайта шығуы қиын еді… «Тамызда кездесерміз» романы тек әдеби туынды ғана емес. Бұл — өмірдің өзі. Өмірдің шешімі жоқ, сұрақтары көп, әр тамыз сайын қайталанып отыратын мәңгілік цикл екенін есімізге салатын шығармашылық медитация. Адамның жас шамасы, отбасылық жағдайы немесе әлеуметтік рөлі оның ішкі жан дауысын өшіре алмайтынын дәлелдейтін, әрі Маркес стиліндегі үнсіз драматизмге құрылған ішкі монологтар жиынтығы. Маркес кеткенімен, ол қалдырған әлем оқырманын жыл сайын тамызда қайта ойға батуға шақыратын сияқты. Мүмкін біз де Анна Магдалена секілді жыл сайын тамызда жанымыздың ұмытылған бөлшегімен қайта кездесіп тұрармыз, бәлкім. Сол себепті де біз де тамызға асығатын шығармыз.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