Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

Мәскеу үшін солдатын сәнге берген Қызыл алаңдағы «қаһармандар»

Мәскеу парадындағы қазақ әскері
Фото: Ақорда

Ресей президенті Владимир Путин былтырдан бері жарнамасын жасап, алыс-жақындағы одақтас ел басшыларын қайта-қайта шақырып, асыға күтіп жүрген Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру 9 мамыр күні Қызыл алаңда өтті.

Содан екі күн бұрын ғана Астанада өткен парадпен салыстырғанда Мәскеудегі шеру әлдеқайда дабыраға толы болды. Кремльге көп мемлекет көз тігіп отырды десек, қателеспейміз. 

Ең алдымен, әлем жұрты Путиннің бұл парадты Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу, соларға құрмет көрсету мақсатында өткізіп отырғанына сенбейді. Киевті 3 күнде басып алу жоспары жүзеге аспай, соғыс мерзімі созылған сайын ел ішіндегі наразылық өршіп келе жатқан тұста Жеңістің 80 жылдығы келе қалғаны Кремль үшін іздегенге сұраған болды. Екінші дүниежүзілік соғыс Ресей тарихындағы ең шұғылалы сәттердің бірі, ел билігі де, халқы да осы ойда. Демек Ресей билігі Украинаға қарсы майдандағы олқылықты 80 жыл бұрынғы жеңіспен көмкеріп, бейбіт елге басып кіргенін фашизмге қарсы соғыстың жалғасы ретінде көрсеткісі келеді.

Путиннің шеруде сөйлеген сөзі осы оймен үндесіп жатыр. Ол Мәскеу Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының бұрмалап, «қанішерлерді ақтап, шын жеңімпаздарды қаралауға» ешқашан жол бермейтінін айтты. «Ресей нацизмге, орысфобияға, антисемитизмге қарсы мызғымас тосқауыл болған, болып қала береді. Мұндай агрессивті, бүлдіруші идеяны қолдаушылармен аянбай күресеміз. Ақиқат пен әділдік біз жақта, бүкіл еліміз, қоғам және халық арнайы әскери операцияны қолдайды. Біз олардың үнемі жеңіс әкелетін ерліктері мен батылдығын, күшті рухын мақтан тұтамыз», – деді Ресей президенті.

Сондай-ақ ол өздерін «жеңімпаздардың мұрагері» деп атап, «соғыста жан қиған аталарымыз бізге Отанымызды қорғауды, бірлікте болуды, ұлттық құндылықты сақтауды өсиет етті» деді. Путин өз сөзінде Украинамен соғыс жайлы ашық айтпағанымен, «бабалар өсиеті», «жеңімпаздың мұрагері» деген сияқты сөздермен халқына үндеу тастағандай болды. Батыс жұрты Путиннің Украинаға шабуылды Екінші дүниежүзілік соғыстың жалғасы ретінде сипаттауына қарсы. «Совет әскерінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігін ұмытпаймыз. Бірақ Кремльдің өтірігіне қарсы тұрып келеміз. Мәскеудегі Жеңіс мерекесінде осы өтірік қайталанса да, Украинаға қарсы соғыс фашизммен күрестің жалғасы емес. Путиннің агрессивті соғысы, еркін, демократиялы елге қарсы басқыншылығы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ұлтшыл-социалистік жүйеге еш қатысы жоқ», – деп мәлімдеді Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер.

Шеру қалай өтті, кімдер қатысты?

Ресми Мәскеу таратқан ақпаратқа сүйенсек, парадқа 11 500-ден аса әскери қызметкер қатысқан, оның арасында Украина жерінде соғысып жүрген 1 500 сарбаз бар. Шеруге шыққан әскери техниканың 183-і Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданыста болған. Мысалы, Қызыл алаңда Т-34, Су-100 сияқты ескі техникалар бой көрсетті. Ал заманауи қарулар арасында «Орлан-10», «Орлан-30», Zala, «Ланцет-51», «Ланцет-52», «Гарпия», «Герань» сияқты пилотсыз ұшу аппараттары бар. Сондай-ақ Кремль Украинадағы заманауи зымыран жүйесін, Т-72Б3М, Т-80БВМ сияқты жаңа танктерін және әскери ұшақтарын көрсетті.

Былтыр Астанада өткен ҰҚШҰ саммитінде Ресей президенті ядролық қаруымен ашық мақтанып, қарсыластарына сес көрсеткенін ескерсек, шеруде жаңа әскери техникаларын бекер көрсетіп отырған жоқ. Үш жылдық соғыс Ресей қару-жарағының шын деңгейін көрсетіп берсе де, Мәскеу әлсіз тұсын мойындамай, «бізде мынадай бар» дегенді аңғартқысы келеді. Оның үстіне «Уралвагонзавод» концернінің бас директоры Александр Потапов парадта төбе көрсеткен техникалар Украинадағы соғысқа жіберілетінін мәлімдеген болатын.

