Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:16, 28 Шілде 2022

Мас жүргізуші-қылмыскер

None
None

Түркістан облысында жыл басынан бері 280-нен астам жол апаты мен жол қозғалысына қатысты 270 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, облыста жол-көлік оқиғасының тіркелімі өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға төмендеп отыр. Жыл басынан бері өңірде 283 жол апаты орын алған. Өкінішке қарай, соның салдарынан 93 адам қайтыс болған. Десек те бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға төмен.

Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрам қызметкерлері жол апатын болдырмау, алдын алумен қатар жол қозғалысы ережесінің сақталуын қатаң бақылауда ұстауда. Көшеде ары-бері зулаған көліктерді жіті назарға алу, жедел-профилактикалық іс-шаралар, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет кезінде жадынамалар таратуда.                    

Жол сақшыларының айтуынша, көлік апаттарының себеп-салдарына сараптама жұмыстары да тұрақты жүргізіліп тұрады. Осы сараптамаға сүйенер болсақ, биыл көлік жол апаттарының 25 дерегі Қылмыстық кодекстің 346-бабында көрсетілген құқықбұзушылықпен, яғни көлік құралдарын масаң күйде басқару жайттарымен байланысты. Бұл рөлге мас күйде отырудың қылмыс екендігіне кезекті рет дәлел болса керек. Маневр жасау ережелерін бұзу салдарынан – 17, елді мекендерден тыс жерлерде қозғалыс жылдамдығын бұзумен – 48, елді мекенде қозғалыс жылдамдығын бұзумен – 84 жайт орын алған. 34 жол апаты қарсы қозғалыс жолағына шығумен, 35 дерек жол белгілерінің талаптарын бұзумен тіркелген. Сонымен қатар жануарларды соғумен болатын жол апаттары өткен жылы 41 болса, биыл 36 деректі құрап отыр. Жыл басынан бері барлық анықталған құқық бұзушылықтардың саны 300 мыңнан асса, оның ішінде 270 мыңнан астамы жол қозғалысы қауіпсіздік саласы бойынша анықталған.

 Жол-көлік оқиғаларын алдын алу, сондай-ақ облыс автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, автоапаттылық деңгейін азайту мақсатында тәртіп сақшылары  «Автобус», «Заңсыз тасымалдаушы», «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды.

— Жүргізушілер, жаяу жүргіншілер, жолаушылар, сондай-ақ жол қозғалысына қатысатын басқа да адамдардың барлығы жолда жүру ережесін жетік білсе, бұндай олқылықтар болмас еді. Ендігі кезекте жүгенсіз жүргізушілерді тәртіп сақшыларымен қатар, бейнебақылау камералары да бақылауда. Киелі Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері көптеген ауқымды істер атқарылуда. Оның бірі шаһарда соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары орнатылды. Сондай-ақ ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бастамасымен жаңадан іске қосылған «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасы да өз нәтижесін беруде. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жандандырылатын болады, – делінген Түркістан облыстық Полиция департаменті таратқан мәліметте.  

Ал Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генарал-майоры Мұрат Қабденов 18 шілдеден бастап «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасының басталғанын хабарлады.  

— Бүгінгі күнге дейін іс-шараның бес тәулігінде 5786 құқық бұзушылықты тіркедік. Бұл мақтанатын жағдай емес… Ашып айтар болсам, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден кесіп өтуінің – 1100, қауіпсіздік белдігін тақпаудың – 1186, ұялы телефон қолданудың – 527, техникалық байқаудан өтпеудің – 362, маневр жасау ережесін бұзудың – 220, жылдамдықты шамадан тыс асырудың – 184, ішімдік ішіп көлік тізгіндеудің – 32 дерегі белгілі болды. Ал жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көлік жүргізушілерінен 143 құқықбұзушылық анықталды. Баршаңыздан өз өмірлеріңіздің амандығы үшін жол қозғалысы ережесін сақтауларыңызды сұранамын! – дейді облыстың бас полицейі.

Тегтер: