Мәскеу маңындағы жарылыстан ресейлік генерал қаза тапты

25 сәуір күні таңертең Мәскеу маңындағы Балашиха қаласында көлік жарылысы салдарынан Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Бас операциялық басқармасы бастығының орынбасары, генерал-лейтенант Ярослав Москалик қаза тапты.
Жарылыс таңғы сағат 10:40 шамасында Нестеров бульварындағы №2 үйдің ауласында орын алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, көлікке орнатылған қолдан жасалған жарылғыш құрылғы қашықтан іске қосылған. Оқиға генерал үйінен шығып, көлікке жақындай бергенде орын алған.
Ресейдің Тергеу комитеті жарылыстың әдейі жасалғанын растап, Қылмыстық кодекстің "Кісі өлтіру" және "Жарылғыш заттарды заңсыз айналымға шығару" баптары бойынша іс қозғады.
Жарылыстан кейінгі кадрлардан көпқабатты үйдің төменгі қабаттарындағы терезелердің сынғаны, бірнеше көліктің зақымданғаны көрінеді. Көлік толықтай өртеніп кеткен.
❗️В Балашихе во дворе жилого дома взорвался автомобиль. По информации Mash, при взрыве погиб генерал-майор Ярослав Москалик, замначальника Главного оперативного управления российского Генштаба. Как утверждается, на месте взрыва нашли следы поражающих элементов самодельного… pic.twitter.com/06EfsQWnd8
— ЭХО (@echofm_online) April 25, 2025
Генерал Москалик 2021 жылдан бері Бас операциялық басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарған. Бұған дейін ол халықаралық келіссөздерге, оның ішінде 2015 және 2019 жылдардағы "норманд форматы" шеңберіндегі келіссөздерге қатысқан.
Бұл кейінгі уақыттағы Ресейдің жоғары әскери шенділеріне жасалған екінші шабуыл. 2024 жылы желтоқсанда Мәскеуде генерал Игорь Кириллов дәл осындай жарылыс салдарынан қаза тапқан болатын.
Қазіргі уақытта ресми органдар оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр. Оқиғаны ұйымдастырушы тарап туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.