Машкевич – Африкада да Машкевич. Назарбаевқа арқа сүйейтін қазақстандық олигархтар Ұлыбританияда қалай жеңіске жетті?
Қыркүйек айының ортасында The Guardian басылымында «Олигархтар Ұлыбританияның алаяқтықпен күрес департаментіне қарсы шығып, қалай жеңіске жетті?» деген көлемді зерттеу жарық көрді.
Зерттеуде ENRC компаниясының ақшаларын заңдастыру үшін қалай алаяқтық схемаларын түзгені, Африкадағы «Конгони» кен орнын сатудағы миллиондардың жымқырылуы, кенді бағалаған геолог Андре Беккердің жұмбақ жағдайда қаза болуы туралы жазылады. Бұл мақалада «үштік» деп аталатын қазақстандық олигархтар – Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовтардың 1990 жылдары Қазақстанға келуі, бұрынғы президент Назарбаевпен жақындығы, олардың қалай байығандығы сөз болады.
Миллиардер Машкевич пен Шодиев – халықаралық жанжалдың басты кейіпкерлері
Ұлыбританияның The Guardian басылымының журналисі Tom Burgis-тің (Том Бёрджис) мақаласында қазақстандық олигархтардың көлеңкелі бизнестері, ақшаны жымқыру үшін қандай әрекеттерге барғандығы егжей-тегжейлі жазылған. Оқиғаның барлығы 2016 жылы оңтүстік африкалық жеке детектив Клемент Джексонға африкалық шахталарға инвестиция салған америкалық инвестор келіп, геолог Андре Беккердің жұмбақ өлімін анықтауды сұраған кезде басталған. Сол кезде Ұлыбританияның алаяқтықпен күрес бюросы да (SFO) геологтың өлімі мен ENRC арасында байланыс бар деп есептеген. Геолог Андре Беккер Йоханнесбург қаласының маңында көлік ішінде өртеніп кеткен. Өліміне суицид деген қорытынды шығарылған. Бірақ Клемент Джексон деректерді саралай келе өлімнің суицид емесін, себебі көлік алдынан бастап өртенгені, бұл кезде Беккер көліктің артындағы жолаушылар орындығында отырғанын анықтаған. Содан соң Джексон Беккердің жұмыс орнын тексере бастаған. Осылайша, ENRC компаниясына тап болады. Бұл компанияны зерттей келе детектив геологтың осы компанияда жұмыс істегенін біледі. 2011 жылы ENRC Оңтүстік Африкадағы «Конгони» марганец кен орнын 295 миллион долларға сатып алған. Тергеу кезінде детективті қатты таңғалдырғаны – Беккердің кен орнын осынша сомаға бағалағаны еді. Шын мәнінде кеннің құны бұл соманың жартысына да жетпейтін.
Өз компаниясынан өздері ақша жымқырған қазақстандық олигархтар
ENRC компаниясы 2000 жылдардың басында алпауыт кәсіпорынға айналып, шетелдегі бағалы металдар өндіретін ірі кен орындарын сатып ала бастады. Мысалы, 2009 жылы Африкадағы дамып келе жатқан тау-кен компаниясы Орталық Африка тау-кен және барлау компаниясын (CAMEC) сатып алды. Бұдан бөлек, марганец өндіретін Оңтүстік Африкадағы кендерге де ауыз сала бастады. Соның бірі – «Конгони» шахтасы болатын. Кенді 295 млн долларға бағалағанда бәрі таңғалған. Себебі кен мұндай бағаға лайық емес еді. Марганецті қазып алу жер жағдайына байланысты қиын әрі қымбатқа түсетін. Бірақ қазақстандық олигархтар оны сатып алады. Джексон бұл келіссөздерде күдіктің көп екенін байқап, мұны ары қарай зерттейді. Кен орнын сатып алғаннан 2 жыл өткен соң «Конгонидің» бағасы нөлге түсіп қалған. ENRC мұны марганец бағасының күрт түсіп кетуімен түсіндірген. Бірақ Джексон металл сарапшыларымен сөйлесе келе «Конгонидің» ешқашан 295 млн доллар тұрмайтынына көз жеткізеді.
Содан кейін бұл жерде ақшаны жымқыру бойынша алаяқтық жүйе барына күмәнданып, Англияның алаяқтықпен күрес бюросына хабарласқан. Лондондағы штаб-пәтеріне барып, 2 күн бойы өзі тергеген біраз мәліметтің бетін ашады. Кейіннен SFO «Конгони» кен орнын сатқан Майк Наннан компания шын мәнінде 145 млн долларға сатылғанын біледі. Детектив Джексон бұларды ары қарай зерттей келе кен орнын ENRC бірден сатып алмағанын анықтайды. Кенді алдымен құрылғанына бірнеше ай ғана болған Маврикийде тіркелген белгісіз компания 145 млн долларға сатып алып, көп өтпей ENRC-ге 295 млн долларға сатқанын біледі. Мақала авторы Джексонның деректерін саралай келе қазақстандық олигархтар – Машкевич, Шодиев пен Ибрагимовтер өз компанияларынан өздері ақша жымқырған деп есептейді.
