Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:41

«Масылдық пиғыл» операциясы бюджетті үнемдейді

Әлеуметтік көмек
Фото: Жас Алаш коллаж

Билік қазынадағы қаржының көбі халықты қолдауға жұмсалып жатыр деп санайды.

Биылғы жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдерді бірізге түсіру керек екенін айтты. Президент қазіргі әлеуметтік саясатты сынап, «үкімет 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді», деді.

Осыдан кейін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және әлеуметтік қорғау министріне жауапты органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, биыл 1 желтоқсанға дейін әлеуметтік қолдау шараларына қатысты бірыңғай стандарт әзірлеуді тапсырды. Бектенов барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыны алып тастау керек деп санайды. «Әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шара қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек», – деді ол.

Әлеуметтік желі мен БАҚ-та бұл мәселе кеңінен талқыланып жатыр. Сарапшының айтуынша, үкімет әлеуметтік көмектерді қайта қарап, кейбірін қысқартуы мүмкін. Өйткені билік қазынадағы қаржының көбі халықты қолдауға жұмсалып жатыр деп санайды.

Кейінгі бірнеше жылда елде бюджет тапшылығы артып келеді. Қазақ билігі бұл тығырықтан шығу үшін басын тауға да, тасқа да соғып әлек. Бірақ қолға алған шараларының бәрі жауырды жаба тоқитын уақытша амалдар ғана. Мысалы, Ұлттық қорға қол салды, шетелден қарыз алды. Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, қосымша құн салығын 12-ден 16 пайызға көтерді. Одан не өзгеретіні қазірше белгісіз.

Мұнымен де бюджеттің бүйірін толтыра алмаған үкімет «үнемдеу» дейтін ұран ойлап тапқан. Яғни бюджет шығыстарын азайтып, жаппай үнемдеуге көшпек. Бірақ шенділер қаржыны қалай үнемдеуді білмейтін болып шықты. Мемлекетке миллиардтаған шығын әкелетін тиімсіз жобалардан бас тартып, қаржыны жоспармен бөлсе, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шауып, желге ұшып жатқан қаржыны тоқтатса – нағыз үнемдеу сол болар еді. Бірақ ол өте-өте қиын шаруа... Ең оңайы – халықтың қалтасына қол салып, әлеуметтік көмекті кеміте салу.

Жүйесіз саясаттың салдарынан аз табысқа ғана арқа сүйеп, тұрмыс өресі төмендеп кеткен отбасылар аз емес. Тіпті мемлекеттен бөлінген жәрдемақымен ғана күн көретіндер де бар. Жақында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елде бір миллион бір жүз мың адамның айлығы 85 мың теңгеден (ең төменгі жалақы деңгейі) төмен екенін айтты. Тіпті 329 мың азамат 80 мың теңгеден де төмен жалақы алып жүр екен.

85 мың теңгеден төмен жалақы алатын 1,1 млн адамның әрқайсысының отбасында 4-5 адамнан бар деп есептесек, 4-5 млн тұрғын кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр деген сөз. Инфляция шарықтап тұрған елде мұндай ақшамен күн көру қиын. Сол үшін азаматтарымыз әлеуметтік көмекке қол жаюға мәжбүр.

Бар билікті шеңгелдеп отырған Amanat партиясының депутаты Елнұр Бейсенбаевтың есебінше, елде 1,8 млн адам ең төменгі жалақыға күн көріп отыр. Депутат пандемия уақытында 42 500 теңгеден көмек алған 4,5 млн адам әлі күнге дейін нақты жұмыспен қамтылмағанын айтады. Яғни елде жұмыссыз адамдар да аз емес. Олардың табысы тіптен төмен. Елімізде еңбекке қабілетті шамамен 10 млн адам бар. Оның тең жартысы ғана жұмыспен қамтылған. Бұл жерде де биліктің жұмысына оң баға беруге келмейді. Халықты жұмыспен қамти алмаған үкімет енді халықтың өзін масыл деуге көшті.

Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Жақыпова мен Бейсенбаевтың есебін жоққа шығаруға тырысып жүр. Мәскеуде 5 жыл тұрып, мемлекеттік тілді ұмытып қалған, елге келген соң да көктен түскендей мәлімдемелерімен көпке ұнамай жүрген Сүлейменов бұл жолы да жұртқа күлкі болды. Бас банкирдің «ең төменгі жалақы жай ғана көрсеткіш. Қазір Қазақстанда ондай жалақы жоқ шығар. Бәрі 85 мыңнан көп алады» деген сөзіне таңғалмаған адам жоқ.

Кімдер әлеуметтік көмек алады?

