Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:59, 11 Ақпан 2025

Маск «қылмыстық ұйым» деп атаған USAID және Қазақстан

USAID
Фото: Ашық дереккөз

Былтыр қарашадан өткен сайлау нәтижемсінде республикашылдар партиясының өкілі Дональд Трамп екінші мәрте АҚШ президенті болып сайланған. 2025 жылғы 20 қаңтарда ресми қызметіне кіріскен Трамп әлемдік ахуалға әсер ететін өзгерістер жасай бастады. Оның USAID сияқты халықаралық қорлардың қызметін уақытша тоқтату туралы шешімі қызу талқыланып жатыр.

Ақ үй 25 қаңтарда шетелге көмек көрсететін бағдарламалардың көбін қаржыландыруды 90 күнге тоқтата тұру жөнінде шешім шығарды. Сол қатарда Вашингтонның өзге елдерге жасайтын қаржылай қолдауының 40 пайызға жуығын ұстап отырған АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) де жұмысын тоқттатты. 2 ақпаннан бері ұйымның ресми сайты мен АҚШ астанасындағы штаб-пәтері жабық тұр.

Бұл ұйымның танымалдылығы мен ықпалы өз елінен, тіпті континентінен әлдеқашан асып түсіп, әлемдік деңгейге жеткен. Тіпті бұл агенттік әлемдік жағдайға белгілі деңгейде әсер етіп отырды деуге негіз бар. Бірақ енді сол ұйымның болашағы бұлыңғыр болып отыр. 3 ақпан күні мекеменің жаңа басшысы Мэтт Хопсон қызметінен кетті.

Трамп агенттік қызметін қайта қарау қажет деп санайды. Ол USAID-ті мемлекеттік департаментке қосуды қарастырып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, USAID жұмысын миллиардер Илон Маск қатаң сынға алып отыр. Ол тіпті USAID-ты «қылмыстық ұйым» деп атап, оның жабылатын уақыты келгенін айтты.

Илон Маск USAID-қа біршама қатал айыптар тағып отыр. Ол тіпті өзінің Х әлеуметтік желіcінен агенттіктің парақшасын өшіріп тастады. Маск халықаралық даму агенттігін биологиялық қару әзірлеуді қаржыландырды деп айыптады. «USAID сіздің салықтан түскен ақшаңызды пайдаланып, миллиондаған адамдардың өмірін қиған COVID-19-ды қоса алғанда, биологиялық қару әзірлеуді қаржыландырғанын білесіз бе?» деп жазды миллиардер.

Трамп жақында Маскті мемлекет шығынын азайтуға жауапты мемлекетті басқару тиімділігі департаментіне басшы етіп тағайындаған. Space X және Tesla компаниясының иесі АҚШ бюджетіндегі дефицитті 1 триллион долларға қысқартамын деп белсеніп отыр. Маск пен Трамп тандемі тарихы 60 жылдан асқан USAID-ты жауып тынатын сияқты.

USAID неге сынға ұшырады?

АҚШ-тың халықаралық даму агенттігін 1961 жылы сол кездегі АҚШ президенті Джон Кеннеди құрған. Мақсаты – әлемнің әр түкпіріне гуманитарлық көмек көрсету және халықаралық дамуды қолдау. Агенттік көбіне жергілікті үкіметтермен, халықаралық ұйымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) серіктестік орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады. USAID 130-дан аса мемлекетке қанат жайып, қызмет атқарып келеді.

Бірақ Ақ үй агенттіктің ұзақ жылдық жұмыс тәжірибесі мен беделіне қарамай, оны жабуға немесе қайта құрлымдауға күш салып жатыр. Трамп әкімшілігі USAID-ты қоғамдық құндылығы жоқ жобаларға демеушілік жасады деп айыптап, күмәнді мақсаттағы шығындарының тізімін жариялады. Тізімде ЛГБТ бастамалары көп аталған. Атап айтқанда, Колумбияда «трансгендерлік опера» шығаруға 47 мың доллар, Перуде «трансгендерлік комикс» шығаруға 32 мың доллар, Гватемалада жынысты ауыстыру операцияларын қаржыландыруға және ЛГБТ белсенділігін қолдауға 2 миллион доллар қаржы жұмсалған көрінеді.

