Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:20

Мәскеу мен Бакудің қарым-қатынасы неге нашарлады?

Ильхам
Фото: zhasalash.kz

Соңғы айларда орын алған бірқатар оқиғалар Мәскеу мен Баку арасындағы қарым-қатынастың күрт суығанын аңғартады. 

Қазіргі таңда Ресей мен Әзербайжан арасында дипломатиялық дағдарыс туындап отыр. Оған түрткі болған – Екатеринбургте орын алған оқиға. Ресейлік күштік құрылымдар онда әзербайжан диаспорасының өкілдеріне тінту жүргізіп, бірнеше адамды ұстаған. Оларды бұрынғы жылдардағы кісі өлтіру мен қастандық деректері бойынша тергеу аясында күдікті деп таныған. Ұсталғандардың екеуі қайтыс болды. Алғашында РФ Тергеу комитеті олардың бірінің жүрек талмасынан көз жұмғанын хабарласа, кейін екінші адамның да өлімі расталды, алайда себеп нақты айтылмады.

Бұл оқиғаға Баку жағы бірден реакция білдірді. Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей күштік құрылымдарының «қабылдауға болмайтын күш қолдануына» байланысты ресми наразылық нотасын жолдады. Тінту кезінде бірнеше адамның ауыр жарақат алғаны атап өтілді. Ресейге қатысты мәдени шаралар тоқтатылды. Бакудегі ресейлік «Sputnik Әзербайжан» агенттігінің кеңсесінде екі қызметкер ұсталды. Әзербайжандық БАҚ-тың ІІМ-дегі дереккөздеріне сүйенуінше, ұсталғандар Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкерлері болуы мүмкін.

Кремль бұл жағдайға сабырлы жауап қатты. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл оқиғаға байланысты Бакудің шешіміне өкініш білдіріп, Екатеринбургтегі жағдай «мұндай реакцияға себеп болмауы тиіс» екенін айтты. Ал РФ СІМ таратқан мәлімдемеде қаза тапқандар мен ұсталғандар – этникалық әзербайжандар болғанымен, Ресей азаматтары екені ескертілді.

DW сарапшыларының пікірінше, Мәскеу мен Баку арасындағы шиеленістің басты себебі – AZAL (Әзербайжанның ұлттық әуе компаниясы) ұшағының апаты.

Азал
Фото: Lada.kz

2024 жылғы 25 желтоқсанда бортында 5 экипаж мүшесі мен 62 жолаушы болған ұшақ Ресейдің «жер-әуе» санатындағы зымыранымен Грозный маңында, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істеп тұрған сәтте атып түсірілген. Ұшақ Ақтау маңында мәжбүрлі түрде қонбақ болып, апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 38 адам көз жұмды.

Саясаттанушы Ариф Юнусовтың айтуынша, бұл апат Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев үшін жеке трагедияға айналды. Себебі дәл сол сәтте әуеде оның президенттік борты да болған, яғни ПВО (әуе шабуылына қарсы қорғаныс) тарапынан соған да қауіп төнуі мүмкін еді. Алғаш болып кешірім сұраған – Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров. Юнусовтың пікірінше, бұл Бакуде реніш туғызды. «Әлиев Қадыровты нақты атамай-ақ, “маған басқа адамдар емес, нақты біреулердің хабарласуы керек еді” дегенді ишаралады», – дейді сарапшы. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің бірінші болып хабарласпағаны Әлиевті ренжіткенін айтады.

Оңтүстік Кавказ жөніндегі сарапшы Кирилл Кривошеев те осы пікірмен келіседі: «Путин Әлиевке бұл оқиға үшін өте ресми сипаттағы кешірім айтты. Бірақ Әлиевтің бұл жауапқа қанағаттанбағаны байқалды». Алайда Кривошеев Екатеринбургтегі әзербайжан диаспорасын ұстау – Кремльдің тікелей бұйрығы емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ресей күштік құрылымдары мен ұлтшылдарының өз логикасы бар: олар диаспораларды, соның ішінде әзербайжандықтарды да ұйымдасқан қылмыстық топтар ретінде қарастырады. Бұл – Ресей элитасының бір бөлігі арасында кең таралған ішкі үрдіс. Сондықтан сыртқы саясаттың бұл әрекетке тікелей қатысы жоқ.

Сарапшының пікірінше, Әзербайжан осы жағдайды халықаралық аренадағы ұстанымын күшейту үшін пайдалануда. «Әлиев үшін маңыздысы – өзін егемен көшбасшы ретінде көрсету, яғни Ресейге де, Батысқа да “жоқ” дей алатын мықты басшы ретінде таныту. Қазір біз сол бағыттағы әрекетті көріп отырмыз», - дейді Кривошеев.

