Мәртебелі педагог қоқыс тазалап жүр

«Жас Алаш» редакциясына мұғалімдер хабарласып, 26 сәуір күні Қарасай ауданында түсірілген бейнежазба жолдады.
Онда Қаскелең қаласындағы «жайлы мектептің» мұғалімдері көше бойын қоқыстан тазартып жүргені байқалады. Сенбі күні де жауапкершілігіне кірмейтін жұмыстарға жегіліп шаршаған ұстаздар «заң жұмыс істесін, істемесе қабылданбасын» дейді.
Иә, қаскелеңдік педагогтар көше тазалап, аула сыпырып, концертке массовка болатын, керек кезде шыршаны да құратын, тағы басқа да шаруаларға жөнелтіле беретін «универсал» мұғалімдердің алғашқысы да, соңғысы да емес. Бірақ бұл кейс педагог мәртебесі туралы заңның жазылмаған заңдарға әсер ете алмай келе жатқанының кезекті бір дәлелі. Қашаннан бері тәжірибе алаңына айналған орта білім беру жүйесінің әр «реформасының» ауыртпашылығын көтеріп, сол баяғы қағазбастылықтан жеке өмірге уақыты да, құқығы да қалмаған ұстаздар қауымы ақыры өз мәртебесін «заңдастыруды» сұрайтын деңгейге жетті. Сайлауға да жүгіріп, кабинеттерге «ремонт» жасап, іс-шараларға барып қол шапалақтаудан арылудың басқа жолы қалмаса керек.
Жаңа жыл алдында ғана қоғамдық резонанс тудырған семейлік мұғалімнің жағдайы естеріңізде болар. Қаладағы бас алаңды әрлеуге әріптестерімен бірге шақырылған Қуат Айтқалиев биіктен құлап, ауыр жараланды. Ешқандай заңды бұйрықсыз жұмсаған директор жұмыс беруші ретінде айыпты деп жатты жұрт. Ал ол директордың кімнің қас-қабағына қарағанын болжау мүлде қиын емес. Елімізде қалыптасып қалған «схема» осы. Әкімдік директорды, директор мұғалімдерді жұмсайды. Бұл шаблон кез келген мәселеде жұмыс істей береді.
Қарасайлық ұстаздардың жұмыс уақытынан тыс, мектеп территориясына жатпайтын аумақта жұмыс істеп жүргенін келесі бір педагогтар көріп қалып, таспалап алған. Сөйтіп, әлеуметтік желілерде бөліскен. Сол видео мен жазбаның астына мынадай пікірлер бар:
«Қаскелеңнің мұғалімдері үнемі көше сыпырады, оны «Таза Қазақстан» деп әлеуметтік желіге салады. Мысал үшін, НЗМ мен лицей мектептердің педагогтары сенбілікке шыға ма екен? Мектеп ауласынан тыс жерде қоқысты қолымен теріп жүре ме? Мына видеоның соңында бір ұстаз топырақ қоқысты қолымен қапқа салып жатыр. Содан-ақ білуге болады мәртебесі қандай екенін».
«Министр тек сөзді әдемілеп сөйлей береді. Бірақ жергілікті мекемелер өз білгенін істей береді».
«Біздің де, еліміздегі көп мектептердің де ұжымы сенбі күні 9:30-дан бастап ағаш отырғызады. Тал егу – жақсы іс. Әр азаматтың борышы да шығар. Бірақ педагогтың емес. Бір мектептің мамандарын жинап алып, оларды мектеп аумағына жатпайтын аумаққа апарып, тазалық жұмыстарына салу қалай қарағанда да дұрыс емес. Ешқандай бұйрық жоқ, келіңіздер деген жоқ, міндеттеп, 100 пайыз келуді талап етіп, ақ футболка киюімізге дейін қадағалайды. Бұл – азаматтық қоғамның табиғат тазалығына жанашырлығы емес, үлкен бір әлеуметтік топтың заңды құқығын бұзу. Мейлі, бұрыннан көндігіп келе жатқан нәрсеміз ғой. Бірақ заңды орындалмаса неге шығарды? Мұғалімнің мәртебесін министр қайта-қайта айтады, ал әкімдерге бәрібір».
Мұғалім – мемлекеттің құлы емес
Біз бейнежазба авторларымен де сөйлестік. Олар да өзге де әріптестері сияқты «заң орындалсын» дейді. Мысалы, педагог Айман Сағидолла тазалық сақтауға арнайы қаржы мен жұмыс штаттары бөлінетінін, сол ресурс тиімді жұмсалып, мұғалімдер тегін жұмыс күші болмауы керектігін айтады:
«Асхат Аймағамбетовтің кезінде мұғалімдерді артық шаруаларға тарту, әсіресе көше тазалауға шығару азайғандай еді. Ол кеткен соң қалды. Қазіргі министр осы мәселеге мән беріп қарамайтын сынды. «Педагог мәртебесі» заңының 6-бабында: «Педагогтерді кәсіптік міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға тыйым салынады» делінген. Қоқыс жинау педагогтың негізгі кәсіби міндеті емес қой? Мұғалім бала оқыту керек, білім береді. Тіпті қағаз толтырудың өзіне қатысты шектеулер бар емес пе? Ал сенбілік атын жамылып, қоқыс жинату мұғалімнің міндетіне жатпайды.