Билік бүкіл шығын әлеуметтік салаға кетіп жатыр дегенді бұған дейін де бірнеше рет айтты. Биыл және былтыр бұл салаға жалпы бюджет шығынының 38 пайызы жұмсалған. Бұл шамамен 8–9 трлн теңге. Мұның ішіне зейнетақы, шәкіртақы сияқты мемлекет үшін міндетті төлемдер де кіреді. Яғни мемлекеттің мұқтаж отбасыларға бөліп отырған қаржысы бұдан әлдеқайда төмен. Мысалы, елде табысы ең төмен адамдарға атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Биыл 260 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты, жалпы сомасы – 110 млрд теңге. Ал көпбалалы отбасыларға – 354 млрд теңге, мүгедектер мен асыраушысынан айырылған жандарға – 434 млрд теңге төленген.

Ал зейнетақы төлеуге 2,4 трлн теңге жұмсалған. Яғни әлеуметтік саланы қолдауға бөлінген қаржының басым көбі зейнеткерлерге берілген. Ғұмыр бойы ел үшін еңбек еткен, салық төлеген, зейнетақы жарнасын құйған азаматтар зейнатақы алуға, әрине, құқылы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, дәл қазір республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдердің 41 түрі бар. Оған зейнетақы, мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін сома, соғыс ардагерлеріне берілетін көмек, ядролық сынақтан зардап шеккендерге берілетін көмек және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы кіреді. Биыл жыл басынан бері осы төлемдерге 5,9 млрд теңге жұмсалыпты.

Еңбек министрлігінің өкілі «Жас Алашқа» қазір бар әлеуметтік жәрдемақылар қысқармайтынын айтты. Оның айтуынша, үкіметте сөз болып жатқан оңтайландыру шарасы – жергілікті әкімдіктер бөлетін қаржыға қатысты. Яғни атаулы әлеуметтік көмек немесе көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы тоқтайды деп алаңдауға негіз жоқ.

Ендеше, қандай әлеуметтік көмектер кемуі мүмкін? Президент жолдауында толық емес отбасы деген жеңілдік статусы пайда болып, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы қатарға шыққаны айтылды. Сондай-ақ Тоқаев «КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады» деді. Демек осы екі категорияға енетін азаматтар қатаң сүзгіден өтуі мүмкін.

Билік мемлекеттен көмек алу үшін қағаз жүзінде ажырасатын азаматтар көп деп санайды. Ал мамандар ондай «пысықайлардың» саны көмекке шынайы мұқтаж адамдардан әлдеқайда аз екенін айтады. Мысалы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми дерегі бойынша, былтыр 9 500-ден аса отбасы (шамамен 50 мың адам) шынайы кірісін жасырған. Мұны көмек алатын миллиондаған адаммен салыстырсақ, өте аз көрсеткіш. Демек аздаған заңбұзарлар үшін көмекті кеміткеннен гөрі, заңды күшейтіп, шынайы мұқтаж жандарды анықтау әлдеқайда ақылға қонымды болар еді. Оның үстіне заңсыздық болған күннің өзінде, жалған құжатты халық қолдан жасамайтыны анық. Ондай құжатты жасаған құзырлы органдардың жауапкершілігін күшейту қажет.

Ал КСРО кезінен қалған ардагерлерге келсек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бізге жіберген құжатта «арнайы мемлекеттік жеңілдіктер» санатына Екінші дүниежүзілік соғыстан бөлек, Ауғанстан, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабақ, Ирак қақтығыстарына қатысқандар және Чернобыльдегі АЭС апатында еңбек еткен тұлғалар жататыны жазылған. Қазіргі билік бұлардың тізімінен сызып тастаса, сыздауықты жарып алатынын жақсы біледі. Ал енді осындай жеңілдікке заңсыз еніп алғандарды анықтаймыз деп атойлап шықса сөз басқа. Бірақ мұндай заңсыз тіркеліп алғандарды аулап ұстап, тізімнен шығарып тастау – бюджетке соншалық үнем бола қояды дегенге сену қиын. Сосын, бұл жолдауға қосып, жалаулатпай-ақ істей беретін шаруа емес пе?!

Мансия Садырова
Фото: из открытых источников

Мансия Садырова, әлеуметтанушы: 

– Халықтың әл-ауқатын сақтау, тиісті көмек беру кез келген мемлекеттің міндеті. Сондықтан әлеуметтік саясатқа, әлеуметтік қорғауға бюджеттен жыл сайын белгілі мөлшерде қаржы бөлініп отырады. Оның көлемі мемлекеттің экономикалық жағдайына байланысты болады. Мысалы, басқа елдермен салыстырғанда бізде зейнетақы неге аз, әлеуметтік төлемдер неге төмен деген сұрақтар қойылып жатады. Бұл мемлекеттің деңгейі мен есептеу әдісіне қатысты. Қазақстан қазір ең төменгі жалақыны дүниежүзілік стандарт бойынша есептейміз деп жатыр. Оны дұрыс қадам деп есептеймін.

