Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:20, 26 Наурыз 2024

Мәскеу түбіндегі терактінің авторы кім?

мәскеу теракт
Фото: Жас Алаш коллаж

Ресейде тағы да теракт. Тағы да қаралы күн. Қолына автомат ұстаған төрт адам 22 наурыз күні Мәскеуден 20 шақырым жердегі Красногорск қаласындағы «Крокус Сити Холл» сарайында концертке келген мыңдаған адамға оқ жаудырды.

Бұл жолы 137 адам қаза тапты. Тағы 180 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

22 наурыз жұма күні Қазақстан халқы Наурыз мерекесін тойлап, мемлекеттік арналары эфирден той-думан концерттерін көрсетіп жатқан. Жайбарақат, көңілді кештердің бірі еді. Кенет әлеуметтік желі тағы да дүр сілкінді. Мәскеуде біреулердің халықты қынадай қырып жатқаны туралы видео, сурет, қысқа жазбалар әп-сәтте әлемді шарлап кетті. Ресми БАҚ немесе арнаулы құзырлы органдар ес жиғанша Telegram, Facebook, WhatsApp чаттарда қан-қасаптың алғашқы сәті жарияланып-ақ үлгерді. Видеода мұздай қаруланған бірнеше адам зәулім ғимарат ішінде топырлаған жұртқа автоматтан оқ боратып жүр. Шыңғырған, бақырып жылаған дауыстардан құлақ тұнады. Тағы бір кадрда оқиғаның концерт залы ішінде жалғасқаны көрінген. Әлдебір мәдени шараға көрермен боп келген халық мылтық дауысынан үрейленіп, шығарға есік таппай, апыр-топыр. Өте қорқынышты, үрейлі кадрлар.

Арада көп өтпей ресми хабарламалар да шыға бастады. Ресей БАҚ-тары оқиғаның Мәскеу іргесіндегі Красногорск қаласында «Крокус Сити Холл» концерт сарайында болып жатқанын, террористік шабуыл екенін айтты. Кейін белгілі болған мән-жайға қарағанда, халық Мәскеу уақытымен кешкі 8 шамасында «Пикник» атты өнерпаз топтың концертіне жиналған. Бірақ іс-шараның өзі әлі басталмаған. Көрерменнің біразы кезек күтіп, сыртта тұрған. Осы сәтте бірнеше адам алдымен кіреберістегі жұртқа оқ жаудырған. Сосын ішке еніп, көздеріне көрінген жанның бәрін атқан. Нысанаға нақты біреуді емес, тұтас көрерменді алған. Әдетте террористердің ең басты мақсаты – бейбіт адамдардың қанын барынша көп төгу. Осы тұрғыдан қарағанда «миссия орындалған».

Куәгерлердің сөзінше, әуел баста ешкім ештеңені жөнді ұға алмаған. Автоматтардың алғашқы дауысын көпшілік салют, отшашу деп қабылдаған. Бірақ дауыс шыққан жақта абыр-сабыр, айғай-шу көбейіп, кенет ел жан-жаққа қашқан. Есіктен де, терезеден де сыртқа ағылған. Бірдеңе жарылып, сарайдың ішін түтін басқан. Соңынан өрт шыққан. Қарбаласта біраз адам қуыс-тесіктерге тығылып, әртүрлі бөлмелерге жасырынған. Әлеуметтік желіге тараған кейбір деректерде, бір дәретхананың ішінде содырлар жиырмадан аса адамды атып тастаған.

Оқиғада жендеттер ешкімді кепілге алмаған. Саяси, не әлдебір талап қоймаған. Автоматтарында оқ таусылды ма, әлде өздері де өмір сүргісі келді ме, белгісіз, оқиға орнынан қашып кеткен. BBC агенттігі «кемі екі шабуылдаушы қаза тапқаны туралы бұлтартпас айғақ барын» жазды. Бірақ Ресей федералды қауіпсіздік қызметі бұны растамады және жедел іздестіру науқанын бастап, олар мінген көлікті анықтады. Таң ата құзырлы органдар күдіктілерді Украинамен шекаралас Брянск облысы аумағынан ұстаған. Шамасы майдан даласына бір ілінсек, арғы жаққа орыстардың аяқ басуы екіталай, із жасырып үлгереміз деп ойласа керек.