Сондай-ақ Әл-Каидадағы содырларға түскі ас жеткізу, «Ауғанстанда көкнәр өсіру және героин өндіру үшін пайдаланылатын суару арналарын» салу сияқты жобаларға да агенттік арнайы қаржы бөліпті. Ақ үй мұның көбі американ салық төлеушілерінің мүддесіне қайшы келеді деп отыр.

USAID-тың Қазақстандағы қызметі

USAID Қазақстанға 1992 жылы аяқ басқан. «Сол кезден бастап американ халқы USAID арқылы елдегі экономикалық секторды, денсаулық сақтау жүйесін және демократиялық институттарды дамытуға бағытталған бағдарламаларға қаржы бөліп келеді. USAID Қазақстанда энергетика нарқы, аймақтық сауда мен іскерлік ортаны нығайтуға көмектеседі» деп жазылған Қазақстандағы АҚШ елшілігінің ресми сайтында.

Әлеуметтік желіде жұрт USAID елдегі белсенділерді қолдап, дәстүрлі емес құндылықтарды насихаттауға үлес қосты деп жазып жатыр. Мысалы, мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов USAID Қазақстанда қандай жобаларды қаржыландырғанын тексеруді ұсынып, депутаттық сауал жолдады. Ол Алматыда өткен «әйелдер маршына» аталған агенттік демеуші болды деп санайды.

Депутаттың айтуынша, шетелдік демеушілер бөлетін қаржыға аудит жүргізіп, мұндай зиянды жобалардан балаларды қорғайтын арнаулы заң жобасын әзірлеу қажет. «Белгілі бір ұранмен кейбір топтардың белсенділігі байқалады. Бірақ бұл – жергілікті қоғамның тарапынан емес, сырттың ықпалымен, оның ішінде сырттай қаржылық қолдаудан туындап отырған бастама», дейді Магеррамов.

Қазақстанда USAID заңның үстемдігін нығайтуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобаларға қолдау көрсеткен. Бенефициарлар арасында БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар, ЛГБТ құқықтары мен гендерлік теңдікке қатысты ұйымдар болды деген ақпарат бар.

Қазақстанда екі-ақ үкіметтік емес ұйым – «Қадыр-қасиет» ҚБ мен «Десента» ҚБ ғана USAID-тан тікелей қаржы алған екен. БАҚ-тағы ақпаратқа сенсек, 2021 жылы қазанда USAID «Қадір Қасиет» қоғамдық бірлестігіне 460 000 доллар бөлген. Бұл ақша негізінен әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға арналыпты. Атап айтқанда, қор әйелдердің мемлекеттік басқару ісіне араласып, мемлекеттік органдарда жоғары деңгейде шешім қабылдауға атсалысуын жақтады. Бірақ кей сарапшы бұл қадам басқа елге заңнамалық деңгейде ықпал ету үшін шетелдік лоббиді пайдалану деп санайды.

Тағы бір дерек бойынша, 2022 жылы қарашада «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры Қазақстандағы журналистерді құқықтық қолдауға арналған «БАҚ-ты дамыту бағдарламасы» аясында 114 мың доллар алыпты. 2023 жылы қыркүйекте журналистер мен блогерлердің құқықтық білімін арттыру мақсатында 100 мың доллар алған. Ал 2024 жылы қыркүйекте Paper Lab қоғамдық қоры «АҚШ елшілігінің шағын гранттар бағдарламасы» арқылы шамамен 50 мың доллар алды. Бұл қаржы аумақтық ынтымақтастықты дамытуға арналған екінші Азия талдау форумына жұмсалады деп бөлінген.

Сондай-ақ, отандық БАҚ-та «Feminita» қозғалысының жетекшілері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан USAID-тің сенімді сателиті – «ILGA-Europe», «Орталық Азиядағы еуразиялық қор», «COC Nederland», «NED» және «NDI» арқылы 160 млн теңгеден аса ақша алған деген ақпарат тарады. Тіпті «Feminita» өкілдерінің шоттарына түскен қаражаттың бір бөлігі «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсенділеріне жіберілген деген ақпарат бар.

«Қадыр-қасиет» ҚБ мен «Десента» ҚБ-дан өзге қорлар халықаралық немесе Орта Азияға арналған ҮЕҰ арқылы қаржыландырылады. Сондықтан әртүрлі қорларға бөлінген қаржы көлеміне байланысты транзакцияларды тексеру өте қиын.

Сол үшін біз USAID бөлген қаржыны кімдер алып, қайда жұмсағанын қоғамдық қорлар мен белсенділердің өзінен сұрап көруді шештік. Бірақ не үшін екені белгісіз, USAID-тен қаржы алатыны айтылған қорлар, мекемелер мен жеке адамдар мұны мойындаудан бас тартып отыр. Біз «Еуразия қауымдастығы Орта Азия» қоры, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры сияқты ұйымдарға және бірнеше азаматқа хабарластық. Бірақ көбі халықаралық агенттікпен байланысы жайлы айтудан бас тартты.

Ал БАҚ-та тараған ақпараттарға сүйсенсек, 2001-2024 жылдары Қазақстанға USAID арқылы 2,07 миллиард доллар (1 трлн 34 млрд теңге) бөлінген көрінеді. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына 86 млн доллардан аса қаржы құйылған.

Ал 2024 жылы USAID Қазақстанға 15,2 миллион доллар бөлді деген ақпарат бар. Ұйым бұл қаржымен біздің елде 27 жобаны – 15 аймақтық және 12 республикалық жобаны қолға алған. Мұның ішінде «Бірлескен басқару – ортақ жауапкершілік» сияқты бірнеше жылға арналған (жоспар бойынша 2027 жылы қыркүйекке дейін жалғасады) жобалар бар.

Ең қызығы, USAID қаржысын алған қазақстандық қорлардың кейбірінен заңсыз әрекеттер анықталған. Мысалы, былтырғы бюджеті 750 мың АҚШ доллары болған «Қадыр-қасиет» қоғамдық бірлестігінің жобаларын тексеру барысында қаржылық менеджмент саясаты бөлігінде заң бұзушылық бар екені белгілі болған, оның үстіне жоба нәтиже көрсете алмаған.

USAID жұмысының көпшілік көзіне түспеуге тырысатын бағыттары да бар. Мысалы, ұйым Қазақстандағы ЛГБТ қозғалысын қолдау жөніндегі жобаларды қаржыландырады деген ақпаратты жиі естиміз. Агенттік Қазақстан қоғамына сай келмейтін батыстық құндылықтардың таралуына белсенді ықпал етіп отыр. Мысалы, былтыр елімізде ЛГБТ веб-сайты ашылып, қоғамдық наразылық туғызған. Кейін ол сайт бұғатталды.

АҚШ 2024 жылы БҰҰ ұйымдастырған барлық гуманитарлық көмектің 42 пайызын қаржыландырыпты. Оның көбі Азия, Африка елдеріне бағытталған. Әлем елдеріне бағытталған көмектің осынша көп бөлігін ұстап отырған Ақ үйдің USAID сияқты ұйымдардың жұмысын тоқтатуы олардың сыртқы саясатында өзгеріс болып жатқанын аңғартады. Бұл көптеген мемлекетке әсер етуі мүмкін. Әсіресе, халықаралық қорлардан қаржы алып отырған мекемелердің жұмысы тығырыққа тірелуі мүмкін.

Тегтер: