«Мәскеу – мәскеуліктер үшін»: Ресей ксенофобияның ұйығына батып барады
Мәскеу маңындағы мектепте 10 жастағы тәжік баласы Қобилжон Әлиевтің өлімі Ресей қоғамында жылдар бойы жиналған ұлтараздықтың, мигранттарға деген өшпенділіктің және соғыс жағдайында күшейген шовинистік идеологияның қаншалықты қауіпті шекке жеткенін көрсетті.
Жас баланың қазасы халықаралық резонанс тудырып, Тәжікстанның ресми наразылығына, сондай-ақ әлемнің әр түкпірінде акцияларға ұласты. Сарапшылар мұны Ресейдегі ішкі саясаттың Орталық Азияға тікелей әсер ете бастағанының айқын белгісі деп бағалады.
Бұл оқиға неліктен халықаралық дүрбелеңге айналды?
2025 жылғы 16 желтоқсанда Мәскеу облысы Одинцово ауданына қарасты Горки-2 елді мекеніндегі Успенская орта мектебінде болған қайғылы оқиға жұрттың жанын түршіктірді. Ресейдің тергеу органдары мен бірнеше ақпарат құралының жазуынша, мектептің 9-сыныбында оқитын 15 жастағы оқушы оқу орнына пышақ алып келіп, алдымен күзетшіге шабуыл жасаған, артынша 4-сынып оқушысы – 10 жастағы Қобилжон Әлиевті ауыр жарақаттап, ол сол жерде қаза тапты. Күдікті қылмыс орнында ұсталып, қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Бұл қанқұйлы оқиға мектеп қабырғасында болған кезекті қылмыс ретінде ғана қаралмай, бірер күннің ішінде халықаралық деңгейге көтерілген дипломатиялық дауға айналды. Себебі қаза тапқан бала Тәжікстан азаматы еді, ал оқиға «этникалық өшпенділік мотивімен жасалған болуы мүмкін» деген күдік ең әуелі Тәжікстан тарапының ресми мәлімдемесінде ашық айтылды.
Оқиғаның жаңғырығы бірден Тәжікстанға жетті. Душанбе қоғамында бұл қылмыс баланы қасақана өлтіру ғана емес, Ресейдегі мигранттар мен өзге этностарға бағытталған ксенофобиялық қысымның бір көрінісі ретінде қабылданды. Медиа кеңістікте «бұл – этникалық өшпенділіктің шегіне жеткен сәт» деген пікірлер күшейіп, Орталық Азияның кейбір елдері де дабыл қақты.
Оқиғадан кейін, 17 желтоқсанда Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Тәжікстандағы елшісін шақырып, ресми түрде наразылық нотасын тапсырды. Тәжік тарапы бұл қылмысты қатаң айыптап, оны этникалық жеккөрушілікпен байланыстыруға негіз бар екенін мәлімдеді, Ресейден қатаң тергеу жүргізуді талап етті.
Қаза тапқан баланың денесі 18 желтоқсанда Мәскеуден Душанбеге жеткізіліп, жасөспірім тарихи отанында жерленді. Бұл да қоғамдық реакцияны күшейтті. Баланың ақтық сапарына жүздеген тәжік азаматы жиналды. Қазір әлем елдерінде осы оқиғаға қатысты наразылық акциялары әлі өтіп жатыр.
«Ресей – орыстар үшін»
Жалпы Ресейдегі Орталық Азиядағы ұлт өкілдеріне деген өшпенділіктің тамыры әріде жатыр. Бұған бірнеше оқиғаны мысал ретінде келтіруге болады. Мәселен, 2024 жылы 22 наурызда Мәскеу іргесіндегі Crocus City Hall концерт залында қарулы адамдар бейбіт халыққа оқ жаудырып, лаңкестік жасады. Автоматпен қаруланған шабуылдаушылардың оғынан кемінде 140 адам қаза тауып, тағы жүздеген адам жараланды. Бұл қанды оқиға Ресейде 2004 жылғы Бесландағы мектепке шабуылдан кейінгі ең ауыр террорлық акті болды. Концертке жиналған көпшіліктің қашқан сәтін ғаламтор арқылы әлем көрді, халықаралық қауымдастық қатаң айыптады. Кейін бұл шабуылдың жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобы өз мойнына алды.