Путин былтырдан бері «дос елдердің» президенттеріне қайта-қайта шақырту жіберіп, парадқа келетін мемлекеттердің географиясын барынша кеңейтуге тырысты. Бірақ бейбіт елге соғыс ашқаны үшін өркениетті әлемнің ортақ жауына айналған Кремльдің «досы» аз қалған болатын. Батыс әлемнің есігі тарс жабылған соң Путин Африка, Латын Америкасы және Оңтүстік Азия елдерімен дос-жар болып жүр. Бұл тізімге Мәскеудің мәңгі қолдаушысы Беларусь пен Орта Азия елдерін қосуға болады.

Шеру алдында Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеуге 29 мемлекеттік көшбасшысы келетінін айтқан. Бірақ 9 мамыр жақындаған сайын олардың қатары сиреп, кейбірі парадқа қатысудан бас тартса, кейбірі Ресейдегі елшісін немесе министрлерін жіберді. Ал Путиннің көңілін көтеріп, мерейін тасытқан басты қонақ – Қытай басшысы Си Цзиньпин болды. Кейінгі үш жыл бойы изоляцияда қалған Путин үшін Бейжіңнің қолдауы дәтке қуат, көңілге медеу. Оның үстіне Қытай Қызыл алаңдағы парадқа өз әскери бөлімін жіберді, бұл да символикалық түрде Бейжіңнің Кремльді ашық қолдайтынын аңғартады. Си Цзиньпиннен бөлек Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силваның сапары да Мәскеуге майдай жақты. Оңтүстік Америкадағы көшбасшы мемлекет Ресейге көптен бері жылы қабақ танытып жүр. Сондай-ақ Қызыл алаңда Венесуэла, Вьетнам, Конго, Куба, Буркина-Фасо, Гвинеи-Бисау, Мысыр, Зимбабве, Мьянма, Армения, Беларусь, Моңғолия және Орта Азия елдерінің басшылары төбе көрсетті. Еуроодақ елдері арасынан жалғыз Словакия премьер-министрі Роберт Фицо, ал ЕО-ға үміткер елдерден Сербия президенті Александр Вучич парадқа келді.

Енді осылардың қаншасы өз еркімен, қаншасы Путинді ренжітіп алмау үшін ғана келді деген сұрақ туындайды. Си Цзиньпин ресми сапармен жүр. Ал қалғанына нақты бірдеңе деу қиын. Бір анығы, Орта Азиядағы 5 елдің бармауға амалы қалмады. Алдымен былтырғы ҰҚШҰ саммитінде Путиннің өзі салмақ сала сөйлеп, парадқа қатысуды міндеттегендей болған. Ал биыл сәуірде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Путиннің сәлемін тағы жеткізіп, «ТМД елдері басшыларының бәрі Қызыл алаңда бізбен бірге болады деп үміттенеміз» деп пысықтаған. Одан бөлек, Орта Азия басшыларымен телефон арқылы сөйлескенде де Путин осы жайды қайта-қайта айтып жүрді.

ТМД елдері арасында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қана шеруге бармай қалды. Каспий теңізі жағасында апатқа ұшыраған ұшақ оқиғасына байланысты Кремльге өкпелеп жүрген Әлиев әкесі Гейдар Әлиевке ескерткіш ашатынын ресми себеп ретінде көрсеткен. Бірақ Бакуден келген әскери бөлім шеруде сап түзеді. Айтпақшы, Әзербайжаннан бөлек Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Ветьнам, Мысыр, Қытай, Лаос, Моңғолия, Мьянма әскерилері Қызыл алаңға шықты.

Ал Словакия мен Сербия басшысы біршама қысымға қарамай, Ресейді қолдауға тәуекел етті. Сәуірде Еуроодақ сыртқы істер министрі Кая Каллас ЕО елдері мен ұйымға мүшелікке үміткерлерді Мәскеуге барудан бас тартуға шақырып, Ресейдегі Жеңіс күнін мерекелеуге қатысу маңызды саяси сигнал ретінде қабылданатынын айтқан. Вучич соған қарамастан Мәскеуді бетке алды, Балтық елдері оның ұшағына тыйым салғандықтан, ол Әзербайжан арқылы ұшты. Фицо да біршама кедергіні еңсергенін айтты. Эстония оның ұшағын өткізуге рұқсат бермеген көрінеді.

Ресей Жеңіс күнін саясиландырып алған

9 мамыр – Ресей күнтізбесіндегі ең маңызды мереке. Мәскеу бұл датаны пропаганда құралына айналдырып алған. Кейінгі кезде Ресейде Жеңіс күнінің әу бастағы сипаты өзгеріп, Кремль саясатын дәріптейтін құралға айналды. Мәскеу Украинаға соғысын ақтап алу үшін түрлі лас әрекеттерге барып жүр. Пропагандаға жеткіншектерді де тартып, балабақшадағы өрендер парадын ұйымдастырды, оқушыларға Украинада соғысып жатқан сарбаздарға хат жазғызды. Сондай-ақ «Бессмертный полк», Георгиев лентасы, «Можем повторить» деген сияқты акциялар күш алды. Тіпті биыл сәуірде Кемерово қаласындағы перзентханада жаңа туған сәбилерге әскери киім кигізу науқаны өткен.

Осындай саяси-идеологиялық әрекеттер Қазақстанға да әсер етті. «Бессмертный полк» сияқты акциялар жыл сайын біздің елде де өтеді. Бұған қатысты қоғамда қайшылық туындап жатады. Мысалы, биыл Алматыда 30 мың адам қатысқан «Батырларға тағзым» шеруі өтті. Атауы басқа демесеңіз, бұл 2012 жылдан бері өтіп жүрген «Бессмертный полктың» айна-қатесіз көшірмесі. Мұнда да соғысқа қатысқан туысының суреті мен Сталиннің портретін ұстап, КСРО кезіндегі туларды жалаулатқан жұрт көше айналып жүреді. Биыл да жылдағыдай келеңсіз оқиғалар болды. Әлеуметтік желіде Совет одағының туын ұстаған кей азаматтарымыздың Қазақстан туына, әнұранына қарсы болып, шу шығарғанын көрдік. Тәуелсіз елдің аспанында Совет одағының туын желбіретіп, әнұран айтқан жұртпен жағаласып, кеңестік әндерді шырқаған адамдардың әрекеті арандату саналмай ма?..

Қазыбек Бейсебаев

Қазыбек Бейсебаев, саясаттанушы:

– Мәскеу Жеңіс күнін тарихты еске алу, батырларды құрметтеу мақсатында емес, қазіргі саясатын жүргізетін пропаганда құралы ретінде пайдаланып отыр деген пікірге келісуге болады. Өйткені әр ел өз саясатын жүргізеді. Ресей қазір Украинада нацизм өршіп тұр, біз сомен күресіп жатырмыз дегенді алға тартады. Өзімізді Ресей үкіметінің орнына қойып, ресейлік көзқараспен қарасақ, бұл уәж дұрыс сияқты көрінеді. Олар біз жеңімпазбыз, бұрын аталарымыз нацизмді жеңген, енді біз жеңеміз деп отыр. Яғни өз қажетіне қарай пропагандаға пайдалана алып отыр. Бізге ұнай ма, ұнамай ма, бөлек әңгіме, бастысы, шындық – осы. Біз де оны өз қажетімізге пайдалана алсақ, қанеки! Мысалы, Ресейде «Бессмертный полк» өтеді. Ол да пропаганда мен идеологияның бір түрі. Ресейліктер «Можем повторить» деп, өздерін мықты көрсетуге тырысады. Ал акцияның біздегі мәні сәл басқаша. Біз ата-баба аруағына құрмет көрсетеміз, батырларды еске аламыз. Қазақстанға Ресей БАҚ-ының ықпалы өте жоғары, біздің елде де «Бессмертный полк» өтеді дегенді солар шығарып отыр. Билік түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізсе, біздегі акция басқаша екенін бәріміз түсінер едік.

Қазір әлемде екі мықты мемлекет бар десек, соның бірі Қытай. Қытай президенті Ресейге ресми сапармен келіп, парадқа қатысып отыр. Одан бөлек, Бразилия басшысы келді. Африка елдерінің президенттері де жүр. Ол елдер кезінде Франция мен Англияның ықпалында болған. Сол елдердің Ресейге бет бұруы Путин саясатының жеңісі деп бағалауға болады. Мәскеу осы арқылы ешқандай изоляцияға, санкцияға ұшырамағанын көрсеткісі келеді. Си Цзиньпин мен Путин кездесіп, күрделі халықаралық жағдайдың қиындықтарына бірлесіп қарсы тұруға келісті. Демек мұнда үлкен саяси ойын жүріп жатыр деп есептеймін. Екінші дүниежүзілік соғыста біздің де үлесіміз бар. Бұл жеңіс жалғыз Ресейдің жеңісі емес, біздің де жеңіс. Сондықтан посткеңестік елдер президенттерінің парадқа барғанын осы қырынан түсінуге болады.

Жасанды интеллект арқылы танымал адамдардың видеосын жасап, тұрғындарды «Бессмертный полк» шеруіне қатысуға шақырғандар болды. Мысалы, премьер-министр Олжас Бектенов, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысы әкімдері, танымал блогерлер жұртты маршқа «шақырған». Кейін журналистер зерттеу жүргізіп, мұны Ресей азаматтары жасағанын анықтады. Тіпті олардың аты-жөні де белгілі. Бұған дейін Қазақстанға келіп-кетіп жүрген, біздің банктерден есепшот ашып алған азаматтар осындай әрекетке барған.

Жақында композитор Еркеш Шәкеев 31 мамырға белгіленген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған концерті өтпейтінін хабарлады. Кеште Алаш арыстарының әндері орындалады деп жоспарланған. Біраз уақыт бұрын келісіліп қойған концерт жақындағанда Almaty Theatre кешті өткізуден, FreedomTicketon сайты билет сатудан бас тартқан көрінеді. Сондай-ақ Алматы қалалық мәдениет басқармасы да түрлі сылтау айтып, концертке кедергі келтірген. Совет одағы ұлықталған 30 мың адамдық шеруге рұқсат берген қала әкімі Ерболат Досаев Алаш арыстарын ардақтауға неге қарсы болғаны белгісіз...

Қуаныш Қаппас