Мас жүргізушілерге тыйым болмай тұр
Солтүстік Қазақстан облысында араққа сылқия тойып алып көлік тізгіндейтін жауапсыз жүргізушілер азаймай тұр.
Жыл басынан бері ішімдік пен есірткіге елтіп алып, тас жолда зулап жүрген 875 адам ұсталды.
Жолдағы жүргізушілердің мазасын қашырған соңғы оқиға Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның аумағында болған. Түн ортасында жолда кетіп бара жатқан жүргізушілердің бірі полицияға хабарласып, КамАЗ көлігі жүргізушісінің қылығы күмәнді екенін хабарлаған. Оның айтуынша, алдындағы көліктің түсініксіз, ирелеңдеп бара жатқандықтан басып озуға қауіптенетінін айтқан. Хабарлама алғасын, облыстық жол-патрульдік батальонының қызметкерлері аталған аумаққа жетіп, Челябі-Новосібір тас жолының 611-інші шақырымында көлікті тоқтатқан.
Полицейлердің айтуынша, жүргізушіден алкогольдің иісі шықпағанымен, мінез-құлқы күмәнді көрінген. Ер адам медициналық куәландырудан өтуден бас тартып, өзінің жағдайын ұзақ уақыт ұйқысы қанбағандықтан деп түсіндірген. Дейтұрғанмен тәртіп сақшылары оны наркологиялық диспансерге жеткізген. Күдік расталып, оның ағзасынан синтетикалық есірткі анықталды.
– Көлік басқарған Қостанай облысының 41 жастағы тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша материал жиналды. Сот шешімімен масаң күйде көлікті басқарғаны үшін оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Соңғы 4 күнде облыс жолдарында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде масаң күйде болған 23 жүргізуші тоқтатылды, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Григорий Тыш.
Жалпы, жыл басынан бері облыс жолдарында 875 мас жүргізуші ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Полицейлер жол-көлік оқиғаларының ауыр салдарына әкеп соғатын осындай өрескел бұзушылықты анықтау бойынша жұмысты тұрақты жүргізгенімен, жауапсыз жүргізушілер азамай тұр.