Қазір айтылып жатқан төлемдерді қысқарту мәселесі жайлы айтсақ, көмектердің бәрі қысқарады деп ойламаймын. Қазір сол төлемдер әділ беріліп жатыр ма деген мәселе көтеріліп отыр. Ел арасында шынымен заңсыз жолмен көмек алып отырғандар бар. Ал кейбір шын мұқтаж адамдар көмектен қағылып отыр. Сондықтан шынайы мұқтаж жандардың ортақ базасы болуы керек деп есептеймін. Мысалы, Париждің әр ауданында әлеуметтік ұйым болады, солар өз ауданында кім көмекке зәру, кім ауру, кім мүгедек бәрін біліп отырады. Бізде осы жетіспейді.

Әлеуметтік көмекті қайта қарап, әділ бөлсе, наразылық туындай қоймас. Бірақ көмек алып үйреніп қалған кейбір топтар шу шығаруы ғажап емес. Дегенмен бұл ең маңыздысы емес. Менің ойымша, билік азаматтарға мемлекеттік көмекке арқа сүйемей, өз бетінше еңбек етуге үйрету қажет. Яғни әлеуметтік көмек алатын топтың белсенділігін арттыру қажет. Мысалы, үшінші топтағы мүгедек жайлы айтайық, билік оған жәрдемақы төлеумен шектелмей, шамасы келетін жұмыс табуына көмектесуі керек. Көпбалалы аналар жайлы да осыны айтуға болады.

Қазір заң бойынша әрбір кәсіпорын белгілі мөлшерде мүгедек адамдарды қабылдауға міндетті. Яғни қызметкерлерінің белгілі пайызы мүмкіндігі шектеулі азамат болуы керек. Ата-анасы жоқ азаматтарға қатысты да осындай талап бар. Осындай заң талаптарының орындалуын бақылау қажет. Яғни басты міндет – мұқтаж адамдардың жағдайын жасау емес, олардың белсенділігін арттырып, қоғамға адам ретінде қосылуына мүмкіндік жасау. Әлеуметтік көмек алаңсыз өмір сүруге жетпейді, сондықтан ол адамның өзінің мүмкіндігін дамытуға жол ашу қажет. Дамыған елдер осылай жұмыс істейді.

Халық масыл ма?

Тоқаев бұған дейін үкіметке «көрпеге қарай көсілу» жайлы үш мәрте тапсырма берген. Алғаш Қаңтар оқиғасынан кейін, екінші рет 2024 жылғы жолдауында және биыл жыл басындағы үкімет отырысында. Ал биылғы жолдауда әлеуметтік көмектерді бірізге салуды тапсырды. Бірақ шенділер бюджетті оңды-солды шашпай, есеппен өмір сүруді әлі үйрене қойған жоқ.

Керісінше, халыққа зейнетақы мен жәрдемақы төлейтінін алға тартып, көпшілікті «масыл» көреді. Тіпті әлеуметтік көмек алған адамдар жалқаулық пен масылдыққа үйренді деп санайтын шенді көп. Мысалы, 2020 жылы Астанада бір үйдің 5 баласы өртеніп, оның соңы көпбалалы аналардың алаңға шығуына ұласты. Аналар қауымы табандап талап еткендіктен, билік амалсыз атаулы әлеуметтік көмек беруге мәжбүр болған. Бірақ оның өзін оңайлықпен берген жоқ, көмек сұраған отбасының тауығына дейін санап, әбден әуреге салған. Дәл осы сүзгіден өтпей, жағдайы нашар болса да көмектен қағылғандар көп. Мысалы, 2023 жылы қазанда Аягөзде бір үйдің 4 баласы өртенген үйде ыс тиіп, қаза тапты. Кейін отбасының табысы төмен екені, бірақ жергілікті атқамінерлер жәрдемақы бермей қойғаны анықталды.

Билік үнемі үгіт-насихат жүргізіп, халықты масыл болмауға, жұмыс істеуге шақырады. Сондағы ойлары – амалын тауып, әлеуметтік көмектен қағу. Мұндайда олар қарапайым халық 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерді миллиондап жалақы төлеп, сәнді сарайда тұрғызып, қымбат көлік мінгізіп, асырап отырғанын ескермейді. Мысалы, мемлекеттік басқару секторындағы қызметкерлерге жылына 3,1 трлн теңге жалақы төленеді. Бұл халыққа төленіп отырған әлеуметтік көмектен аз емес. Егер билік халыққа әлеуметтік төлем беруге қауқарсыз болса, түрлі сылтау айтпай, ел алдына шығып, кедей мемлекет екенімізді мойындағаны жөн. Ал оған батылы жетпесе, бюджетті толтырудың тиімді жолын тапсын...

Қуаныш ҚАППАС