Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:26, 28 Тамыз 2024

Мәскеу соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісін сырттай 6 жылға соттады

а
Photo: Ministry of Foreign Affairs of Ukraine

Мәскеудің Басманный аудандық соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийді (Ресейде экстремистер мен террористер тізіміне енгізілген) өшпенділік пен араздықты қоздырғаны үшін (РФ Қылмыстық кодексінің 282-бабы 2-бөлігінің «а» тармағы) айыпты деп танып, алты жыл жалпы режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеуге сырттай үкім шығарды. 

Петр Врублевскийдің жаза мерзімі оның нақты ұсталған немесе Ресейге экстрадицияланған сәтінен бастап есептелетін болады. Сотталушының адвокаты бұл шешімге шағымданатынын мәлімдеді.

Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың тамызында Петр Врублевский «Ресей азаматтарын менсінбейтін, дұшпандық көзқарасты қалыптастыратын мәлімдеме жасаған». Қазақстандық блогер Диас Кузаировқа берген сұхбатында Врублевский Ресейдің ашқан соғысына түсініктеме бере отырып: «Қазір біз орысты қаншалықты көбірек өлтірсек, біздің балаларымыз оларды соғұрлым аз өлтіреді», - деді. Бұл мәлімдеме кең резонансқа ие болып, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің наразылығына себеп болды. Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Украина елшісінің сөзі үшін кешірім сұрағанын айтты.

Кейін ресейлік БАҚ Петр Врублевский биліктің өтініші бойынша Қазақстаннан кеткенін хабарлады. Алайда ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломатты елден шығару туралы Қазақстан тарапынан талаптар қойылмағанын, оның демалысқа кеткенін мәлімдеді. 2022 жылдың қазан айында Врублевский қызметінен босатылды.

2024 жылдың ақпанында Росфинмониторинг оны экстремистер мен террористер тізіміне қосты. Наурызда Ресей Ішкі істер министрлігі Петр Врублевскийге халықаралық іздеу жариялады.