AZAL ұшағының апаты алдында ғана Ильхам Әлиев ресейлік пропагандист, «Россия сегодня» агенттігінің басшысы Дмитрий Киселевке сұхбат берген. Сол сұхбатта «дәстүрлі құндылықтар» туралы айта келіп, Мәскеу мен Бакуді «бір қайықта» отырған елдер деп сипаттаған.

2024 жылы Владимир Путин Әзербайжанға ресми сапармен барып, елдің бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің қабіріне гүл шоқтарын қойған болатын.

Әзербайжан Украина аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдегенімен, Кремльмен арақатынаста ұзақ уақыт бейтарап саясат ұстанып келген. Бірақ бұл жағдай екінші және үшінші Қарабақ соғыстарынан кейін өзгерді. Баку Ресейдің бейбітшілік миссиясын желеу етіп аймақта әскери қатысуын күшейтуге тырысып отырғанын сезіп, ресейлік бітімгерлерге қарсы шықты.

Саясаттанушы әрі депутат Расим Мусабековтың пікірінше, Баку енді Мәскеуді өңірдегі негізгі ойыншы ретінде қабылдамайды. Керісінше, өз әскери және энергетикалық инфрақұрылымын дамыту жолына бет бұрды. Юнусовтың айтуынша, бұл Кремльдің ашуын туғызды және ресейлік БАҚ-та Әзербайжанға қатысты риторика күрт өзгерді. «Кремль енді Әзербайжан мен Армения арасындағы қайшылықтарды тиімді пайдалана алмай отыр», - дейді ол.

Ресей билігі енді ықпалынан айырылып жатқан аймақтағы орнын әзербайжан диаспорасына қысым көрсету арқылы толтыруға тырысуда. Ресейлік шенеуніктер бұрын айтуға батылдары бармайтын мәлімдемелер жасап жүр. Мысалы, Путиннің көмекшісі Владимир Мединский RT-ге берген сұхбатында Украинадағы соғысқа қатысты болжамдар жасай отырып, Қарабақ мәселесімен салыстырды. Ол Қарабақты «Армения мен Әзербайжан арасындағы даулы аймақ» деп атады және Украина соғысы келісімге келмей аяқталса, ел «үлкен Қарабаққа» айналуы мүмкін екенін айтты.

Бұл пікірге Әзербайжан СІМ бірден жауап беріп, Қарабақ ешқашан даулы аумақ болмағанын, Әзербайжан ешқашан басқа мемлекеттің жерін басып алмағанын еске салды. Сарапшы Кривошеевтің айтуынша, бұл – Мәскеуге жолданған ашық ескерту.

Ариф Юнусовтың пікірінше, Мәскеу мен Баку арасындағы дағдарыс ең алдымен энергетикалық ынтымақтастыққа кері әсер етуі мүмкін. «Қазір Ресейге қарсы санкциялар қолданыста. Кейбір жағдайларда Әзербайжан бұл санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік берген. Тіпті Еуропарламент арнайы комиссия құрып, Еуропаға сатылып жатқан газ – расында әзербайжандық па, әлде ресейлік пе деген сұрақты зерттеді. Егер қарым-қатынастар мүлде нашарласа – бұл жобалар тоқтауы мүмкін», - дейді сарапшы.

Депутат Расим Мусабеков екіжақты өзге жобалардың да болашағы бұлыңғыр екенін айтады. Олардың қатарында – Әзербайжан арқылы өтетін «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі, сондай-ақ Ресей мен Иранның электр жүйелерін біріктіру жобасы бар. Тіпті Ресей газын Иранға тасымалдау бойынша да қиындықтар туындауы мүмкін.

Соған қарамастан, экономикалық мүдде – Әзербайжан үшін де маңызды фактор. Саясаттанушы Кирилл Кривошеевтің айтуынша, әзербайжандық экономика саясаттан алысырақ болғанды қалайды. «Алайда қазіргі жағдайда Бакудің маневр жасауға кеңістігі бар болса, Мәскеудің қысым жасау тетіктері азайып келеді», - дейді ол.

Сарапшы Ариф Юнусовтың пікірінше, Ресей Оңтүстік Кавказдағы ықпалын жоғалтып жатыр. Егер Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісімге қол қойылса, бұл Мәскеудің аймақтағы рөлін одан әрі әлсіретеді. «Ресей өңірде ықпал ету тетіктерінен айырылып қалады. Бұл – Мәскеу үшін геосаяси жеңіліс болмақ. Оның орнын Түркия басуы мүмкін», - деп қорытындылайды сарапшы.