Жалақы жүктеме сағатына ғана төленеді. 16 сағаты болса, соған есептелген айлық алады. Артық емес. Одан басқа уақыттарда маманды мектепте ұстап тұру заңсыз. Ал Қарасай ауданындағы «жайлы мектепте» мұғалімдер сенбі күні мектеп ауласынан тыс жерді тазалап жүр. Тіпті ағаш егу де емес қой! Мектептің директоры еңбек кодексін бұзып отыр.
Шындығында, көшелерді тазалауға әкімдіктен ақша бөлінеді. Соны тиімді жұмсап, көшені таза ұстаса болды ғой. Мұғалімдерді тегін жұмыс күші ретінде пайдалануды қоятын уақыт баяғыда келген. Өзім ұстаз болған соң, жақсы білемін. Жұмыс көп, жүйке тозады. Жүктеме де, жауапкершілік те артығымен. Енді келіп қоқыс тазалап, сенбі күні де ұйқысынан ерте тұрғанына қарап жүрегің ауырады. Онсыз да тыныш ұйқы жоқ қой бізде. Әкім де, директор да мұғалімді басынғанды доғаруы қажет. Ұстаздар мемлекеттің құлы емес».
Әлия Есмұрзаева, педагог:
«Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында тұрамын. Осы жердегі Әлжан Бұқарбайқызы атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Ауданымызда Қазақстанның өзге де өңірлеріндегі секілді мұғалімдерді әлі күнге заңсыз жұмсау тыйылған жоқ. Әлгі жағдайды көріп қалып, видеоға түсіргеніміз рас. Ондағы мұғалімдер де өз наздарын айтып жатты. Жартысы мектеп ауласын, жартысы көшені тазалап жүр екен. Қоқыс теріп, сыпырып, қолдарымен қапқа салып жатты. Мұндай нәрсемен келіспеймін. Ұстаздың ағаш егіп жатқаны жақсы, бірақ мәжбүрлі түрде қоқыс теріп жүргені басқа әңгіме ғой... Шенеуніктер секілді күрекпен суретке түсіп, кетіп қала алмайтын қауым – педагогтар. Қанша мамандар мен мамандықтар бар. Біреуі мұғалімдер секілді әр шаруаға жүгірмейді».
Мейіржан Темірбеков, педагог:
«Педагог мәртебесі туралы заң» жұмыс істемейді. Оны қабылдаудың да қажеті жоқ еді. Ал енді ел-жұрт сол заңмен ұстаздардың мәртебесі көтеріліп жатыр деп ойлайды. Алайда жағдай баз баяғыша. Әуелі прогресс байқалған. Бірақ қазіргі министр Ғани Бейсембаев келгелі педагогтарға көше тазалату тіпті көбейген. Тіпті әкімдіктер мұғалімдер тазалайтын арнайы территория бөліп беретінді шығарған. Апта сайын тырмалайды да жатады, мына видео соның біреуі ғана. Ұлттың мақтанышы болатын жайлы мектеп мұғалімдерінің жағдайы мынау болса, басқа мектептерде не болып жатыр? Енді құзырлы органдар Қарасайдағы мұғалімдерді жұмсағандарды жазалай ма, көрейік. Заң бар ма, жоқ па, белгілі болар».
Бейсембаев айтады да қояды
Расында, «Педагог мәртебесі туралы» заң педагогтардың мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша заңнамалық шешімдер беру мақсатында қабылданды. Бұл экс-министр Асхат Аймағамбетовтің сүйкімін арттырған факторлардың бірі болды. Өйткені құжат мұғалімдерді бүгінге дейін қажытқан барлық мәселесін шешетін еді. Кәсіптік міндеттерінен тыс жұмыс түрлеріне тартуға, білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға, заңда көзделмеген тексерулер жүргізуге, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеттер жүктеуге жол берілмейтін болды деп қуанысқанбыз. Бірақ жағдайды көріп отырмыз. Осы сынды кейстерге оқу-ағарту министрі Бейсембаев әрдайым монотонды, жаттанды жауап береді. Әдетте: «Бұл оқиға заңбұзушылықтың айқын көрінісі. Педагогтарды кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу», – дейді. Дейді де қояды. Арғы шаруаның әкімдіктердің құзыретінде екенін, олардың тексеріс жүргізетініне, әділдігіне сенім артатынын жеткізеді. Алайда әкімдіктер педагогтар қауымының басты антогонисті емес пе? Қанша шу тудырған оқиғалардан соң біреу заңды жазасын алыпты дегенді сирек естиміз. Әйтеуір «ымыраласыпты» деп, жылы жауып қоя салады. Бұл «ымыраның» артында қандай «келісімдер» жүргенін болжау да қиын емес.
Бір кездері білім бөлімдері мен басқармаларын әкімдіктерге емес, министрлікке қарату жайы да көтеріліп, оның алғашқы кезеңі іске аса бастаған. Бұл расында көп мәселені шешеді деп болжанды. Десек те ведомствоның бөлінісі мен басшылардың ауыс-түйісінен соң бұл процесс туралы айтылмайтын болды.
P.S. «Жас Алаш» бұл оқиға туралы аталмыш мектептің әкімшілігіне хабарласуға тырысты. Бірақ мектеп әкімшілігі телефон тұтқасын көтерген жоқ. Заң негізінде қандай да бір шаралар қабылдана ма, жоқ па, ол туралы сауалымызды Қарасай ауданы әкімдігіне, Алматы облысы әкімдігіне және оқу-ағарту министрлігіне жолдадық.
Баян Мұратбекқызы