Мәскеуде генерал қаза тапқан жерге жақын маңда ДПС көлігі жарылды: үш адам көз жұмды
Мәскеу қаласында жол-патрульдік қызметке (ДПС) тиесілі қызметтік көлік жарылып, үш адам қаза тапты, олардың екеуі – полиция қызметкерлері.
Қайғылы оқиға әскери генералдың қаза тапқан орнына шамамен 300 метр қашықтықта болған.
Ресейдің Следственный комитет России мәліметінше, түнде екі ДПС қызметкері полиция көлігі маңында күдікті адамды байқап, оны ұстауға жақындаған сәтте жарылғыш құрылғы іске қосылған. Жарылыстан екі полицей мен сол маңда болған үшінші адам алған жарақаттарынан көз жұмған.
«Агентство» басылымының дерегінше, оқиға Орехово-Борисово ауданындағы Елецкая көшесінде, полиция бөлімшесіне жақын жерде тіркелген. Ал Baza және Mash Telegram-арналары үшінші қаза тапқан адамның жарылғышты іске қосқан адам болуы мүмкін екенін хабарлайды. Тағы бір «112» арнасы жарылысты жасаған ер адам алаяқтардың нұсқауымен әрекет еткенін жазады: белгісіздер оның «Госуслуги» аккаунты бұзылды деп қорқытып, полиция көлігінің астына жарылғыш қоюға көндірген болуы ықтимал.
Генералдар өлімі: бірізді шабуылдар тізбегі ме?
Еске салайық, 22 желтоқсанда Мәскеуде Ресей Қарулы күштері Бас штабының жедел даярлық басқармасының басшысы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров қаза тапқан еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, оның автокөлігінің астына қолдан жасалған жарылғыш құрылғы орнатылған. Сарваров Осетин-ингуш қақтығысына, Шешенстандағы соғысқа, Сирия операциясына және Украинаға қарсы соғысқа қатысқан. Алайда Украинадағы соғыста нақты қандай міндеттер атқарғаны ашық дереккөздерде көрсетілмеген.
DW мәліметінше, Сарваров «Батыс-2021» ауқымды әскери оқу-жаттығуларының ұйымдастырушыларының бірі болған. Сол жаттығулардан кейін Ресей әскерлері батыс шекараларына шоғырлана бастаған.
Бұған дейін де ұқсас оқиғалар тіркелген: 2025 жылдың сәуірінде Мәскеу маңындағы Балашиха қаласында жарылыс салдарынан Бас штабтың жедел басқармасы басшысының орынбасары, генерал-лейтенант Ярослав Москалик қаза тапты. Ал 2024 жылдың желтоқсанында Мәскеудің оңтүстік-шығысында генерал-лейтенант Игорь Кириллов дәл осындай жағдайда мерт болған.
Ресми Киев ресейлік генералдардың қазасына қатысы барын ашық түрде растаған жоқ. Дегенмен, украиналық БАҚ мәліметінше, Кириллов пен Москаликтің өлімі Украина жүргізген арнайы операциялардың нәтижесі болуы мүмкін.
Құзырлы органдар Мәскеудегі соңғы жарылыстың мән-жайын анықтауды жалғастырып жатыр.