Қазақстандық олигархтар мен Назарбаев қалай байыды?
Тергеу ізі корпорацияның жетекші басшылары – Александр Машкевич пен Патох Шодиевке апарады. Екі олигарх та трейдер Алиджан Ибрагимовпен бірге 1990 жылдары ENRC компаниясын құрған.
«Александр Машкевич пен Патох Шодиев бизнесін әу баста Ресейден бастады. Коммунизм капитализмге ыдыраған кезде екеуі трейдер Алиджан Ибрагимовпен бірігіп, қазақ диктаторы Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіріп алған құнды кеніштердің бір бөлігін арзан бағаға сатып алу үшін Батыстан инвестиция тартты. Соңында Назарбаев та, «үштік» одақ та керемет байыды», – деп жазады Том Бёрджис.
Мақала авторы айтқандай, ENRC компаниясы Назарбаевтың арқасында жылдам қанат жайып, Қазақстаннан бөлек, Африкадағы бағалы металл кен орындарын да сатып алады. Осылайша, ENRC халықаралық компаниялар тобына айналып, 2007 жылы Лондон қор биржасына кіреді. 2008 жылдың ақпанында қаржылық дағдарыс миллиондаған адамдардың қалтасын қағып жатқан кезде, «үштік» одақ Уайтхоллдағы Банкет залында құрметке ие болады. «Кезінде Англия корольдері ас берген залдарда қазақстандық квартет ән шырқап жүреді» дейді мақала авторы. «Трио» демей «квартет» дегеніне қарап, біз бұл одаққа Назарбаевты да қосқан шығар деп ойладық. Сөйтіп, қазақстандық олигархтар темір кеніштерінің арқасында Лондонда абыройлы бизнесмендерге айналады. Штаб-пәтерлерін Букингем сарайына жақын жерге көшіреді.
Жалған келісімшарттар мен оффшорлық шоттар
Томның жазуынша, ENRC құрылған кезден бастап-ақ инвесторларда күдік пайда болған. Мысалы, 2011 жылы-ақ инвесторлар Қазақстандағы кен орындарында ақша жымқырылып жатқанын байқай бастайды. Осыны анықтау мақсатында Нил Джеррард басқаратын заң фирмасының қызметіне жүгінеді. Бастапқыда Нил Қазақстандағы компанияларда ұсақ заңбұзушылық бар екенін анықтайды. Бірақ оның назары ENRC-ді зерттеп жүріп, Африкадағы ірі алаяқтыққа ауады.
Заңгер ENRC Африка компаниялар тобын басқаратын Виктор Ханнаның пара беру, алаяқтық, ақшаны заңдастыру бойынша бірнеше іске қатысы барын анықтайды. Бірақ Ханна мұның бәрін жоққа шығарады. Бұдан кейін Нил компанияның директорлар кеңесіне Ханнаның ісін айтып, бұл компанияның беделіне нұқсан келтіретінін, арты қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі барын ескертеді. Инвесторлар Ханнаны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдайды. Бірақ Машкевич Лондонға сапары барысында кеңес өткізіп, керісінше, заңгер Нилды жұмыстан шығарып, Ханнаны орнында қалдырады.
Лондондағы сарай мен күйеу бала Ханна
Джеррард жұмыстан босатылғаннан кейін SFO ENRC-ге қатысты қылмыстық тергеуді бастайды. Бюро заңгер жинаған дәлелдерге сүйенеді. Нил компанияның қызметкерлерінен 184 видеосұхбат жасапты. Бірақ сот бұл құжаттарды қабылдамайды. Британдық агенттік Александр Машкевичтен де, Виктор Ханнадан да жауап алып, түк нәтиже шығара алмаған. SFO тергеуінің негізгі бағыты – Конгодағы пара беру еді. Себебі Машкевичтер компанияның келіссөздері олардың пайдасына шешілуі үшін жергілікті ықпалды адамдарға пара берген болуы мүмкін. Бұдан бөлек, ENRC-дің иелері заңды транзакцияларды желеу етіп, компаниядан ақша жымқырған деген де болжам бар. Бірақ мұның ешқайсысы дәлелденбеді. 2023 жылы департамент компанияға ешқандай айып таға алмай, істі жауып тастады. Енді алдағы уақытта британдық агенттік қазақстандық олигархтарға келтірілген шығын үшін 250 миллион фунт стерлингке дейін төлеуі мүмкін.
Ал бұл кезде Ханна шалқып өмір сүріп жатқан. Әйелінен ажырасып, олигарх Шодиевтың қызы Муниса Шодиеваға үйленеді. Ерлі-зайыпты Лондонның қымбат Mayfair ауданынан 8 млн фунт-стерлингке (10,6 млн АҚШ доллары) зәулім сарай сатып алады. SFO мұның ізіне де түсіп тергегенде үй үшін төлем Швейцария банк шотынан жасалған болып шығады. Алаяқтықпен күрес бюросы бұл ақшалар оффшорлық шот арқылы Африкадағы кен орнын сатып алу келісім кезінде түскен қаржы екенін біледі. Қаржының бір бөлігі Ханнаның атына, қалғаны құрылтайшылар атына аударылған болып шығады.