Crocus City Hall қасіретінен кейін Ресей қоғамы ішінде өзге ұлт өкілдеріне, әсіресе, Орталық Азиядан келгендерге деген өшпенділік толқыны күрт күшейді. Шабуылдың ертеңінде-ақ Мәскеуде жүздеген мигрантты полиция жаппай ұстап, тергеп жатқаны туралы дерек дүркін-дүркін тарады. Елдің ірі қалаларында тәртіп сақшылары азиялық жұмысшылар тұратын жатақханаларды тексеріп, көшеде келбеті азиат адамдарды жиі тоқтатып, құжат көрсетуін талап етуді әдетке айналдырды. Кей жерлерде жекеменшік иелері де ксенофобиялық қадамдарға барды. Мысалы, Екатеринбургтегі ірі сауда орталығы барлық жалға алушыларынан жұмысқа алған қызметкерлері ішінде Орталық Азия тумалары болса, олардың тізімін тапсыруды талап етті. Мәскеуде теракт жасады делінген күдіктілердің бірінің жұмыс орны – шаштаразға белгісіз адамдар қоңырау шалып, «орталықазиялықтарды қызметкер ретінде ұстайтын орын жабылуы тиіс» деген қоқан-лоқы жасағаны хабарланды. Кейбір тәжік және өзбек отбасылары пәтер жалдап отырған үйлерінен кенеттен шығарылғанына шағымданды. Осыдан кейін Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтері дабыл қаға бастады. Қырғызстан СІМ азаматтарына Ресейге сапарлауды уақытша тоқтата тұруға кеңес беріп, ол елде жүрген қырғыз мигранттарына сақ болуды ескертті.
Мұндай жаппай ксенофобиялық көңіл күй тек қарапайым халық деңгейінде емес, ресми билікте де болды. Жекелеген ресейлік саясаткерлер жағдайды пайдаланып, мигранттарға қарсы популистік ұрандарды күшейтті. Мәселен, Мемлекеттік Думаның депутаты, «Әділетті Ресей – Шындық үшін» («Справедливая Россия – За правду») партиясының жетекшісі Сергей Миронов терактіден екі күн өткен соң Орталық Азия елдерімен визалық режим енгізуді талап етті. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ұлтшыл риторика күрт күшейіп, бұрын радикал ортада ғана айтылатын «Мәскеу – мәскеуліктер үшін», «Ресей – орыстар үшін» ұрандары жиі қайталанатын болды. Қоғамдық сауалнама нәтижелері ресейліктердің жартысынан астамы осындай ұстаныммен келісетінін көрсетті.

Ресейдегі этносаралық араздық пен ксенофобиялық белсенділік бұған дейін де толастаған емес, алайда соңғы уақытта ол қайта өрши бастады. 2008 жылы неонацистік топтардың қолынан бірнеше адам нәсілдік өшпенділікпен өлтіріліп, 2010-жылдарға қарай билік радикал ұлтшылдардың белсенділігін біршама тежеген еді. Бірақ Украинаға қарсы соғыстың басталуымен елде жаңа ұрпақ ультраұлтшылдары пайда болды да, ксенофобия қоғамның кең қатпарына қайта тарала бастады. Билік соғыс жағдайында ұлтшыл күштерді бұрынғыдай ауыздықтай қоймады, керісінше, оларды кей тұста қолдап-қуаттағандай әсер қалдырады. Human Rights Watch ұйымының зерттеуі ресми тұлғалардың өздері мигранттарды кінәлайтын мәлімдемелер жасап, халық арасындағы анти-мигранттық көзқарасты өршіткенін анықтады. Мигранттарды «тәртіпсіз, мәдениетсіз, ауру таратушы қылмыскерлер» деп қаралайтын жалған стереотиптер кейбір шенеуніктер мен пропагандистердің аузынан жиі естіледі. Мұндай риторика қоғамдағы нақты мәселелердің шынайы себептерін талқылауға мүмкіндік бермей, жұрттың ашу-ызасын басқа жаққа бұру құралына айналғанын сарапшылар жиі айтып жүр. Яғни, әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға жауапты билік орындары назардан тыс қалып, халықтың ашуы осал топтарға – сырттан келген еңбек мигранттарына бағытталуда деген пікір бар.
Ресей билігі де мигранттарды заңдық тұрғыда шектеудің жаңа жолдарын енгізіп жатыр. Соңғы жылдары шетелдіктердің мәртебесіне қатысты бірқатар қатаң шаралар қабылданды.

Ардақ Құлтай, журналист: «Біз және олар» түсінігі қауіпті фазаға жетті
– Бұл оқиғадан кейін Ресейдегі қазіргі ұлтараздық фон тұрмыстық ксенофобия ғана емес деп ойлаймын. Ол жүйелі саяси құбылысқа айналып барады. Мектеп қабырғасында 4-сынып оқушысына жасалған шабуылға күдікті жасөспірім туралы көп дерек таралды. Мәселен, солардың бірінде ол неонацизмді жақтағаны, шовинистік пиғылы болғаны айтылады. Бұл идеология 15 жастағы баланың миына қалай құйылды? Мұнда Ресей қоғамындағы «біз және олар» түсінігі қауіпті фазаға жеткенін көреміз. Оған, әсіресе, Украинадағы соғыс пен осыған қатысты ел билігінің пропагандасы әсер етті. Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік жарылыс демесек те, оның толқынын туғызғанға ұқсайды.
