Мәселені ауызша шешетін Қарашөкеев қант қызылшасын өткізе алмай жүр
Өткен жылы өңірде құрғақшылық болып, төтенше жағдай жарияланып, ала жаздай тырбанып еккен еңбегі еш болған жамбылдық шаруалар биылғы күтіліп отырған мол өнім далада, қар астында қалып, рәсуа бола ма деп алаңдап отыр.
Қант қызылшасын егу о баста дұрыс жоспарланбағанын айтқан шаруалар жергілікті шенеуніктер ерте көктемнен бері қимылсыз жатып, енді науқан қызған шақта шапқылап, әрекет жасап жатқанына күйінеді.
Биыл Жамбыл облысы шаруалары үшін шикізатты сату және өңдеу мәселесі ерекше өзекті болып тұр. Онда 11,2 мың гектар қант қызылшасы егіліп, 650 мың тоннадан астам өнім алынады. Жоспарға сәйкес күні бүгін 1,7 мың гектар алқап жиналып, 125 мың тонна қызылша жиналған.
Алайда Жамбыл облысында 2 қант қызылша зауыты бар десек, оның бірі – Тараз қант зауытын былтыр ресейлік «Доминант» компаниясы сатып алған. Қазіргі жағдайда олар тек шикізатпен айналысып отыр. Жамбылдық шаруаларға «қант қызылшасын өңдейтін жабдықтар аламыз, өйтеміз де бүйтеміз» деп үйіп-төгіп уәде бергенімен, уәделерінің бірін де әлі күнге дейін орындамаған.
Ал қуаттылығы 250 мың тонна болатын Меркі қант зауытының жабдықтары жаңғыртуды қажет етеді. Аталған зауытқа жуырда ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров келіп, 450 мың тонна қызылша қабылдауды жүктеген. Келісілген кестеге сәйкес қабылдау жұмыстары 10 қыркүйектен басталып, бір айда бар-жоғы 105,2 мың тонна өнім қабылдап, 40 мың тоннаға жуық қызылшаны өңдеп үлгеріпті.
Бұл мәселе бойынша Жамбыл облысынан сайланған депутат Ерболат Саурықов премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
«Жамбыл облысы аудандары қант қызылшасын егуде биыл рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Елімізде өндірілетін өнімнің 60%-дан астамы Жамбыл облысы шаруаларының еңбегі екенін баса айтқымыз келеді.
Осыған қарамастан, Меркі қант зауытында өнімді қабылдау кезінде біршама мәселелер туындап, жағдай күрделеніп барады. Өнім қабылдау бойынша әр ауданмен арнайы кесте бекітіліп, осы кестеге сәйкес жұмыстар жүргізу жоспарланған болатын. Алайда зауыт тарапы өздеріне бағынысты «Қызылша жер» ЖШС-ның өнімін кезексіз қабылдаған. Аталған мекеме Жамбыл облысы Шу ауданында жаңа зауыт салатын болғандықтан, әкімдік тарапынан 11 мың гектардан астам егістік жер бөлініп берілген. Мұндағы негізгі мақсат – жаңадан соғылатын зауытты өніммен қамту және Меркі қант зауытының жүктемесін азайту болатын. Бірақ қазіргі уақытта жердің берілген мақсатын бұрмалап, Меркі қант зауытына өнімдерін кезексіз өткізіп, наразылық тудырып отыр. Зауыттың құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс болғанымен, бүгінге дейін зауыттың бір кірпіші де қаланбаған. Бұған кім жауап береді?», – дейді депутат.
Сонымен қатар Меркі зауытындағы қызылша таситын көліктердің кептелісін айтуға тура келіп отыр. Саны 250-ден астам «КамАЗ» көліктері 3-4 күндеп кезекте тұр. Бұған фермерлер мен көлік жүргізушілері наразы. Мәселе осылай жалғаса беретін болса, келесі жылы қызылша өндірушілерді жоғалтып алу қаупі бар. Оның үстіне тасымалдаушы тұлғалар да апталап кезекте тұрғаны үшін бағаны өсіруді талап етіп отыр.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өнім жинау басталмай тұрғанда Меркі қант зауыты 410 мың тоннаға дейін өнім қабылдай алатынын, ал Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытының қабылдау қуаты 450-470 мың тоннаға дейін жететінін айтқан болатын. Осы екі зауыт 1 млн тоннаға дейін өнім қабылдаса, қалған өнімді Қырғызстанға апарып өткізуге болады деген және тасымалдау үшін субсидия төленеді. Өйткені Ақсу қант зауыты тым алыс. Қызылшаның құнын жол шығынының өзі-ақ «жеп» қоятыны белгілі. Осылайша, жергілікті билік қызылшаның мәселесін күні бұрын ауызша шешіп тастаған-ды.
Бірақ өнім өткізу мәселесі жаппай жиын-терін басталған алғашқы күндерден-ақ дауға ұласты. Меркі мен Ақсу қант зауыттарының алдында ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болып, қант қызылшасын өткізушілер 4-5 күн күтіп, қаңтарылып тұратынын айтып, шағымдана бастады.
«Қызылша артқан көлік Меркідегі қант зауытынан 3-4 күнде әрең оралады. Ұзын-сонар кезек. Өнімді қабылдау өте баяу. Жетісу облысының Ақсу кенті мен біздің Байзақ ауданының арасы 850 шақырым. Меркі мен Ақсудағы қант зауыттары қатты ескірген. Ақсудағы зауытқа қызылша артқан көлік апта салып әрең оралады. Бұл – алдын ала қам жасамаған облыстық әкімдіктің кемшілігі. Облыста 11 мың гектардан астам қызылша егілді. Осыған сай күні бұрын қамданып, дайындық жасалуы керек еді ғой. Енді кеп шаруалар шырылдап отыр. Облыс басшыларымен жолығып жатырмыз. Соңғы кездескенде олар «Қант зауыттары жекеменшік қой, бізді тыңдамайды» деп қалыпты. Былтыр пияз егіп, су болмай, егінін құрғатып алғанның бәрі биыл қызылша екті. Сол кезде билік тарапынан «қызылша егіңдер, өнімді алатын зауыт бар, кепілдік береміз» деген әңгімелер айтылған. Міне, енді өнім өткізетін зауыттың жағдайы мүшкіл», — дейді Жамбыл облысы бойынша фермерлер одағының төрағасы Дулат Сұлтанбеков.
Қант қызылшасының әр келісі үшін 25 теңгеден субсидия төленеді. Ал өнімін Ақсу қант зауытына өткізетіндер үшін 1 келісіне 45 теңге беріледі. Тәтті түбір тасымалына төленетін тариф құны 3 теңге болып белгіленген. Бұл қаражат диқандардың жол шығынын ғана ақтайды.
Меркі зауыты өнімді 15 теңгеден қабылдап жатыр. Осыған байланысты Үкіметтен 16 млрд теңге субсидия сұралған. Бірақ әлі күнге бір тиын да берілмеген. Қазір тасымалдау шығынының бәрін шаруаның өзі көтеріп отыр.
«Субсидияның қаржысын үкімет осы қазан айына қойып береді деген келісім бар. Ауыл шаруашылығы министрлігімен күн сайын байланысып отырмыз. Жалпы қызылша мәселесі бойынша облыс әкімі осы аптада Меркідегі қант зауытына арнайы барып, акционерлермен жиналыс өткізді. Көлік кептелісі мәселесі шешілді деп айтуға болады. Зауыт бүгінгі күнге дейін 120 мың тоннадан астам өнім қабылдады. Жалпы 450 мың тонна қабылдайды. Өнім қабылдаудың арнайы кестесі бекітілген. Күндік қабылдау қуаты 4,5 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін ұлғайтылды», – дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев.
Ал біз сөйлескен «Халық заты» шаруа қожалығының төрағасы Жәнібек Төлегенов бұл мәселе оңынан шешіледі дегенге сенбейтінін айтады.
«Менің шаруашылығым 20 гектарға қызылша еккен. Осы күнге дейін жібергенім, 8-ақ «КамАЗ» өнім. Қазір қол қусырып отырмыз. Көлік жоқ. Оның үстіне жаңбыр басталды. Комбайн батпақтан алқапқа кіре алмайды. Жердің кепкенін күтеміз. 20 гектарымның ары кеткенде 2,5 гектары қазылды. Көліктер Меркі қант зауытынан 3-4 күнде бір-ақ оралады. Қант зауыты «анау бұзылды, мынау бұзылды» деп, әйтеуір өнімді өте баяу қабылдап жатыр. Басшылар «Мәселені шешеміз, далада қалдырмаймыз» деген. Бірақ шынымды айтсам, бұл шешілмейтін сияқты. Өнімін Ақсуға апарып жатқандар бар. Екі ара мың шақырымға жуық. Ол жақтың да қабылдай қоюы қиын», – дейді шаруа.
Расында биыл Жамбылда қызылшадан өнім мол. Жылда гектарына 350 центнерден дақыл жинайтын жергілікті шаруалар биыл орташа өнім 750 центнерден айналып жатқанын айтады. Қызылша жинау ісі енді қызып жатыр. Ендігі кезекте осы мол өнімді далада қалдырмай, қып-қызыл дауға айналдырмай, рәсуа қылмай жинап алу мәселесі облыс басшысы Қарашөкеев пен осы салаға жауаптыларға үлкен сын болғалы тұр.
Нұрболат ӘЛДИБЕК
Жамбыл облысы