ENRC немесе ERG деген қандай компания?
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, ENRC деген қазіргі ERG – Eurasian Natural Resources Corporation халықаралық корпорациясы екенін айта кетейік. Оның еліміздегі акционерлері ҚР үкіметі – 40 пайыз, Александр Машкевич – 20,7 пайыз, Патох Шодиев – 18,6 пайыз, Ибрагимовтар отбасы 20,7 пайыз. Топтың Қазақстандағы құрылымына «ТНК «Қазхром» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кәсіпорны» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Еуро-Азия энергетикалық корпорациясы» АҚ және т.б. компаниялар, бағалы металл кеніштері кіреді. Жалпы компаниялар саны 25-ке жетеді. ERG өзінің ресми сайтында қызметкерлер санын 70 мыңға жуық деп көрсеткен. Компаниялар тобының штаб-пәтері Люксембургте орналасқан. Азияның 40 шақты елінде жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Африкада – 8, Еуропада – 1 бағалы металдар кені, Бразилияда – 1 темір кені бар.
Әріге бармай-ақ, оның «ҚАЗХРОМ ТҰК», «ССКӨБ» дейтін акционерлік қоғамдарына ғана тоқталып өтейік. «ҚАЗХРОМ ТҰК» хром және марганец рудасын өндірумен және өңдеумен айналысады. Оның қаржы айналымы 8 трлн-ға жуық. Төлеген салығы 150 млрд-тай. АҚ-да 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Былтыр Қазақстандағы ең табысты компаниялардың үштігіне енген. 2023 жылғы табысы 485,9 млрд теңге. Ал «ССКӨБ» акционерлік қоғамның құрамына Соколов, Сарыбай, Қашар, Қоржынкөл карьерлері, Алексеев доломит кеніші, Өнеркәсіптік, Кен өндіру және Көлік кешендері, «Качары кені» АҚ, басқа да цехтар мен учаскелер кіреді. АҚ-ның 2022 жылғы қаржылық айналымы 8 трлн теңгеге жуық болған. Былтырғы қаржысы 3 трлн теңге айналасында. АҚ-да 9 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Былтырғы таза табысы – 166,9 млрд теңге. Кейінгі 2 жылда 200 млрд теңгеден аса салық төлеген.
Лондон қазақстандық олигархтар арқылы Путинге көмектесе ме?
Мақала авторының жазуынша, ENRC-дің SFO-ға қарсы заңды шабуылы қылмыстық тергеуді оңайлатуға көмектескен. Бұл жолда оларға SFO жалғыз мақсат болмаған көрінеді. ENRC сот процесін жеңу үшін оны Нью-Йорктен Хараре мен Астанаға дейін созылған көп фронтты «соғысқа» айналдырған. Бұл жолда экс-директорларының бірі, қауіпсіздік жөніндегі мердігер, IT маманы, ақпарат тасымалдаушысы және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі «майданға» тартылған. АҚШ-тағы осыған байланысты сот процесіне журналиске, екі жеке барлау кеңесшісіне, бухгалтерлік фирмаға, тіпті Ұлыбритания премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Ник Клеггтің әйелінің ENRC бизнесінде заңгер ретінде жұмыс істеуіне қатысты сөздер айтылған. Ауқымды сот процесінде Андре Беккерді кім өлтіргені сол күйі анықталмаған.
Сот процесі мұнымен тоқтамаған. Келесі сот процесінде судья Ұлыбританиядағы SFO ENRC-ге шығын үшін қанша ақша төлеуі керегін шешеді. Ал ENRC-дің кейінгі жарияланған шоттарына сәйкес, оның Люксембургтегі бас компаниясының екі «ірі кредиторы» Сбербанк пен ВТБ. Екеуі де Ресейдің мемлекеттік банктері. Олар 2022 жылы Путин Украинаға соғыс ашқаннан кейін Ұлыбританияның санкцияларына ұшыраған. ENRC-дің бұл банктерге тікелей қатысы жоқ болса да, бірақ оның 2024 жылы Сбербанк пен ВТБ-ға кейбір төлемдерді жасағаны анықталған. Сонымен, Ұлыбритания Украинаға миллиардтаған доллар әскери көмек беріп жатқан кезде, екінші тарапқа, яғни Ресейге де қарызды өтеу арқылы көмек жасауы мүмкін деген болжам айтылыпты.
P.S. Енді Оңтүстік Африканың барлау қызметтері «Конгони» ісін тергеп жатқаны белгілі болды. Аталған оқиғадан соң Машкевич пен Шодиевке тықыр таянды ма, кім білсін, олар осы шілде айында ERG директорлар кеңесінен шығып кетті. Ал бүгін ковид кезінде қайтыс болған Алиджан Ибрагимовтің ұлы Шухрат Ибрагимов ERG директорлар кеңесін басқаратыны белгілі болды.
Айтпақшы, біз қазақстандық олигархтарға қатысты компанияларды «сипап» қана жазып өттік. Алдағы уақытта бұл туралы кеңінен зерттеу жариялайтын боламыз.
Тұрсынбек БАШАР