Одан қалды, Кремль позициясы бойынша, Ресей Орталық Азияға «аға мемлекет» ретінде көрінгісі келеді. Енді не істемек керек десек, дәл қазір Орталық Азия елдері Ресейге деген экономикалық әрі мәдени тәуелділігін қайта қарастыруы керек. Оған көші-қон, еңбек нарығы, тіпті сыртқы саясатта балама іздеу керек сияқты. Яғни, Ресейдегі ұлтараздық – тек ішкі мәселе емес, ол аймақтық геосаяси салдары бар фактор.
Кез келген соғыс ашушы елге осындай айып тағылады. Бірақ халық пен идеологияны теңестіру – қауіпті қателік. Қазіргі Ресейде байқалып отырған шовинизм – орыс халқының табиғи сипаты емес, мемлекет қолдап отырған саяси-идеологиялық дискурс. Бұл дискурс медиада, қауіпсіздік құрылымдарында, кейбір саясаткерлердің риторикасында әдейі күшейтіліп отыр.
Ресейдің өз ішінде де ұлтараздыққа қарсы, мигранттардың құқығын қорғайтын, империялық санадан бас тартуға шақыратын азаматтар мен топтар бар. Мәселе сол дауыстардың қысым астында қалуында, шетел агенті атануында, қудалануында. Орыстарды жаппай жек көру дұрыс емес. Меніңше, қазіргі жағдай Ресейдегі мемлекеттік шовинизмді қатаң сынау қажет. Егер осы екеуін шатастырып алсақ, онда біз де сол ұлтараздық логиканың құрбанына айналамыз.

Ксенофобияның Орталық Азия елдеріне әсері қандай?
Ресейдегі мигранттарға қарсы науқан Орталық Азия мемлекеттеріне де салқынын тигізді. 2024 жылдың алғашқы жартысында Ресей 17 мыңнан астам тәжікстандық еңбек мигрантын күштеп депортациялады. Наурыздағы терактіден кейін басталған тексерулер мен рейдтерден сескенген мыңдаған мигрант елден өз еркімен кетіп қалды немесе Ресейге бару жоспарын өзгертті. Тәжікстанның еңбек министрі 2024 жылы шетелге жұмыс іздеп кетушілер жалпы саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға азайғанын мәлімдеді. Сәуір айында тәжік және қырғыз үкіметтері азаматтарына Ресейге сапарды уақытша тоқтата тұруды ресми түрде кеңес етті. Мәскеу әуежайларында жүздеген тәжікстандықтың кіруіне рұқсат берілмей, кері ұшып жатқаны жайлы деректер шыққан соң Душанбе осындай қадамға барды, ал қырғыз билігі еңбек мигранттарын мүмкіндігінше елге оралуға шақырды.
Владимир ПУТИН, Ресей президенті: Балаларға қарсы жасалған террор – жиіркенішті қылмыс
Кеше Санкт-Петербор қаласында өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Ресей президенті В.Путин Тәжікстан президенті Э.Рахмонға былай деп көңіл айтты: «Кездесуімізді сізге және бірер күн бұрын қаза тапқан тәжікстандық баланың туыстарына шынайы көңіл айтудан бастамақпын. Балаларға қарсы жасалған террористік акт, сөз жоқ, өте жиіркенішті қылмыс. Тергеу соңына дейін жүргізіледі, кінәлілер толықтай жазаланады. Тағы да қайталап айтайын, бұл қылмыс маған төбемнен жай түскендей әсер етті».
Түйін: Ресей қоғамындағы шовинистік күйдің өршуі және мигранттарға жасалған қысым кері бағытта да реакция тудыруы мүмкін екенін аймақ сарапшылары ескертті. Осыдан кейін Орталық Азия тұрғындары арасында ресейліктерді «өркөкірек, шовинист» ретінде жек көру өрши түсе ме деген қауіп бар. Кейінгі жылдары аймақта Ресейдің саясатына сын мен ұлттық мүддені қорғау тренді күшейгені белгілі. Мәселен, қоғамдық ортада орыс тілінің рөлі туралы қызу пікірталастар көбейді. Бұл өзгерістер Ресейге деген көзқарастың трансформациясын аңғартады. Егер Мәскеу мигранттарға қатысты қазіргі қатал ұстанымын өзгертпесе, бұл елдерде ресейлік мәдени-экономикалық ықпалға қарсылық ұлғайып, орыс ұлтын жеккөрушілік тенденциясы тереңдеуі ғажап емес.
Тұрсынбек БАШАР