Мәсімовтің «крышасы» кім?
Қаңтар қасіретіне кінәлі тұлғалар жазадан құтылып кете ме? Қоғамда осындай күдік бар.
Оған себеп болып отырған жағдай – Кәрім Мәсімовты Біріккен Ұлттар Ұйымы ақтауға тырысып жатыр.

Біз көп жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың ісіне шүбә келтірмейтініміз рас. Демократияның отаны саналатын АҚШ пен Еуропада адам құқықтарына, адамның бас бостандығына қатысты қандайда бір үндеу айтылса, соған имандай сенеміз. Олар шындықты бұрмаламайды, әділеттілікті жақтайды, адам түгілі, жәндіктің де құқығын қорғайды деп түсінеміз.
Онда не үшін БҰҰ-ның жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке араша түсіп отыр? Жұмыс тобы Астананы не үшін «шұғыл бостандыққа шығаратын іс-шара қабылдауға» шақырды?
Кәрім Мәсімовке қатысты қаңтар қырғынынан кейін «Мемлекетке опасыздық жасады», «төңкеріс жасамақ болды», «жемқорлықпен шұғылданды» деген айыптар тағылған болатын. Бұл айыптар әлі де күшінде болуы керек. Өйткені осы тағылған айыптардың негізінде Мәсімов пен бірге оның үш орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатыр. Бірақ тергеу де, қылмыстық істің жай-жапсары да әлі құпия. Тергеудің құпиялылығы мен басқа да себептерге байланысты болу керек, қазанның 26-күні Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қамау мерзімі тағы ұзартылды.
Сонымен, К.Мәсімов пен орынбасары болған Әнуар Садықұловтың қамау мерзімі 6 желтоқсанға, тағы екі орынбасары – Дәулет Ерғожин 13 желтоқсанға, Марат Өсіпов 22 желтоқсанға дейін қамауда отырады. Осы уақыт аралығында тергеу толық аяқталуы мүмкін. Алайда БҰҰ мен адам құқықтарына қатысты халықаралық ұйымдар араласып, тергеу қорытындысы басқаша сипат алып кетуі де бек мүмкін ғой. Қазірше бізге әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ.
Қазақстандықтар үшін мемлекетке опасыздық жасаған, қанды қырғын ұйымдастырған, кемі 238 адам оққа ұшқан оқиғаға себепкер болған Кәрім Мәсімов судан ақ, сүттен таза болып шықса, ондай халықаралық ұйымдардан не қайыр? «Күштінің дүмі диірмен тартады» деген мәтел америкалықтар мен еуропалықтарда да бар ма еді?
Адам құқығы бойынша жоғарғы комиссар басқармасының сайтында жарияланған әлгі жұмыс тобының қорытындысында Кәрім Мәсімовті бостандығынан айыру кезінде жалпыға бірдей адам құқығы декларациясының 3, 9, 10 және 11-баптары мен азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық дерегінің 9, 14-баптарына қайшы іс-әрекет жасалғаны атап көрсетілген.
Бұдан бөлек, жұмыс тобының есебінше Кәрім Қажымқанұлының ісі төңірегіндегі құпиялық та сөз болған. Онда Мәсімовтің отбасына іс барысы туралы ақпарат берілмейді екен, кездесуге де рұқсат жоқ көрінеді. Ол аз десеңіз, Мәсімовті қорғаушылардың жұмысына да кедергі жасалатын сияқты. Қазақстандықтар мұны «сынықтан сылтау іздегендердің» ісі деп түсінетіні анық. Атышулы жұмыс тобы «Мәсімовті бостандығынан жөн-жосықсыз айыруға байланысты жағдайды толығымен және тәуелсіз зерттеуге», «Мәсімовтің құқығын бұзушыларға шара қолдануға» шақырыпты. Сонымен бірге, «Мәсімовті шұғыл босатып, халықаралық құқық тәртібі бойынша өтемақы алу құқығын беруге» тиіс деп санайтындарын да жазған.
Сонда бұл халықаралық ұйым қаңтарда оққа ұшқан қарапайым халықтың құқығын неге аяққа таптап отыр? Кәрім ағайдың артында кімдер бар? Әлде Қажымқанұлының ұрлап-жырымдап, шетел асырған миллиардтары 238 қазақтың өмірінен құнды ма? БҰҰ-ны Мәсімовтің несі «қызықтырып» отыр? Болжам көп...
Мәсімовтің өмірбаянына қарасаңыз, БҰҰ-ны қызықтырып отырған құндылық – оның есепсіз ақшасы болуы мүмкін. Өйткені, Кәрім Қажымқанұлы әлемнің маңдайалды қаржы орталығының бірі саналатын Ганконгтегі Қазақстанның сауда өкілдігін басқарған. Ганконг АҚШ-тың, қала берді әлемнің саяси саласына тікелей ықпал ететін Нью-Йорк қаржы орталығымен тікелей алыс-берісі бар екені белгілі. Осы деректерді ескерсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының оған араша түсуіне таңданудың қажеті шамалы сияқты. Дегенмен ақшаға адам өмірін айырбастайтын ондай ұйымның Қазақстанға адам құқықтары туралы мәлімдеме жасауға қаншалық «правосы» бар деген заңды сауал тумай ма? Әлде, Мәсімовті ақтауға құлшынудың астарында біз білмейтін басқа сыр бар ма? Немесе адам құқықтарын тықпалаған БҰҰ-ның мәлімдемесіне ескі Қазақстан серкелерінің ықпалы жоқ па екен? Қалай десек те, мемлекетке сатқындық жасаған адамды ақтап алғысы келген істің астарында үлкен сыр жатыр.