Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:06, 16 Мамыр 2023

Машкевичтердің ұраны: Салықтан қашсаң, инвестор тап!

None
None

Қазақстан алпауыттарға отыз жыл бойы жағдай жасады. Инвесторларға жайлы мемлекет атану үшін барымызды салдық.

Тіпті дүниежүзілік банктің рейтингі бойынша 2019 жылы инвесторлардың құқын қорғау және келісімшарттарды сақтау тәрізді көрсеткіштер бойынша әлемдік ондыққа да еніп кеттік.

 Жалпы Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 330 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылыпты. Былтырғы жылы сыртқы ахуалдың күрделілігіне қарамастан, елге 28 млрд доллар шетелден инвестиция тартылып, 18 пайызға өсім берген. Экономика өсімінің ресми көрсеткіші былтыр – 3,2 пайызды құрады.

 Жуырда үкімет елімізге инвестиция әкелетін олигархтарға тағы бір оңтайлы мүмкіндік беретін келісімнің жобасын ұсынды. Ол келісімде атақты бай-манаптар Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимов иелік ететін ERG құрамындағы үш кәсіпорынға бірнеше жыл бойы салықтың өспейтініне кепілдік берілген. Бұл кепілдіктер 2032 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады. Үкіметтің бұл жомарттығының қарымтасына «Қазақстан электролиз зауыты» 8 жыл бойы жылына 71 млн доллар мөлшеріндегі инвестициялық міндеттемелерін жүзеге асырып отырса жеткілікті.

 Дегенмен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның жылдық кірісі 2022 жылы – 1 трлн 580 млрд, 2021 жылы – 1 трлн 858 млрд теңгеден асқанын ескерсек, 71 млн доллар көлемінде инвестициялық міндеттемені орындау бұл кәсіпорынға аса қиындық тудырмайтынын аңғаруға болады. Бұдан бөлек қандай да бір форс-мажор бола қалса (пандемия, төтенше жағдай, т.б.) оларға міндеттемесін орындамауға да мүмкіндік берілген, ол үшін кәсіпорын еш жаза тартпайды.

 Осылайша үкімет болашақта үш олигархтың бизнесіне барынша жағдай жасамақ. Бәлкім, атқарушы билік елге ауқымды инвестиция тарту үшін осындай қадамға барып отырған шығар. Десек те осы арада отыз жыл бойы елге қаражат әкеледі деген желеумен қанша олигархты байытқанымыз еске түседі. Қазақстанның қаншама байлығы шетелге кетті?! Соңғы 25 жылда ел аумағынан оффшорға 160 млрд доллар қаражаттың шығарылуы көп нәрсені аңғартпай ма?! Алпауыттарға жағдай жасап, салықтық жеңілдіктер, бизнеске қолайлы орта қалыптастырдық. Соның есебінен экономикаға құйылған қаражаттың да көлемі артты делік. Бірақ ол инвестицияның пайдасын қарапайым халық көрді ме?!

Елде ең төменгі жалақы өспегенмен, айыппұлдың есебі жыл сайын өседі. Қарапайым қарашаға келгенде салықтың да көлемі тұрақты түрде алынады. Коммуналдық төлем, айыппұл, тапқан табысыңнан да бюджетке салық төлеу, несиенің көлемді пайызы бүгінде елді әбден шаршатты. Медициналық сақтандыру – МӘМС-ке екі ай жарна аударылмаса бітті, халық тегін медициналық көмектен де қағылады. Салықты уақытылы төлемесе де елдің есепшоттары бұғатталады...

Алюминийді Қазақстанда жалғыз ғана компания өндіреді. Бұл жаңағы «үш алып» басқаратын «Қазақстан электролиз зауыты». Бұл компания жылына шамамен 260 мың тонна бастапқы алюминий шығарады. Оның тек 34 мың тоннасын, немесе 13 пайызын ғана отандық өңдеу кәсіпорындарына жібереді. Ал қалғаны шетелге кетеді. Экономист-сарапшы және құрылыс саласында өз бизнесін дамытып отырған Меруерт Молдабаеваның ойынша, «үкімет бүгінде ірі компанияларды қолдаймыз» деп, отандық бизнесті шырмауда қалдырып отыр. Үкімет қолдап отырған алпауыт компаниялар елдің дамуын ойласа, алған өнімін бірден шетел асырмай, ең алдымен отандық өндірісті алюминиймен қамтитын еді.

«Олар үшін отандық өндірісті алюминиймен қамту – арзан табыс көзі. Қазір Лондон металл биржасында бұл өнімнің тоннасы 3400 доллардан асты. Сондықтан ERG алдымен шетелдік нарыққа өнімді сатуды көздейді. Сол арқылы пайдаларын еселеп алып барып, қазақстандық кәсіпорындарды қамтуды кейінге ысырады. Біз құрылыс салатын кезде нақ сол алюминийді көрші Ресейден бірнеше есе қымбат бағаға сатып аламыз. Құрылыс заттарын сырттан қымбатқа сатып алғаннан кейін ол үйлердің әр шаршы метрі қымбатқа сатылады. Нәтижесінде үкімет те, алпауыт компаниялар да қиналмайды, ұтылатын да қиналатын да халық», – дейді Меруерт Молдабаева.

Маманның пайымдауынша, әлемдік нарықта соңғы үш жыл бойы алюминий, мыс, қорғасын бағасы максималды түрде өсіп жатыр. Осыны ескерместен, ірі компанияларға салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Мұның орнына неге отандық бизнеске жағдай жасалмайды?!

Қаржыгер Тоғжан Шаяхметованың ойынша, бізде әу бастан шетелден келетін импортқа жағдай жасалған. Ал шағын кәсіп ашып, өнімді шетелге шығарғысы келетіндерге кедергі көп. Осыдан барып отандық бизнес бәсекеге қабілетсіз.

«Мысалы, іргеміздегі Өзбекстанға алма апарып сататын болсақ қырық түрлі құжат дайындаймыз. Олар бізге фитосанитарлық сертификат пен тауар тасымалдау құжаты деген екі-ақ құжатпен ғана кіре береді. Бізде импортерлерге осындай жағдай жасалған. Одан кейін үкімет отандық бизнесті еш дайындамастан, экспортқа шектеу енгізе береді. Мысалы, өткенде пияз экспортына шектеу қойылды. Бұл жағдай пиязды сыртқа экспорттап отырған бизнесмендерге едеуір салмақ салды. Сол тәрізді жем-шөпке, ет экспортына және басқа өнімдерге шектеу үнемі қойылады. Бұған отандық бизнес дайын болмай қалады. Өз кезегінде олардың түсімі кемиді. Біз 30 жыл бойы тек көлемді мұнайды, мыс, темір, уран, қорғасын тәрізді шикізатты сыртқа сатумен айналысып келе жатырмыз. Осы уақыт ішінде жекелеген тұлғалар үшін «жайлы экономика» бағдарламасын жүзеге асырып, олиголопиялық жүйе құрдық. Экономиканың барлық саласында 100 пайыз импортқа тәуелдіміз. Үкімет отандық шағын бизнеске емес, олигархтарға жағдай жасап әлек. Бұл бізді дамытатын қадамдар емес», – дейді қаржыгер.

 Сондай-ақ биліктің кейбір тармағында отырған қолы ұзын, көлеңкеде әрекет етуге әбден дағдыланған білімсіз шенеуніктер де бизнесті тұншықтырып отырғаны жиі айтылады. Олар отандық бизнесті өгей бала ретінде шеттетіп келгендіктен, осы күнге дейін ұлттық инвесторлар класын қалыптастыра алмадық.

Кәсіпкер Азат Қонысбек онсыз да майшелпекке батып отырған алпауыт компанияларды қолдай беру – бізді өркендетпейтінін айтады. Бұл арқылы біз ұлттық инвесторлар класын қалыптастыра алмаймыз. Ол алпауыт компаниялар байлығымызды сорып жатқанымен, біздің елге ауыз толтырып айтарлықтай инвестиция да салып отырған жоқ. Қарамағында жұмыс істейтін қарапайым жұмысшыларының да жалақысы мардымсыз.

Кәсіпкердің түсіндіруінше, алпауыт инвесторлар елге 10 теңге салып, 10 мың теңгенің жеңілдігін алып отыр.

«Біз дамимыз десек, ең алдымен ауылға инвестиция салуымыз керек. Отандық бизнеске салықтық жеңілдіктер, мемлекеттік қолдаулар қарастырылғаны жөн. Сол кезде барып елде ұлттық инвесторлар легі жасақталады. Бұдан ұлттық экономика дамиды. Смайылов үкіметі болашақта осыған басымдық бергені жөн. Өкініштісі, үкіметте тіл білмейтін тек орысша, ағылшынша сөйлей алатын министрлер отыр. Нақ қазір біздің сорымыз осылар. Сондықтан үкіметке қазақша ойлай алатын, қазаққа жаны ашитын азаматтар баруы керек. Қой мен ешкіні ажырата алмай отырып, ауыл жайлы шешім қабылдайтын министрлер бар. Мұнымен ауыл қайдан дамысын! Ауылды дамытпай, Қазақстан дамымайды. Бұл – дәлелденген дүние. Инвесторларды жарылқай беру – біздің жыртығымызды жамамайды. Алпауыттарға асата беруді доғарып, халықты жоқшылықтан құтқару керек. Ендігі міндет – әрі қарай шетелдіктерге жем болмай, отандық бизнесті дамыту арқылы ұлттық инвесторлар класын қалыптастырып, қара халықтың байлығын өзіне қалдыру», – дейді ол.

Біз осы уақытқа дейін инвестиция тарту деген сөзді көп естідік. Үкімет «әкімдер арнайы тапсырма күтпей, инвестиция әкелуі керек» дегенді жиі айтты. Қайбір жылы Бақытжан Сағынтаев премьер болған тұста инвестиция тарта алмаған әкімдердің рейтингі де жасалып, жұмыстары да сынға алынатын. Содан бері бізде әр әкім инвестиция тартуға жауапты. Инвестиция елді өркендетудің тетігі десек те, дамыған елдерді өкшелегеніміз шамалы. Тіпті дамушы елдердің де біразы бізден озық. Инфрақұрылымы дамымаған, жол, су, жайлы мектеп, заманауи ауруханамен қамтылмай отырған елдімекендер қаншама?! Үш ауысымды мектепке сыймай, келесі ауылға Кеңес заманынан қалған тозған автобуспен барып оқып жүрген балалар қаншама? Ауыл шетіндегі өзеннен су тасып, оның ішіндегі бақа-шаянды сүзіп ішіп отырған елдің қарасы да баршылық. Сонда әлгі әкімінен бастап, министріне дейін соңынан жүгіріп, елге әкеліп жатқан инвестицияның қарасы қайда? Мұндайда қазақ «Аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды» деуші еді...

Тегтер: