Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:57

Мәскеуде қазақстандық мигрантты азаптап, соғысқа баруға мәжбүрлемек болған

1
Уральская неделя

Ресей астанасында жұмыс іздеп жүрген қазақстандық азаматтың полиция тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырап, Украинадағы соғысқа қатысуға мәжбүрленгені туралы ақпарат тарады. Оқиға Орал қаласының тұрғыны Жазылбек Әжіғалиевке қатысты. Бұл жөнінде азаматтық белсенді Маруа Ескендірова «Уральская неделя» басылымына хабарлаған.

Белсендінің айтуынша, үш баланың әкесі Жазылбек Әжіғалиев желтоқсан айының басында бауырымен бірге Мәскеуге табыс табу мақсатында барған. Ол сол жерде медицина қызметкері ретінде клиникаға орналасып, көші-қон қызметінде тіркеу рәсімінен өтуге өтініш берген.

Алайда 18 қаңтар күні оған көші-қон қызметінен хабарласып, құжаттарын алып кетуге шақырған. Келесі күні сол мекемеге барған сәтінде оны ресейлік полиция ұстап, басына қара қап кигізіп, электрошокер қолданып алып кеткен.

Маруа Ескендірованың сөзінше, Әжіғалиев полиция бөлімшесінде үш күн бойы соққыға жығылып, азапталған. Осы уақыт ішінде оған бірнеше рет әскери комиссариат өкілдері келіп, Украинадағы соғысқа қатысуға келісімшартқа қол қоюды талап еткен.

«Олар оны келісімге мәжбүрлемек болды. Бірақ Жазылбек қандай жағдай болса да қол қоймайтынын айтып, Қазақстанға депортациялауды талап еткен», – дейді белсенді.

Нәтижесінде 21 қаңтарға қараған түні Жазылбек Әжіғалиев Алматыға ұшатын рейске отырғызылып, Қазақстанға депортацияланған. Сонымен қатар оған Ресей аумағына бес жыл бойы кіруге тыйым салынған.

Басылымның жазуынша, қазір оның туыстары Қазақстанның мемлекеттік органдарынан Ресей полициясының әрекетіне ресми реакция білдіруді сұрап отыр. Алайда Қазақстанның құқық қорғау органдары бұл жағдайға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Маруа Ескендірованың айтуынша, бауыры психологиялық күйзеліске түскен және арыз жазудан бас тартып отыр.

«Мен бұл мәселені әдейі жариялап отырмын. Себебі Ресейге жұмыс іздеп баратын қазақстандықтар аз емес. Олар осындай қауіп бар екенін түсінсін. Егер жазықсыз адамды осылай азаптаса, ертең басқаларға да солай жасамасына кім кепіл?» – деді ол 23 қаңтарда Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Айта кетейік, соңғы уақытта Ресейге барған Орталық Азия елдерінің азаматтары соғысқа баруға мәжбүрлеу, қысым көрсету және қорқыту фактілеріне жиі шағымдануда. Сарапшылардың айтуынша, Ресей билігі тілдік кедергінің төмендігі мен мигранттардың көптігін ескере отырып, посткеңестік елдер азаматтарын соғысқа тартуға бейім. Ал аймақ елдерінің билігі мұндай шағымдарға жедел әрі ашық реакция таныта бермейді.

Тегтер: