Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:05

Мәскеуде болған жарылыс салдарынан жоғары шенді генерал қаза тапты

 Фанил Сарваров
Фото: ашық дереккөз

Ресей Қарулы күштері Бас штабының жедел даярлық басқармасының басшысы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров Мәскеуде болған автокөлік жарылысы салдарынан қаза тапты.

Оқиға 22 желтоқсан күні таңертең Мәскеудің Ясенев көшесінде болған. Жеңіл автокөліктің астына орнатылған жарылғыш құрылғы іске қосылып, генерал ауыр жарақат алған. Кейін ол алған жарақаттарынан көз жұмды.

Бұл туралы Ресей Федерациясының Тергеу комитеті өкілі Светлана Петренко ресми түрде мәлімдеді.

«22 желтоқсан күні таңертең Мәскеудің Ясенев көшесінде автокөлік астына орнатылған жарылғыш құрылғы іске қосылды. Алынған ауыр жарақаттардың салдарынан Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабы жедел даярлық басқармасының басшысы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров қайтыс болды», - деді ол.

Бұған дейін БАҚ пен Тергеу комитеті Ясенев көшесіндегі автокөлік жарылысы салдарынан көліктің ішіндегі белгісіз адамның жарақат алғаны туралы хабарлаған еді. Telegram-арналарда жараланған адамның дәл осы генерал Сарваров болуы мүмкін деген болжамдар айтылған.

Тергеу комитеті көпшілікке қауіпті тәсілмен адам өлтіру және жарылғыш заттармен заңсыз айналысу баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Ведомство қастандықтың бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр.

«Нұсқалардың бірі – бұл қылмыстың Украина арнайы қызметтері тарапынан ұйымдастырылуы мүмкін екендігі», - делінген Тергеу комитетінің хабарламасында.

Украина тарапы генералдың өліміне қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Telegram-дағы Shot және Baza арналары жарылыс салдарынан тұрғын үй автотұрағында тұрған Kia Sorento маркалы көлік жойылғанын хабарлаған. РБК дерегінше, көліктегі 56 жастағы жүргізуші салонда қалып қойған, кейін құтқарылып, ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.

Фанил Сарваров 1990 жылы Қазан жоғары танк командирлер училищесін тәмамдаған. Кейін Малиновский атындағы бронды танк әскерлері әскери академиясында және Ресей Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясында білім алған.

«Коммерсант» газетінің жазуынша, оқуын аяқтағаннан кейін ол Бас штабтың бас жедел басқармасында және Қарулы күштердің жедел даярлық басқармасында қызмет еткен. 2016 жылдан бері басқарма басшысы лауазымын атқарған.

Басылым деректеріне сәйкес, Сарваров Шешенстандағы әскери қимылдарға қатысқан, сондай-ақ 2015-2016 жылдары Сириядағы операцияларды ұйымдастыру және өткізуге жауапты міндеттерді атқарған. 2024 жылдың мамырында Ресей президентінің жарлығымен оған генерал-лейтенант әскери шені берілген.

Бұл Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бері жоғары шенді ресейлік әскери тұлғаларға жасалған алғашқы қастандық емес.

Айта кетейік, 2024 жылғы 17 желтоқсанда Мәскеуде тұрғын үй маңында болған жарылыс салдарынан Радиоактивті, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің басшысы, генерал-лейтенант Игорь Кириллов және оның көмекшісі Илья Поликарпов қаза тапқан еді.

Биыл қазан айында Тергеу комитеті Кирилловтың өліміне байланысты теракт ісі бойынша тергеуді аяқтап, төрт күдіктіні атады: Ахмаджон Курбонов, Роберт Сафарян, Ботухон Тожиев және Рамазон Падиев. Тергеу нұсқасына сәйкес, Украина арнайы қызметтерінің тапсырмасымен жарылғыш құрылғылар орнатылған электросамокат Кириллов тұрған үйдің кіреберісіне қалдырылған.