Крокус сити холл
Фото: ТЖМ Ресей

ЕЛ АУЗЫНДАҒЫ ҮШ НҰСҚА

Бастапқыда ресейлік БАҚ пен кейбір саясаткерлер «қан-қасаптың артында Украина тұр» дей бастаған. Өзге емес, ең алдымен мұндай пікір Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы президент Дмитрий Медведевтің аузынан шықты. Оны RT (Россия сегодня) телеарнасының бас директоры Маргарита Симоньян іліп әкетіп, өршітті. Ресей федералды қауіпсіздік қызметі де содырлардың Украина жаққа қарай қашқанынан «секемденген». Мұндайға дайын болса керек, Украина билігі де кешіктірмей жауап қайтарды. Президент Владимир Зеленский кеңсесін басқаратын Михаил Подоляк «Оқиғаға Украинаның титтей де қатысы жоқ. Терактіні Украинадан көру – негізсіз!» деп мәлімдеді.

Жұма күні түн ортасында Мәскеу мен Киевтің арасында ақпарат майданы қыза бастаған шақта Reuters агенттігі шабуылды «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы (Қазақстанда, Ресейде және әлемнің көптеген елінде қызметіне тыйым салынған – ред.) мойнына алғанын хабарлады. Бұған Ресей пропагандистері күдік келтірді. Арада бір күн өткенде террористік ұйым оқиға кезінде содырлардың өзі түсірген видеосын жариялады. Сұмдық ауыр, жан түршіктіретін көрініс. Оны «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына жақын «Амак» ақпарат агенттігіне тиесілі телеграм-арна таратты. Видеодағы адамдардың киген киімі, ұстаған қарулары күндіз тұтқындалған төртеуге меңзейді. Алдынан шыққанның бәрін атып жүр. Біреуі жерде қансырап жатқан адамға жақындап, тамағынан бірнеше мәрте орып жібереді. Кадрда айқайлаған дауыс естіледі және арабша «Аямаңдар! Өлтіріңдер!», «Кәпірлер жеңіледі!» деген жазулар бар.

Ресей қауіпсіздік қызметкерлері қолға түсіргендер де алғашқы сұрақ-жауап кезінде Украина туралы ештеңе демеген. Желіге тараған видеоларда, не қорқыныштан, не суықтан тоңып қалшылдаған ер адам Ресейге Түркиядан келгенін айтады. Сөзінше, жарты миллион рубль қаржыға бола көп адам өлтіруге жалданған және тапсырыс беруші белгісіз біреулер ақшаның жартысын картасына аударған, жартысын әлі бермеген. Ұсталғандардың тағы бірі орысша түсінбейді екен. Аудармашы арқылы сөйлесіп отыр. Бұл жерде Ресей арнайы қызметі адамдарының қатыгездігін де айтпай кетпеске болмайды. Ұсталғандардың бет-аузы қан-жоса. Әбден тепкілегені, ұрып-соққаны көрініп тұр. Жерде жатқан күдіктілердің біреуінің құлағын кесіп алған сәт, тіпті қорқынышты. Кесіп алып, өзінің аузына тыққылайды. Заң бойынша кімді қалай жазалауды сот қана шешеді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, күдіктілер Тәжікстан азаматтары. Ал Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламасында шабуылға тәжікстандықтардың қатысы бары туралы Ресей тарапынан ресми хабарлама алмағаны жазылған.

Ресей пропагандасы оқиғаны «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына «қимайтындай». Бәрінің артында «АҚШ бастаған батыс елдері тұр» деген дәлелсіз уәжді бұрқыратып жатыр. Негізгі ілік – АҚШ пен Еуропа елдерінің бұдан екі апта бұрынғы мәлімдемесі. 7 наурыз күні АҚШ Ресейде жүрген өз азаматтарына теракт қаупі жөнінде ескерту жасаған. Ескертуде шабуыл 48 сағаттың ішінде болуы мүмкін екені айтылған. АҚШ-тың ізін ала Канада, Ұлыбритания, Чехия, Швеция сынды бірнеше елдің елшіліктері де осыған ұқсас үндеу таратқан. АҚШ құпия қызметтері қолда бар мәліметтерін ресейлік әріптестеріне берген.

Сол күні Ресейдің арнаулы қызметі Калуж облысында «Ислам мемлекеті» ұйымының бір қанаты «Хорасан уәлаяты» ұяшығын анықтағанын, екі жендетті жер жастандырғанын хабарлады. Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ақпаратында, өлтірілген екі адамның Қазақстан азаматтары екені жазылған. Бірақ 48 сағат тыныш өтті. Одан кейінгі екі аптада да ештеңе болған жоқ. Осы тыныштыққа масаттанғандай, президент Владимир Путин АҚШ пен Еуропа елдерінің бұл ескертулерін «арандату» деп атады. Терактіден үш күн бұрын ғана, 19 наурыз күні Путин өзінің «төл баласы» (қолбаласы деуге де болады) ФСБ басшыларының жиынында ол «Өткенде Батыс ресми органдары Ресейде теракт болатыны туралы арандату сипатында ескерту жасағанын естеріңізге саламын.

Бұл тап-таза ашық бопса және біздің қоғамға үрей сеуіп, тұрақтылығымызды шайқау әрекеті» деп салған. Бірақ теракт күні Путин жұмған аузын ашпады. Оқиғадан 19 сағат өткен соң барып қана ресми үндеу жолдады. Үндеуінде қан-қасапты «халықаралық террористердің ісі» (Қазақстан билігінің де «Қаңтар оқиғасын» осылай бағалағаны еске түседі) десе де, ешбір ұйымды атаған жоқ. Сөз арасында күдіктілердің Украина жаққа қарай бара жатқан жолда ұсталғанын, Украина тарабы оларға «терезе ашып қойғанын» айтып өтті. 

Ешқандай дәлел, айғақ ұсынбаса да (бұдан былай да ұсына қоймас – авт.) халықты оқиғаның артында Киев тұр дегенге сендіргісі келетіндей. Бірдеңені біліп айтты ма, әлде алдын ала ескерту ақпаратты ала тұра ФСБ-ның террористерді оп-оңай тайраңдатып қойғанын бүркегісі келіп, тал қармағаны, әзір анық емес. Путинге қарымтасын Украина президентінің өзі қайтарды. Ол 23 наурыз күнгі мәлімдемесінде «Құрып кеткір Путин өз халқының қамын ойлағанның орнына бір күн бойы қалай да Украинаны айыптаудың айласын істеді. Путин де, оның айналасы да өздерінің ісін үнемі өзгелерге артып үйреніп қалған. Бәрін білеміз. Үйлердің жарылуы, атыс-шабыс, жарылыстардың талайына олар басқаларды кінәлаған» деді. Кремль сыншыларының көбі Зеленскиймен пікірлес.

Орыстың оппозициялық көзқарастағы ортасы, шахматшы Гарри Каспаров бастаған топ бұл терактіні істегендер сырттан келген дұшпан емес, Кремльдің өзі деген уәжге қисаяды. Өйткені тоқсаныншы жылдардың соңында Мәскеудегі көпқабатты үйлердегі жарылыс, екі мыңыншы жылдардың басындағы Норд-Ост (2002), Мәскеу метросы (2003), Беслан (2004) сынды, тағы басқа ірілі-ұсақты терактінің бәрін «ұйымдастырушы ФСБ» дейтін теория әлі тірі. Сондағы негізгі қисын – «Путин қандай да бір үлкен саяси науқан алдында халықтың көңілін осындай оқиғаларға бұрып, соның нәтижесінде түрлі қуғын-сүргін жасайды».

Қорыта айтқанда, қазір «Крокус Сити Холлдағы» терактінің артында тұрғандар жөнінде үш түрлі нұсқа бар: Біріншісі – «Ислам мемлекеті» террористері. Оны ұйымның өзі ашық айтып, мойнына алып отыр. 

Екіншісі – Украина. Бұған Путин, Медведев бастаған Кремль мен оның айналасы мүдделі. 

Ал үшінші нұсқа – Ресей ФСБ-сы. Оны әлеуметтік желідегі жұрт пен орыс оппозициясы, Украина тарабы ұсынады. Үш нұсқаға да күдік пен күмән көп, айғақ аз, әлі көп дәлелдеуді қажет етеді. Әсіресе соңғы екеуі қисынға ғана құралған. Ал бірінші нұсқаны ұйымның өзі айтады, ұсталған төрт адамның бірі растайды. Жексенбі күні Мәскеудің Басман аудандық соты төрт күдіктінің де айыпты түгел мойындағанын хабарлады және сотқа дейін тергеу үшін екі айға қамауға алды.

Крокус сити холл
Отқа оранған Крокус сити холл

ШЕТЕЛДІК САРАПШЫЛАР МЕН САЯСАТКЕРЛЕРДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Батыс ақпарат құралдары терактінің жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» ұйымына артады. Украина мен ФСБ нұсқаларына сөз арасында ғана атап өткені болмаса, аса көп мән беріп қарап отырған жоқ. Мәселен, америкалық Wall Street Journal басылымы «Украина мен Газадағы соғысқа байланысты АҚШ бастаған демократиялы елдердің Ресей, Қытай, Иран сынды авторитар жүйелермен арпалысы күшейіп барады. Бірақ «Ислам мемлекеті» бұлардың бәрін исламның жауы санап, түгел құртуды көздейді» деп жазады.

WSJ «Ислам мемлекетінің» Ресейге қарсы істеген бұған дейінгі терактілерін санамалайды. Олардың қатарында 2015 жылы Египеттен ұшып шығып, бортындағы 224 адамымен бірге аспанда жарылып кеткен ресейлік ұшақ, 2022 жылы Ауғанстан астанасы Кабулдағы Ресей елшілігіне шабуылдап, екі дипломатты өлтірген оқиғалар бар.

Ал Катардың Al-Jazeera телеарнасының хабарлауынша, «Ислам мемлекеті» ұйымы Ресей президентін «мұсылмандардың дұшпаны» санайды. Террористік ұйымды зерттеп, бірнеше кітап жазған, Оңтүстік Азия институтының директоры, АҚШ ғалымы Майкл Кугельман бұл арнаға берген сұхбатында Ресей мен «Ислам мемлекеті» арасының қатты ушығып кетуіне Ресейдің Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысымен тым жақындасып кетуі себеп екенін айтқан. «Талибан» – «Ислам мемлекеті» ұйымының қас дұшпаны. Яғни тәліптермен дос болғандар да бұларға жау. 

Кугельманның қисынына салсаңыз, «Ислам мемлекеті» Ресей сияқты, Қазақстанды да нысанаға алуы мүмкін. Өйткені «Талибан» Ауғанстанға билігін толық орнатқан соң Қазақстан үкіметінің адамдары сауда-саттық үшін олармен түрлі келіссөзге барып жүр. Тіпті Астана тәліптерді «террористік ұйымдар» тізімінен шығарып тастағалы жатыр. Бұны «Ислам мемлекеті» көріп-біліп отыр. Al-Jazeera сөйлескен түрік офицері, әскери сарапшы Мұрат Аслан «Ислам мемлекеті» қайта күш ала бастағанын, олардың терактілері енді жиілей түсуі мүмкін екенін ескертеді.

24 наурыз күні Ресей туын төмен түсіріп, қаза тапқандарды аза тұтты. Терактіге байланысты Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне алғашқылардың бірі болып көңіл айтты және терроризмнің кез келген көрінісін қатты айыптайтынын білдіріп, керек болса, Қазақстанның арнайы қызметі көмектесуге дайын екенін хабарлады. Бұл қатарда Орталық Азияның өзге төрт мемлекеті – Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстан басшылары да бар. Қытай төрағасы Путинге жеделхат жолдап, қолдау танытқан.

БҰҰ, Еуропа Одағының жоғары басшылығы, Франция, Германия бастаған Еуропа мемлекеттерінің президенттері, сыртқы істер министрлері терактіні айыптап, арнайы мәлімдемелерін жасады. Жұма күні Ақ үйдің атынан сөйлеген ресми өкіл Джон Кирби де АҚШ терроризмді қатаң айыптайтынын жеткізген. Ал жексенбі күні АҚШ вице-президенті Камала Харрис терактіде туыстары қаза тауып, қара жамылып отырғандардың қайғысына ортақ екенін білдірді. Бірақ президент Джо Байден әзірше үндеген жоқ.

Айгүл Баба